«Рухани жаңғыру» бағдарламы аясында 31 қазан күні Нұр-Сұлтанда «Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық іс-шарасы өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 31 қазан күні сағат 16:00-де Оқушылар сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алаш қайраткерлері, ұлт ағартушылары Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин Болғанбай, Асылбек Сейіт, Телжан Шонанұлының 125 жылдығына арналған «Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық іс-шарасын өткізеді.
Шараның мақсаты ұлт мұраты жолында өлшеусіз еңбек еткен Алаш ардақтылары hәм тарихи ірі тұлғалардың есімін, еңбегін ұлықтау, сол арқылы жас ұрпақты ұлтын, тілін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу, таным көкжиегін кеңейту. Ұлылардың қайраткерлігін, мұраларын көпшілік қауымға насихаттау. Елорда жастарының білімін шыңдау әрі рухани қуатын арттыру.
Тарихи-танымдық іс-шара барысында Алаштың аяулы азаматтары туралы бейнесюжеттер көрсетіледі, ұлт тұлғаларын, тарихи жолын зерттеуші ғалымдар ой-пікірлерін ортаға салады, театрландырылған бағдарлама ұсынылады. Сондай-ақ қайраткерлердің ұрпақтары, туысқандары аталған шараға арнайы шақырылған.