• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қазан, 2019

Ән мен әдебиет

790 рет
көрсетілді

Әдебиетке әр қаламгер өзінше келеді. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев әдебиетке ән арқылы келген азамат.

1969 жылдың шілдесі еді. Сол жылғы шілденің ыстығы әлі есте. Әлде ол мектепті жаңа бітіріп, арман жетегінде туған жерден ұзап бара жатқан шәкірт жанының қуаныш пен күдік араласқан кө­ңілінің қызуы ма екен? Батыс­тан Шығысқа, Шығыстан Батысқа тарт­қан ұлан жолдың бойындағы тынымсыз қозғалыс – өмір ағы­сы мені де албырт арманмен тер­бетіп, Батыстан Шығысқа алып келе жатты. Сонау қиырдан, сол кездегі Гурьев атты өңірдің Ақ­киіз­тоғай деген шалғайдағы ауылынан он бала – кластастар Алматыға жол тартып келеміз. Тақылдаған тақтай төсекте, жиі тоқтап, шабан жүретін жолаушылар поезының ішінде алты күн тү­неп, әрең дегенде Алатаудың қар­лы шыңына көз қададық. Алаң көңіл абитуриент деген атауға әлі үйренбеген біздерді Алматы жаңбырлатып қарсы алды. Сол түні Алматының тау жағындағы жаңа шағын ауданның шетінде, аядай гүлзардың орындықтарында жаурап, жақаурап түнеп шықтық. Үш күннен соң ҚазГУ-дің филология факультетіне құжат тапсырдым.

«Алаң да алаң, алаң жұрт» деп ба­баларымыз жырлағандай, алаң көңілмен емтихандарға кі­ріс­тік. Сәті түсіп, сүрінбей ке­ле жаттым. Сол күндерде қа­лың та­лап­керлердің арасынан біз­ден сәл ересектеу, сәл шаруагер­леу көрінетін, шашын артқа қайы­рып, күреңқызыл портфель ұс­таған, абыржыңқы жүрісі ғана абитуриенттік мінезге келетін, балаң көңілмен қарағанда ҚазГУ-дің жас оқытушысы секілді кө­рінетін бір жігітті көріп қалып жүр­дім. Ол кезде мұндай әдемі, абы­ройлы портфельді профессорлар ғана ұстайтын. Содан да болар оны көбіміз жас оқытушы деп қабыл­даппыз. Сол жас оқытушы бүгінде ақсақалдық жасына жеткен салиқалы ұстаз, сырбаз азамат, сындарлы ғалым.

Емтихандардың бәрінен, кон­курстың кәрінен өтіп, ректор­дың бұйрығы оқылатын кең ауди­то­рияға бой үйретіп, жан-жағыма қарасам, күреңқызыл портфель де орта тұстағы партаның үстінде жа­тыр екен. Оқытушы дегенім өзі­міз секілді албырт абиту­риент болып шықты. Көп ұзамай Тал­дықорғанның Қытай жақ шетіндегі, шекара бойындағы Дұнғана деген жерге жүгері жи­науға келіп түстік. Неге екенін қай­дам, бұл жолы күреңқызыл портфельдің иесін көре алмадым. Жолдағы асулардан асып келе жатқанда, жол бойы аяқ суытқанда да көзіме түсе қоймады. Кім болды екен деп ойлап қойғаным бар.

Жүгерінің осынша ормандай болып өсетінін білмеуші едім, оның ішінде алғашқы күні адасып, шеп бойлап шығанға кет­кен біздерді шекарашылар ұс­тап алып, тінте тергеп, жол білетін комсоргымыз Анарбай Бұлдыбаевтың арқасында жатақ­ты зорға тапқанбыз. Егін даласынан күн бата көңілдене ән салып, Ақ­тауды айырып, Қаратауды қайы­рып келгендей болып ора­ламыз. Жү­гері тиеген жүк ма­шинасының үстінде торғайдың балапанындай шүпірлеп жатып, сол кезде енді жұртшылыққа кең жайы­ла бастаған «Алтыным» деген ән­ді аңыратып келе жатамыз. Ма­шинадан түскесін барып қар­нымыздың ашқанын біліп, Назы­кеқызы Бақыт курстасымыз дайын­дап қойған кешкі асқа жиналып, қаз-қатар отыра қалып, әзіл-қалжыңды қоздата отырып, тамаққа бас қоямыз. Шамасы, екі-үш күннен кейін болса керек, кешке келсек ымырттағы оттың жарығында жүзі жалқындана кө­рініп, бір жігіт домбырамен сы­зылтып ән салып отыр екен. Тың­дай қалдық. «Біздің ауыл Кет­пеннің етегінде, ерте тұрсам ауылыма жетемін бе?» деп өзеу­рете келіп, қайырмасында «Сары­бидай, сағындым қалқам, дауы­сыңды-ай» деп үзілдіреді. Бұрын естілмеген ән. Сарыбидай деген қыздың аты болды-ау шамасы деп ойлап қоямын. Ерке қызға еркелете қойылған есім болар. Өйткені «Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай» деген де ән бар. Ақбидай деген ән және бар. Жас жүрекке жақсы ән балқып кіргендей болды. Халқымыз қалқаның атын әнге қосқанда талай тамаша есім­дерді тапқан ғой, ал бидайға қа­тысты аттардың бәрі үлбіреген са­ғы­ныш, үпілмәлік үмітке келіп ті­релгенде, тыңдаушының да жү­регіне ұя салып, таңдайына тати кетеді. Сондай ән енді мына жерде шырқалып жатыр. Ымыртты жамылып, ынтыға жеттік.

Жинала қалдық. Тани кеттім, бая­ғы күреңқызыл портфельдің иесі. Сұрап келіп қалсақ, есімі Құ­ныпия, фамилиясы Алпысбаев екен. Бірге оқитын болыппыз. Ол бұл жерде шаруашылық жұ­мыс­тармен айналысатын болыпты. Қыздарға көмектесіп, су әкеліп, отын жарып, қолы бо­са­ғанда домбырасының құлақ кү­йін келтіріп, күнде кеште болатын студенттік думанды ортаға шығып, көпшілікті әнге бөктіреді. Бізбен бірге осында келген талантты болашақ қаламгерлер, журналистер Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтовтар да етене араласып, етек-жеңіміз қосылып кет­ті. Осы алғашқы таныстық елу жыл­ға созылды. Алла нәсіп етсе, әрі қарай да созыла берсе дейміз. Жа­қында елу жылдан соң бас қосып, Алматыны әнге бөлеген қы­зықты сәтті қайыра бастан кеш­тік. Құныпияны қолқалап, сәл сырқаттанып жүргеніне қара­мастан, «Сарыбидайды» сал­дырдық. Сағынып қалыппыз са­ғы­нышты әнді, қосыла шырқап, шуақтанып қалдық. Осынау нә­зік иірімді әннің авторы әнші-ком­позитор, Құныпияның туыстас атасы Садықожа Мошанұлы еке­­­нін де кейін біліп, талайлы тағ­дырына таныс болдық. Қа­зан айында Жетісу өңірі оның 100 жылдығын атап өтті. Көне Кетпеннің бойы әнмен әрленді.

Сонымен, жүгері алқабы ән­ге бөгіп, күйге кенеліп қалды. Ер­теңгі кеште «Молдабай» деген ән кетті. Бұл ән маған бала кү­нім­нен таныс еді, әкем де айтатын. Батыста дауысы шығанға ке­тетін, әншіліктен алдына адам шыға қоймаған Молдабай деген әнші Орынбор өңірінде, Ойылдың Көкжар жәрмеңкесінде аттас әнді шырқап, халықты тік тұрғызып, талантына бас идірген екен. Ке­шегі арсыз ашаршылықта, жарық­тық аштан өліпті, сүйегі қазір Ақ­төбе облысының жерінде жатқан көрінеді дейді. Орынбор көзден бұл-­бұл ұшты, әйтуір Еділдің бойын тербеген ерекше ән аман қалды. Мұндай әнді бүгінге жет­кізген осындай азаматтар ғой. «Молдабай» мені бірден Құ­ны­пияға жақындата түсті. Осы екі әнді бас қосқан жерде, бір­ге оқыған достар кездескенде Құ­ныпия айтпай кеткен емес. Осы­лайша халық әндері, халық ком­позиторларының сыршыл шығар­малары студент Құныпия Алпысбаевты әдебиеттанудың ғылыми орбитасына алып келе жатты.

Әдебиеттің материалы – сөз өне­рі. Сөз өнерінің ғылыми майданы – әдебиеттің үш тегінің көр­кемдік-идеялық деңгейіне баға беру. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп абыз ақын жазған­дай, әдебиетке қазақ баласының таласы бар. Бірақ олардың да таң­­дамалысы, танымдысы, әде­би жүгінің қарымдысы және бар. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік уни­верситетінің филология фа­­­куль­­­тетін бітіріп, арман жолын­да жан-жаққа тарап кеткен­де, соңғы кештегі қоштасу дас­­тар­қанында «Сарыбидай» әнін соңғы рет шырқаған, қоңыр домбыра­сын құшақтап, көзінен жасы моншақтап мейрамхананың алдында жалғыз қалған Құныпия дос ол кезде әдебиеттің ғылыми орта­сына дендеп кететінін өзі де білмеген болар. Оқыған адамға дауа бар ма, жылап тұрып, «жұрт­та қалған күшіктей жалғыз қал­дым» деп Абай атасының белгілі шумағын өз ыңғайына қарай айт­қанын біздер елу жылдан соң күліп еске алдық. Өткеніңмен кү­ліп қоштасасың деген осы екен. Құ­қаң оқу бітіргесін өзіне білім бер­ген университетінде қызметке қал­ды, осындағы кәсіподақ коми­тетінің белсендісі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Бірте-бірте төселіп, ғылымға қарай өкше кө­тер­ді. Туған елдің ғажайып ән­дері жас ғалымның рухани дең­гейін көтеріп, көпке танытып, көр­кем әдебиеттің жолына салды. Кешегі нәубет жылдарда кеңестік зұл­маттан бас сауғалап, тау асып, арманда қалған алыс жерге қо­ныс аударған Құныпияның ата-ана­сы 1956 жылғы жылымық ке­зінде атакүлдікке ат байлап, оша­­ғын тұтатты. Жеті жасқа ке­ліп, білімнің ауылына аңсары ауған Құқаң туған елінің тұңғы­шындай болып мектепке барды. Ұлтымыздың талай зиялы да зер­делі, талантты да талғамды тү­лек­терін ұшырған Алматыдағы атақ­ты №12 мектепті бітірген Құ­­ныпиямен біздің жолымыз 1969 жылы осылай тоғысқан бо­ла­тын. Дұнғана даласындағы думанды күндерде ол бізге Же­тісу ән мектебінің туындыларын жеткізіп, халық әндерінің қа­сие­тін танытты. Соның ішінде өзінің өскен жері Кетпеннің аты аталатын «Сарыбидай» әні оның ән өнеріндегі паспортындай болып, көңіл парағында мөрленді.

Ауыл шаруашылығы жұмы­сынан келіп, Виноградов көшесін­дегі студенттік жатақханадан орын алғанда біздер бөлмелес бо­лып шықтық. Әнге одан әрі мел­де­дік. Кешке қарай біздің бөл­меде ән шалқып, өткен-кеткен қыз­дар есікті бұрала ашып, бұйым­тай сұрағандай болғанда, науша жігіттердің нығметі артып, әзіл-қалжың аспандап кететін. Бір күні сабақтан кейін бізге дөңгелек жүзді, жылы қабақты, баппен сөй­леп, биязы күлетін бір жігіт келді. Құныпиямен көптен таныс екен. Біраздан соң әнге кезек беріліп, әлгі жігіт домбыраның құлақ күйін асықпай, баппен келтіріп, әнге бас­ты. Сәкен серінің «Тау ішінде» атты әнін көзін жұма отырып шыр­қаған кезде біздің бөлменің өзі ат үстінде келе жатқандай тең­селіп, тау жақындап, кештің жұм­бақ тынысы жанымызды бау­рап, сұлуына асыққан Сәкенге айналып кете жаздадық. Бұл кейін қазақ даласы мен қаласын әнге бөлеген талантты әнші, тамаша азамат Жәнібек Кәрменов екен. Осылайша Құныпияның досы арқылы біз енді Арқаның ән мектебіне де шәкірт болып шыға келдік. Кейінгі жылдарда Құныпиямен бірге атақты әнші Дәнеш Рақышевтың ауылына арнайы барып, ән кейіпкері – Кетпеннің етегінде оның өз аузы­нан «Сарыбидайды» тыңдадық.

 Бір қуаныштысы, біздің асыл ұстаздарымыз ол кезде саптағы сар­баздай болып университет аудит­орияларын толтырып тұра­тын. Соның ішінде ол кездегі жарқылдап тұрған жас жігіт, кейін академик атанып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған ұстазымыз Рымғали Нұрғали аға­мыз біздің бәрімізден мықты ғалым, талантты ақын-жазушы шығады деген кәміл сенімде болатын. Рыкеңнің жетекшілігімен Құқаң 1986 жылы «Қазіргі қа­зақ поэмасының жанрлық мәсе­лелері» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықты. Қазақ поэ­зиясының поэма жанры 60-70 жыл­дарда идеялық, көркемдік, тарихи-танымдық жағынан үлкен белеске көтерілген еді. Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекқожин, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдаға­лиев, Сырбай Мәуленов, Қайне­кей Жармағамбетов, Ғафу Қайыр­беков, олардан кейінгі Мұқағали мен Жұмекен бастатқан талантты топ, одан кейінгі жас толқын поэмаларының тыныс-деңгейін жан-жақты аша көрсеткен ғылы­ми еңбегі қазақ әдебиетіндегі жанр­лық жаңғырудың бүге-шігесін дәйектеуде елеулі еңбек сіңірді. Поэманың тақырыптық танымын сараптауда, жанрлық жүгін жіктеуде, оның мазмұндық-пішіндік тұтастығын танытуда көшелі еңбек жазған ғалым одан кейінгі, 2000 жылы сәтті қорғаған: «Қазақ әдебиетіндегі тарихи шығарма: таным мен көркемдік» атты докторлық диссертациясында тарихи сана мен көркем әдебиеттің аражігіндегі байланыс пен сабақтастық туралы кеңінен сөз қозғап, ұзақ жылдардан бері Еуразия ұлттық университетінің болашақ әде­биет­шілеріне осы пәндерден дә­ріс оқып келеді. Бір кездері, аби­т­уриент шақтағы, жұқалау кел­ген күреңқызыл портфелі әрі жаңаланып, әрі салмақтырақ бола түскен. «Профессордың портфелі» деген термин білімнің қоржыны деген қазақы ұғымға да дендеп келеді. Осындай «профессорлық портфелді» ұстап, қатарласып келе жатқан ғылым докторлары, профессорлар: Балтабай Әбді­ғазы­ұлы, Анарбай Бұлдыбаев, Тұрсынбек Баймолдаев, Сейфеден Сүтжанов, Алтын Бақраденова, Сұлу­шаш Бекмырзаева, Дәме­гүл Байжігітова, Қоңыр Мұқа­таева, Ляззат Ережепова, ақын­дар Жақсылық Айжан, Зей­нол­ла Әкімжанов, Мұрат Тө­лен­диев, жазушы Жанар Әбдіше­ва, дінтанушы журналист Шәр­­ба­ну Әбдірахманова, аудар­ма­шы Бақыт Назыкеқызы, театр-­кино сыншысы Сұлтан Шомаев, мәдениеттанушы Әбді­ғали Бекішев, еліміздің оқу ісінің үздік ұстаздары Майра Төлебаева, Раукен Қасымова, Серік Сұлтанғалиев, Күлшара Әлкенова, Ақбөпе Әбжаппарова, Перуза Ешпанова, Жәудіркөз Әлімбетова, Сағадат Оңғарова, Шол­пан Есжанова, Төлеу Досма­ғам­бетова, Гүлнәр Ға­лина, Жадыра Есқалиева, Бағ­дат Нұркенова, Миуа Құрман­баева, Мария Катаева, Сәруар Махметова бірге оқыған, Құны­пия­ның «Сарыбидайына» сағы­ны­шы­мызды қосқан курстас дос­тармыз. Бұл ән Құныпия досымыз арқылы біздің курстың лири­калық әнұраны болды. Ән әдемі жылдардың әсерлі дәнекері болып қалыптасты.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, ғалым-ұстаздың қала­мынан және қалауынан ту­ған бірнеше оқулықтар, әдіс­темелік құралдар, бағыт-бағдар­лық бағ­дарламалар туған әдебиет­ке қыз­мет ететін болашақ қаламгер­лер­ мен ғалымдардың назарында болып, жас толқынның жан дүние­сіне білім сәулесін себуде. Осынау жылдарда еліміздегі ең басты екі білім ордасы – Әл-Фа­раби және Гумилев атындағы ұлт­­тық университеттердің филология факультетінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, ізденіс жолына бағыштаған Құныпия Алпыс­баев жеті белес – 70 деген беделді жастың биігіне шығып, ән мен әде­биеттің қос тізгінін қатар ұс­тап, егемен еліміздің білім сала­сына өзінің елеулі үлесін қо­сып келеді. Әнмен басталған әдемі ғұмыр әдебиет деген ұлт қайнарының қазынасымен толы­ғып, оның қаламынан туған оқулықтар жоғары оқу орын­да­рының бағдарламасына кіріп, оқытылу үстінде.

Ұлтымыздың ұлы өнерінің бірі – ән өнерінің сарқылмас қай­нарынан сусындап, сол арқылы туған әдебиетке келіп, ғалым атанып, ғибратты өмір жолынан сәтті өтіп келе жатқан азаматтардың қатарында Құныпия Алпысбаев абы­ройлы биіктен көрініп келе­ді. Ән мен әдебиетті қатар ұс­тап, өз ортасында құрмет пен ілти­патқа бөленіп келе жатқан жақ­сы дос, жайсаң азамат, белгілі ғалым Құныпия Алпысбаевтың өмір жолын айту арқылы мен өз курстастарымның жеткен жетістіктерін де көңіл тоғайта білдіре отырып, көңіл аспанын жоғары көтердім.

«Сарыбидайдың» сазы келер күндерге жетелей берсін.

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты