• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Қазан, 2019

«Астана» қақпасына жауапсыз алты доп соқты

199 рет
көрсетілді

Өткен аптада футболдан Еуропа лигасының 3-тур ойындары өтті. «L» тобында сынға түсіп жатқан елорданың «Астана» командасы Нидерландқа қонаққа барып, жергілікті «АЗ Алкмар» командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды.

Бұл жолы команда Нидерландқа жарақатына байланысты негізгі құрамдағы бірнеше футболшыны апарған жоқ. Атап айтар болсақ, «Астананың» «моторы» саналатын хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов, қазақстандық команданы алға сүйрейді деп сенген конголық шабуылшы Фирмин Мубеле, исландиялық жартылай қорғаушы Рунар Сигурьонссон және черногориялық қорғаушы Жарко Томашевич.

Нидерландтың Гаага қаласындағы «Карс Джинс» стадионында өткен ойында бас бапкер Роман Григорчук жасыл алаңға бірінші минуттан бас­тап футбол ойнамағанына бір апта былай тұрсын, бірнеше айдың жүзі болған футболшыларға сенім артты. Жұмсақтап айтқанда, алаңға екінші құрам ойыншыларын шығарды. Бұл кездесуде ел чемпионатындағы 30 турда алаңға небәрі 5 рет шыққан шабуылшы Дидар Жалмұқан Еуродода ойындарында алғашқы кездесуін өткізді. Бес ойында 164 минут ойнаған Жалмұқан АЗ командасына қарсы толық бір матч өткізді. Ойын тәжірибесі жоқ футболшы халықаралық деңгейдегі Еуропа лигасында қалай жасындай жарқылдамақ? Ал Еуродода ойындарында соңғы рет шілде айында шығып, онда да 9 минут ойнаған, ел чемпионатындағы соңғы ойынын 19 қыркүйекте өткізген Серікжан Мұжықовтан кім қандай шедевр күтті? Сонымен қатар бір ойын ойнап, екі матч демалатын шабуылшы Юрий Перцух пен қорғаушы Абзал Бейсебеков, 100 мүмкіндіктің тек біреуінде ғана гол соғатын шабуылшы Рангело Янга «Астананы» қалайша өрге сүйресін? Осындай құраммен алаңға шыққан футболшылардың жеңілетіні анық еді. Сондықтан бұл жеңіліске аса қатты таң­ғалудың реті жоқ сияқты.

Бірінші таймның өзінде «Астана» мәжбүрлі түрде екі ойыншысын алмастырғаны да ойынға кері әсерін тигізбей қоймады. Матч бастала салысымен ойын тізгінін өз қолдарына алған алаң иелерінің бірқатар қауіпті шабуылын бірде қорғаушылар, бірде қырағы қақпашы Эрич қайтарып жатты. Кездесудің 26-минутында Эрич жарақат алып, орнына Александр Мокин шыққаннан кейін онсыз да ойыны жүрмей жатқан жерлестеріміз одан бетер тығырыққа тірелді. Ұрымтал сәтті мүлт жібермейтін «АЗ Алкмар» командасының футболшылары 39-минутта пенальтиден гол соғып кетті. 11 метрлік айып добын 21 жастағы Тён Копмейнерс сәтті орындады. Арада 4 минут өткенде 18 жастағы Майрон Боаду қақпамызға екінші голын соғып кетті.

Екінші таймда бас бапкерден ақыл-кеңес тыңдаған біздің жігіттер ойында бетбұрыс жасайтын шығар деп үміттенген едік. Бірақ «Астана» ойыншылары біз күткеннен де нашар ойын көрсетті. Матчтың 77-минутынан бастап алаң иелері тарапынан голдардың тиегі ағытылды. АЗ футболшылары айналдырған 15 минуттың ішінде қақпамызға төрт гол соқты. Тен Копмейнерс екінші рет пенальтиден гол соқса, 20 жастағы Кэлвин Стенгс, 19 жастағы жапониялық Юкинари Сугавара және 23 жастағы Уссама Идрисси бір-бір голдың авторы атанды. Гол соққан ойыншылардың есімінің алдына жас мөлшерін бекерге жазған жоқпыз. «Астана» қақпасына қай жастағы футболшылардың гол соққанын біле отырыңыздар.

Сөз соңында мынадай қызықты деректі бөлісе кеткен жөн шығар. 2017 жылы «Селтикке» қарсы өткен матчта «Астана» қақпасын қорғаған Александр Мокин сол ойында қақпасына 5 гол жіберіп алғаннан кейін кеше 2 жылдық үзілістен соң Еурокубок ойындарына алаңға алғаш рет шыққан еді. Қырсық бір айналдырғанда шыр айналдырады дегендей, бұл жолғы матчта Мокин қақпасына 6 гол өткізіп, антирекорд орнатты.