Үстіміздегі жылдың, яғни 2019 жылдың 23 сәуірінде ұлы драматург Уильям Шекспирдің туғанына 455 жыл толды. Содан бері «Шекспир мәселесі» бойынша мыңдаған кітап жарық көріпті. «Өртке тиген дауылдай» (Қасым Аманжолов) Шекспир жайлы даулы кітаптардың қаулап шығып жатқанына қарамай, 48 жасында туған қаласы Стратфордқа Лондоннан қайтып келіп, үш жылдан соң дәл өзі туған күні мәңгілікке көз жұмған Шекспир, өзі жайлы дүниенің дүрлігіп жатқанымен ісі де жоқ, әлем сахналары мен экрандарынан шығармалары уақыт сайын жаңғырып, жаңарып, әлем көрермендеріне толассыз жол тартуда. Бүгінгі таңда ол әлемдегі ең көп экрандалған, ең көп сахналанған драматург, сонеттері болса оқырмандар назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әлем кинематографтары болса бір ғана «Гамлеттің» сюжеті бойынша жүзден (!) артық фильм түсіріпті. Режиссер Франко Дзеффирелли түсірген «Ромео мен Джульетта» фильмі (1968) екі рет «Оскар», үш рет «Алтын глобус» сыйлығына ие болды. «Король Лир» мен «Макбет» те сахна мен экрандық шығармаларға арналған жүздеген жүлделердің иегері атанды.
Сонымен Шекспир төңірегіндегі дау неден басталды? Осы мәселеге біраз шолу жасап көрейік.
Уильям Шекспирдің өмірі мен шығармашылығы жайлы 400 жылдан астам уақыт бойы қанша кітап жазылғаны жайлы нақты ешкім айта алмайды.
«Шекспир» деген фамилияның өзі сан құбылып жазылып жүр: Сакспеер, Шакоспер, Шафтспер, Шакстаф, Часпер, Шаспир...
Шекспир шығармашылығы мен өмірін арнайы әңгіме етіп отырғанымның өзіндік себебі бар. Ол – әлем әдебиетінің ең жарық жұлдыздары – Гете мен Толстойдың Шекспир шығармалары туралы бір-біріне керағар екі түрлі пікірі. Бірі Шекспирді ұлы ақын, ұлы драматург деп табынса (Гете), екіншісі – орыс ойшылы Лев Толстой оны мойындамайды.
«Нет никаких оснований восхваления Шекспира, кроме внушения».
«50 жылдан бері Шекспирді оқып келе жатырмын. Міне, жасым 75-ке келген шағымда да оның бүкіл шығармаларын, сонеттерін қайта оқып шықтым. Өзімді тағы бір сынағым келді. Бірақ қанша тырыссам да бұрынғы пікірімді өзгерте алмадым, – деп қорытындылайды өз топшылауын ұлы суреткер Лев Толстой. – Керісінше, оған таңылған «ұлы», «данышпан», «кемеңгер» деген теңеулердің жалған екендігіне, осы ойды өзгелерге тықпалап сендіріп келген жалған мадақтаушылар, бүгінгі жазушылар мен оқырмандарды теріс пікірге түсіріп, оның шығармаларында атымен жоқ ұлылықты тықпалау – барлық шындықты бүркемелеп, өтірікке құрылған жексұрын мадақ», деп шорт кесті ұлы жазушы. «Произведения Шекспира не отвечают требованиям всякого искусства, и, кроме того, направление их самое неизменное, безнравственное. Что же значит та великая слава, которой вот уже более ста лет пользуются эти произведения?»
Лев Толстойдың қатал сынынан веймарлық Гете де тыс қалмаған. «Я Гете читаю всего, из них два-три тома ничего, остальное все – вздор».
Лев Толстойдың бұл секілді үзілді-кесілді пікірі ағылшын драматургінің әлем сахнасын, соның ішінде орыс сахнасын бірте-бірте жаулап алу процесіне кедергі бола алмады. Кедергі бола алмау былай тұрсын, Ресейдің басқа қалаларында емес, Толстой шығармалары қойылып жатқан театр сахнасынан Шекспир пьесалары да көрсетіліп жатты. «Борсықтың жек көретін шөбі інінің аузына шығады» дегендей, өзі қойылып жатқан сахнада Шекспир трагедияларының қасақана бірінен соң бірі ойналып жатқаны Толстойдың ашу-ызасын онан сайын өршітіп, осындай қатал пікір айтуға мәжбүр еткен болса керек.
Әлемдік әдебиетте үш даулы мәселе бар: Гомер, Шекспир, Шолохов. Шолохов жайлы дау ұзақ жылдар бойы қауға тиген өрттей лапылдап тұрды да, бірте-бірте бәсеңсіп, ақыр аяғы әйгілі «Тынық Донның» қолжазба нұсқасы табылып (?), оның авторлық құқығы туралы дауға біржолата нүкте қойылды. Соған қарамастан антишолоховшылар ол шешіммен келіспей, ауық-ауық қарсы дау айтып қалып жүр. Ол даудың негізі – қанша данышпан болып туса да, күрделі заманның дәуірлік шындығын жоғары білімі жоқ, қарапайым жігіт небары 24 жасында осыншама ауқымды шығарманы жазып шығуы әсте мүмкін еместігін алға тартумен келеді.
Қалай болғанда да, Шолохов мәселесі жазушының пайдасына шешілуімен тынды.
Гомер мәселесі сол күйінше әлі тұр. Оның анық-қанығын ажыратып беретін ешқандай дәлел жоқ. Атақты «Илиада» мен «Одиссейді» ерте заманғы грек ақынының жазғанына шүбә келтірушілер баршылық, тіпті, кейбір зерттеушілер ондай ақынның өмірде болғанына да сенімсіздікпен қарайды. Олар «Илиада» поэмасын Троя соғысы кезінде мысырлық ақын әйел Фантасия жазды деген пікірді ұсынады.
Бұлар қаншама шешімін таптық дегенмен бәрібір бастарынан күдік бұлты біржола сейіліп кете қоймайтын мәселелер. Бұл даулардың ішінде «Шекспир» мәселесі ауқымдылығы жағынан ерекше орын алады. Әлемдік әдебиеттануда бұл мәселе бойынша шыққан кітаптардың өзі бір төбе.
Шекспирдің туған қаласы Стратфордқа байланысты ол өлген соң «антистратфордиандықтар» деген қуатты бір қозғалыс дүниеге келді. Бұл қозғалысты жақтаушылардың пікірінше, провинциялық актер «Гамлет», «Ромео мен Джулетта», «Король Лир», «Макбет» сияқты ұлы шығармаларды жаза алмайды. 1848 жылы нью-иорктік заңгер Джозеф Харт «Стратфордтықтар» жайлы үлкен дауды бастап жіберді. Оның айтуынша, «кедей отбасынан шыққан сауатсыз бала надандық пен дөрекілік рухында тәрбиеленеді. Ержеткенде браконьерлікпен айналысқан адамның миынан ақылды пьесалардың тууы мүмкін емес». Дж. Харттың кітабынан соң әртүрлі елдердегі «антистратфортдықтар» нағыз Шекспирді табу үшін лап қойып, дәлелдер іздей бастады. Ешқандай университетті бітірмеген, қарапайым қолғап тоқушының баласы, оның үстіне ешқашан Еуропада болып көрмеген, Италияда болмаған, Дат еліне аяқ баспаған адам қалай ол елдің тіршілік-тынысын, салт-дәстүрін біле алады? Герцогтар мен корольдер өмірін жазу үшін драматург сарай интригаларымен таныс болуы керек емес пе? Қолғап тоқушының браконьер баласы ондай өмірдің маңынан да жүрген емес. Оның үстіне, оның бір де бір қолжазбасы жоқ (естеріңізге сала кетейік, ол кездегі драматургтердің көбісінің қолжазбасы сақталмаған).
Бүгінгі таңда «Гамлеттің», «Король Лирдің», «Макбеттің» және басқалардың авторлығына сексеннен астам драматург таласуда. Әрине, Шекспир заманында қайтыс болып кеткен адамдар таласып жүрген жоқ, «нағыз Шекспирді» іздеушілердің пікірлері таласуда.
Шекспир трагедиялары мен комедияларына таластың ең басында Шекспирдің замандасы, аса көрнекті саясаткер, философ, жазушы, ғалым, иаковиандық Англияның ең ұлы данышпандарының бірі – Фрэнсис Бэкон тұр.
ХІХ ғасырдың ортасында америкалық ағартушы-ұстаз Делия Бэконның (ағылшындық Бэконмен фамилиялас) «Шекспир пьесаларындағы философияның әшкереленуі» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап Шекспирге таласушылардың арасында логикалық дәлелдері мен тұжырымдары арқылы барып тұрған сенсация болды. Мұғалім әйелдің айтуы бойынша, Шекспирге телініп жүрген ұлы шығармалардың авторы сөз жоқ – Фрэнсис Бэкон. Корольдер мен герцогтар өмірін тек сол ғана жаза алады, провинциялық актер емес. Осыдан келіп үлкен сұрақ туады. Егер Шекспирдің қаламынан туды деп жүрген ұлы шығармалардың шын авторы Ф.Бэкон болса, неге ол өз атын қоймайды? Делия Бэкон бұл сұраққа да өзінше жауап береді. Фрэнсис Бэкон – королева Елизавета Біріншінің некеден тумаған құпия баласы. Сондықтан да ол шығармаларына өз фамилиясын қоймай, театрға ұсына берген. «Король қызметшісі» («Слуга короля») деген театр компаниясы кезекті пьесаларды қолға алған соң, өздерінше сахналық өзгерістер енгізіп (кейбір сыншылардың айтуынша «дөрекілендіріп»), Уильям Шекспирдің атымен қоя берген. Пьесаларында мемлекеттің саяси-моральдық жүйелеріне өткір сын айтылатын болған соң да Ф.Бэконға өз атын жасырын ұстау тиімді болса керек.
Өз ойын дәлелдеу үшін Делия Бэкон философ Бэконның хаттарындағы құпия шифрларда пьесалардың шынайы авторы кім екені көрсетілген деген версиясын ұсынды. Ол үшін Шекспир моласын ашып, инструкция бойынша зерттеу жүргізілуі керек. Осы ойын дәлелдеу үшін америкалық әйел Англияға бірнеше күн кемемен жүзіп келіп, бірден Стратфордтағы Шекспирдің қабірін қазуға кіріспек болды. Тіпті, қабірді қазу үшін күрек-саймандарын да сайлап үлгеріпті. Бірақ ол бұл ойын жүзеге асыра алмады: қабірді қазып, әруақты мазалауға шіркеу де, саяси билік те рұқсат етпеді. Алған бетінен қайтпайтын зерттеуші әйел тым болмаса Ф.Бэконның моласын қазуға рұқсат сұрады: барлық шындықты моладағы құпия хаттардан табамыз деді.
Билік бұған да рұқсат етпеді.
Өз ойын жүзеге асыра алмаған әйел аласұрып жүріп ақылынан адасып тынды.
Бірақ ол дүниеге «Бэкониандықтар» деген қозғалысты қалыптастырып кетті. Олардың ойынша, әлемді жаулап алған ұлы шығармалардың шынайы авторы – сөз жоқ Фрэнсис Бэкон. Бір қызығы – «Бэкониандықтар» қозғалысына басқа да ұлы тұлғалардың белсенді атсалысқанына таңғалмасқа лаж жоқ. Солардың алдыңғы қатарында ұлы жазушы-юморист Марк Твен мен ұлы философ Зигмунд Фрейд тұр. Марк Твен болса «Умер ли Шекспир?» деген кітабын жариялады, ал З.Фрейд Гамлеттің бүкіл болмысынан шалалықты, мылжың сөзге құрылған жасандылықты сынға алады. Ал Шекспир драматургиясы мен сюжеттерін жойқын сынға алған Л.Толстойдың пікірін жоғарыда келтірдік. Л.Толстой да, М.Твен де, З.Фрейд те Шекспир деген драматургтің болған-болмағанына күдік келтіруден бұрын оның шығармаларындағы дөрекілік пен жалғандықты, қасапханадағыдай жабайы қантөгісті, бұзақы махаббатты ашықтан-ашық насихаттағанымен келісе алмайды.
«Бэкониандық» қозғалыстың қажымас «әшкерелеушілері» әйгілі пьесалардың шынайы авторын табу жолындағы ізденістері әлі күнге дейін әлемді алаңдатумен келеді. Олар әр түрлі шифрларды атап, адрестерін көрсетіп, сол бойынша қанша зерттеу жүргізгенмен бәрі де нәтижесіз аяқталуда. Құпия хаттар сақталған-мыс деген лақап бойынша Уай өзенінің көрсетілген ұлтаны қазылды – ештеңе жоқ, Кэнонбери мұнарасы тінтілді – түк те табылмады, бір құпияның беті ашылып қалар деген үмітпен Шекспирдің замандасы, ақын Эдмунде Спенсердің моласын да ашып көрді – онан да ештеңе табылмады. «Шекспир шығармаларының негізгі оқиғалары сарайда, кейіпкерлері – корольдер, герцогтар, принцтер, ал жай ғана «қолғапшының» баласы өзі білмеген, көрмеген өмірді жазуы мүмкін емес, ондай шығармаларды тек ақсүйек тұқымынан шыққан адам ғана жаза алады» деген пікір әлем жұртшылығын елең еткізгенмен, аз уақыт өткен соң дәлелді боп көрінген бұл тұжырым да ұмытылып, ағылшын жұрты саналарына өшпестей еніп алған «баяғы Шекспирлеріне» қайта оралумен болды. Санаға берік орнаған Шекспирді шығарып тастау үшін «Стратфордтықтар» мен «Бэкониандықтар» «әшкерелеу» мақсаттарын қайта жалғастыра берді. Енді олар «Король Лир» мен «Макбетті» жазған ағылшынның 17-графы Эдуард де Вер Оксфорд дегенді алға тартты. Бұл пікірге қарсы дау айтушылар болса: «Екі пьесаның екеуі де Оксфорд өлген соң жарыққа шықты, сондықтан мұндай долбар шындыққа жанаспайды» деп еді, әшкерелеушілер бұған да оп-оңай дәлел айтып шыға келді. «Оксфорд өз шедеврлерін толық аяқтай алмағандықтан, графтың достары бітіріп, театрға ұсынған» деп оларға тойтарыс берді. Ақыр соңында Шекспирді жақтаушылар мен жоққа шығарушылардың өзі екі лагерьге бөлініп, олардың арасы Монтекки мен Капулетти арасындағыдай бір-бірімен жауласуға шейін жетті. Бірақ абырой болғанда бұл жауласу қантөгіссіз, сөз жүзінде өтті, ары кеткенде сотқа жүгінумен аяқталды.
«Стратфордтықтар» мен «Бэкониандықтар» бәрібір әшкерелеу ниеттерінен қайтпады. ХХ ғасырдың басында олар спиритизмге де жүгінді. Сол жүгінудің нәтижесінде дүниеге жаңа келген кітаптың авторы түн ішінде Бэконның рухымен тілдескенін, тілдесу кезінде Бэконның өзі ешқандай пьеса жазбағанын, ал Шекспирдің рухы сонеттерді граф Оксфордтың жазғанын мойындады деп сәуегейлік айтты.
Шекспирдің орнына таласушы-лардың саны бұл күнде, жоғарыда айтқанымыздай, 80-нен асып, жүзге жуықтады. Олардың ішінде кім жоқ дейсіз: 5-граф Ратленс, 6-граф Дерби, Шотландияның королевасы Мария Стюарт, королева Елизавета Бірінші, тіпті, Уильямның өзінің жұбайы да бар.
«Бэкониандықтар» мен «Стратфордтықтардың» ендігі үлкен үміті – ерте ме, кеш пе, Шекспир мен Бэконның молаларын ашып, ондағы құпия шифрлар мен хаттарды табу. Авторлық әділдікті анықтау жолында олардың бұл әрекеттеріне ала көзбен ата қараудың да жөні жоқ шығар. Өйткені олар әділдіктің жеңісі үшін күресуде ғой. Алайда, ағылшын билігі, тіпті, жалпы халықтың өзі ол молаларды қазып, Шекспирді Бэконмен ауыстыра салуға тәуекел ете қояр ма екен? Тіпті, сол ұлы шығармалардың авторы Шекспир емес, Бэкон екені дәлелденген күннің өзінде сол шығармаларға деген әлемдік көзқарастың өзіне де селкем түсіп қалуы мүмкін ғой. Ғасырлар бойы санамызда қалыптасып, ұлылықтың символына айналған «Шекспир» деген есімді басқа біреумен ауыстыра салуға біздің психикамыз көне қояр ма екен? Әй, қайдам!
Жарайды, бұл дау өзінше дау боп қала тұрсын. Шекспирдің авторлығын қорғаушылар не дейді?
Енді соған тоқталып өтейік.
Шекспирлер өмірін зерттеушілердің айтулары бойынша Уйльямның әкесі Джон Шекспир дәулетті адам болған көрінеді. Ол өзі өмір сүрген ортада өте беделді адам болыпты. Тіпті, бір кездері қалалық кеңестің төрағасы секілді лауазымды қызмет те атқарыпты. Анасы Мэри Арден болса тегі жағынан англо-саксондық аристократтар династиясынан шыққан ақсүйек екен. Демек, жұрт менсінбегендей біздің Шекспиріміз оңай отбасынан емес екен. Қалалық кеңес төрағасының баласы 7 жастан 14 жасқа дейін Эиванның грамматикалық мектебінде оқымауы мүмкін емес. Бұл мектепте сабақ таңертеңнен кешке дейін жүргізіліп, латын тілінен, классикалық шығармаларды түпнұсқада оқудан, адамдармен қарым-қатынастың мәдениеті жайлы нақты дәріс оқылады екен.
Ресей Ғылым академиясының шекспиртану комиссиясының ғылыми хатшысы, философия ғылымының докторы Николай Захаров Шекспирдің өмірі мен шығармашылығына арналған нақты деректерге сүйене отырып, төмендегідей қорытындыға келеді. «Шекспир заманында өмір сүрген бір де бір өнер қайраткері оның шығармашылығына күдік келтірген емес. Оның көзі тірісінде-ақ 16 драмалық шығармасы «Шекспир» деген фамилиямен жарық көрген. Лондонның белгілі баспагері Ричард Фил оның екі поэмасын жеке кітап етіп шығарған. 1609 жылы шыққан сонеттерінің титулдық бетіне оның «Шекспир» деген фамилиясы ғана көрсетілген. Осыған қарап, сол кездің өзінде-ақ ол «Уильям» деген аты көрсетілмесе де әйгілі болған ақын екенін дәлелдейді. Оның авторлығы жөнінде ең құнды пікірді сол кездегі аты шулы драматургтердің бірі Бен Джонсон былай деп жазыпты: «Шекспир стал самым сладкоголосым лебедем Эивана, поэтом на все времена, удивительным человеком, который переживали славу всех современников».
Оның пікірі айна-қатесіз дәл келді.
2018 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлемнің жады» («Память мира») деп аталатын бағдарламасының халықаралық реестріне Шекспирдің өмірі мен шығармашылығы жайлы тағы да 90-ға жуық жаңа құжаттар келіп түсті. Бұл құжаттар Шекспирдің өмір сүргенін, пьесалары мен сонеттерінің шынайы авторы өзі екенін тағы да дәлелдей түсті де, әртүрлі алып-қашты әңгімелер мен қауесеттердің қазанына мықтап қақпақ қойғандай болды. Ал Англиядағы «Геральдикалық палата» болса, Шекспирдің дворяндық титулын қайта бекітіп, оған «найзалы күміс қыран» гербін беруге шешім қабылдады.
Шекспир төңірегіндегі дау-дамайға осылайша нүкте қойылды.
Ал «Стратфордтықтар» мен «Бэкониандықтардың» ендігі арманы мен бар үміті – Шекспир мен Бэконның қабірін қазу. «Онда не болар екен?» деген пендешілік сұрақ та жұрт көңілінен кетер емес.
Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты