Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанда өткізген «Барыс» Магнитогорскінің «Металлургінен» ұтылып қалды.
Бұл ойында есепті қонақтар ашты. 6 минутта Денис Паршин бағыттағын шайба қақпа торынан табылды. Екінші кезең бел ортаға жеткен тұста айдын иелері таразы басын теңестерді. Бұл жолы «Барыстың» қорғаушысы Даррен Диц мергендік танытты. Алайда 33 минутта Максим Матушкин «Металлургті» алға шығарды – 2:1. Одан кейін бұл есеп өзгерген жоқ. Осылайша, жерлестеріміз қатарынан үшінші кездесуде жеңілістің кермек дәмін татты.
Қазір «Барыс» өз конференциясында төртінші және тұрақты біріншілікте жетінші орында келеді. Біздің хоккейшілер осы күнге дейін 22 кездесу өткізіп, 29 ұпай жиды. Олар енді өзінің келесі бәсекесін бүгін Нұр-Сұлтанда Екатеринбуртің «Автомобилист» клубына қарсы өткізеді.