Әзірбайжанда ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы аяқталды. Тараптар 2019 жылға қорытынды жасап, 2025 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын қарастырды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан Қорғаныс министрлері және Қырғызстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы қатысты.
Қатысушылар 2025 жылға дейінгі радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау мен бағалаудың біріккен жүйесін дамыту бағыттарын, нормативтік және құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ білім беру, топографиялық салада бірлескен іс-шараларды өткізу және ақпараттық жариялауда өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін көтерді.
Қазақстан үшін ТМД форматындағы әскери ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – қорғаныс, әскери қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды қолдау және қатысушы мемлекеттердің тұрақты дамуы.
Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс министрлерінің кеңесі кезекті жылға арналған бірлескен іс-шаралар кешенін бекітті, сондай-ақ оның одан әрі жұмыс істеуінің қаржылық аспектілерін және әуе-ғарыш қорғанысы міндеттерін шешуге бейімделуді қарады.
Сондай-ақ Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев қатысушыларды қабылдады.