• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2019

Ерен еңбегіне ел риза

272 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына тәуелсіздіктің құрдасы Рауан Есенқаннан хат келіп түсті, деп хабарлады Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі. 

Шар қаласының тұрғыны өз хатында Ел­басының тәуелсіздікті нығайту жо­лында жүргізген саясатын қолдай­тындығын айтып, елдің ынтымағын бұзуға бағытталған күштердің көбейіп жатқанына алаң­даушылық білдірген.

«Соңғы кездері ел ішіне іріткі салушылар көбейіп кетті. Ол бізді қатты уайым­датады. Халықтың шырқын бұзып, қайрап, үгіттеп, қылмысқа итермелеп жүр. Аңқаулық танытып кейбір қа­уесеттерге еріп кететіндер бар. Бір сөзіңізде: «Қазаққа жаны ашитын екі адам болса, оның бірі мен шығар­мын», деген едіңіз. Сол есімде қалып қо­йыпты», – деп жазады Шар қаласының тұрғыны.

Р.Есенқан хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан жария түрде бас тартуының тарихи маңы­зына тоқталады. Сонымен қатар Қазақ­станның Тұңғыш Президентінің елдің бірлігін арттырып, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне алғысын білдіріпті. Ал елорданың Сарыарқа төріне қоныс аударуы ел ынтымағын одан әрі бекемдей түскенін айтады.

«Қазақстандағыдай өмір әлемнің қанша халқына арман шығар. Бір жерлерде ұлтшылдардан қысым көрсе, бір жерлерде халық ішерге су, жеуге нан таба алмай жүр. Енді бірталай ел күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, үстінен бомбыланып жатыр. Олардың қасында біздің елдің жағдайы жақсы.

Латын әліпбиіне ауысамыз де­генді естігенде қатты қуандым. Бұл – тәуелсіздіктің нүктесі. Рухани жаң­ғыру деген осы. Кейбіреулер барлығы бір күнде бола қалса дейді, күтуге шы­дамы жетпейді. Бірақ мұндай үлкен шаруа аз уақытта істелмейді, рет-ретімен бой түзеп келе жатырмыз», – деп жазады тәуелсіздіктің құрдасы.

Сондай-ақ Р.Есенқан Қазақстанды әлемге танытуда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызды рөл атқарғандығын атап өткен.

«ЭКСПО-ға келетін болсақ, біз – жас мемлекетпіз. Өзімізді сақтап қалу қамымен әлем назарын аударту, бар екенімізді көрсету. Неғұрлым көп ел танып, мойындайтын болса, көмекшілеріміз де, қолдаушыларымыз да көбеймек. «Ақырын жүріп, анық бас» деп Абай  атамыз айтқандай, ұстанған жолыңызды қолдаймыз», – деп жазады Шар қаласының тұрғыны.

Сөз соңында ол Елбасына амандық, деніне саулық тілеген.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев хат авторына жылы лебіздері үшін ризашылығын білдірді.