Елордадағы «Думан» ойын-сауық орталығында ғасырға жуық тарихы бар «ҚазАқпарат» ХАА ұйымдастыруымен боулингтен мемлекеттік БАҚ өкілдері арасында турнир өтті.
Журналистер арасындағы додаға «Казправда», «Қазконтент», жарысты ұйымдастырушы «Қазақпарат» және биыл ғасыр жасын тойлап жатқан «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкерлері қатысып, жарыстың көрігін қыздырды. Спорттық шараның ашылу салтанатында «Қазақпарат» ХАА Бас директоры Асқар Құмыран жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – ақпарат іздеген тілші қауымын бір сәт болса да жұмыстан тыс уақытта сергіту, бір-бірімен таныстығын арттыру екенін айтты.
Тас шармен боулинг кеглдерін құлатқан бәсекеде БАҚ өкілдері өздерінің тек жазуға ғана емес, спорттық ойындарда да мықтылығы мен ептілігін көрсетті. Тартысқа толы өткен жарыста «Egemen Qazaqstan» газетінің журналистер командасы ең көп ұпай жинап, турнирде топ жарды. Екінші орынды «Қазконтент» құрамасы иеленсе, үздік үштікті «Казправдадағы» әріптестеріміз түйіндеді.
Сондай-ақ аталған турнирде «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар ең үздік страйкер атанды. Әріптестерімізді жүлделерімен құттықтаймыз!