Будапеште өтіп жатқан 23 жастағы балуандар арасындағы әлем чемпионатында (U-23) Қазақстанның еркін күрес шебері Юсуп Батырмұрзаев қола медаль үшін таласады.
125 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан жерлесіміз өзінің алғашқы бәсекесінде жапониялық Тайки Ямомотодан (8:2) басым түскенімен, келесі кездесуде ирандық Аббас Зареден (7:17) ұтылды. Парсы балуаны финалға шыққаннан кейін Батырмұрзаев жұбаныш сайысына қатысу құқығына ие болды. Бұл бәсекеде ол молдовалық Самхан Жабырайловты (14:4) айқын басымдықпен ұтты. Енді Юсуп грузиялық Цурико Урташвилимен қола медаль үшін белдеседі.
Ал осы салмақтың бас жүлдесі үшін бәсеке ресейлік Виталий Голоев пен ирандық Аббас Заре арасында өтеді.