• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қазан, 2019

Елордалық құтқарушылар төрт ересек пен баланы құтқарды

196 рет
көрсетілді

Бүгін Нұр-Сұлтандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт болды. Оқиға орнына келген құтқарушылар бес адамды құтқарды, оның біреуі бала. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық ТЖД хабарлайынша, 28 қазанда 13 сағат 13 минутта «101» пультіне Абылай хан көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келіп жеткенде, 6 минуттан кейін аумағы 10 шаршы метрді қамтыған он қабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтердің қонақ бөлмесінде жиһаздардың жануы орын алған.

Кіреберіс қатты түтіндеді, соның салдарынан адамдардың өміріне қауіп төнді. Адамдарды эвакуациялау және барлау үшін газ түтіннен қорғау қызметінің буыны ұйымдастырылды. 10-ӨСБ өрт сөндірушілерінің жедел әрекет етуі мен үйлесімді іс-қимылдары, сондай-ақ өрт болған орында сапалы барлау жұмысын жүргізу мен шешуші бағытты дұрыс анықтай білуі арқасында 5 адам құтқарылды, оның 1-і бала.

Өрт 13 сағат 31 минутта ауыздықталып, өрттің ары қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды.

Өртті сөндіру барысында улы газдан жеңіл уланған әйел адам ауруханаға одан әрі тексеру үшін жеткізілді.