Соңғы жылдары қазақ киносына деген әлем жұртшылығының қызығушылығы артып келеді. Кезіндегі «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» туындыларынан кейінгі таңғалу мен тамсану сезімдерін, Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаевтар салған тағылымды соқпақты бүгінгі «Қазақфильм» киностудиясы түсірген жаңа жобалар лайықты деңгейде жалғап, жаңғырта алса, қанекей?!
Бұл қазақ киносының Лондондағы апталығы алдындағы ой болатын. Ұлттық кино өнерімізді Батыстың талғампаз көрермені талқысына ұсынуға аттанып бара жатқан бір топ өнер майталманына ақ жол тілеп тұрып та, осы бір толқынысты сезім шырмауынан шыға алмағанбыз. Уақыттың тым тығыздығына қарамастан орайын келтіріп, жауапты сапар алдында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасында басты рөлді сомдаған талантты актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметовпен аз-кем сұхбаттасып та үлгердік.
– Әділ мырза, «Анаға апарар жолдың» Лондонға бастар бағыты сәтті болғай. Абыройлы оралуларыңызға тілектеспіз.
– Рахмет. Иә, алдымызда жауапты сәт тұр. Ағылшынның талғампаз көрермені қазақ өнерін жоғары бағалайды деп сенеміз.
– Апталықта қандай фильмдер көрсетіледі?
– Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі елшілігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп ұйымдастырып отырған айтулы мәдени жоба аясында Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат», Ермек Тұрсыновтың «Шал» және Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмдері бір апта бойы Лондонның VueWest End кинотеатрында көрсетіледі. Мәдени апталық «Оралман» картинасымен ашылып, 1 қараша күні Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмімен түйінделеді. Елден отандық кино өнерін Батыс жұртшылығына таныстыруға Нұрлан Санжар, Берік Айтжанов, Самал Еслямова, Сергей Дворцевой, Қанат Төребай бастаған бір топ делегат аттанып барамыз. Алла сапарымызды сәтті қылғай.
– Енді өзіңіз абыройын арқалап бара жатқан «Анаға апарар жол» фильмі жайында айтып беріңізші. Отандық һәм халықаралық бірнеше кинофестивальдарда жоғары бағаланып, талай марапатты қанжығасына байлап үлгерген картинаның басты табысы неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, фильмнің басты табысы – режиссердің ізденісінде. Өйткені бұл шығарма көп жылдан бері Ақан Сатаевтың көкейінде жүрген, ішінде пісіп-жетілген қымбат дүниелерінің бірі. Түсірілім жұмыстары енді қолға алына бастаған кездің өзінде: «Осы уақытқа дейін түсіріліп келген фильмдерінің барлығы – Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолға» дайындығы» деп еститінбіз. Түсірілім барысында да оған көзіміз анық жетті. Одан кейін, әрине кино тақырыптық тұрғыдан да өте ауқымды. ХХ ғасырда қазақ қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді ғой. Оған дейін бірқалыпты өмір сүріп келді де, ХХ ғасырда ұлтымыздың өмір сүру салты тұтастай өзгерді: ұжымдастыру басталды, малынан айырылды, ашаршылыққа ұрынды, баскөтерерлері қудаланып, репрессияға ұшырады... енді есін жия беремін дегенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Соғыстан кейінгі қиын жылдар... Осының барлығы қазақты есеңгіретіп жіберді. Бұл нәубет жылдар келешек ұрпақ үшін үлкен сабақ болуы керек. Өкінішке қарай, тарихымыздың осындай ақтаңдақ беттеріне лайықты мән бере бермейміз, көп құндылықтарымызды есімізден шығарып алдық. Бізге бүгінгі Тәуелсіздігіміз, азаттығымыз жайдан-жай аспаннан салбырап түсе салғандай көрінеді. Шын мәнінде солай ма?! Осы бейбіт ғұмырымыз, еркіндігіміз үшін есепсіз қан төгілді, қаншама жан қиылды. Тарих бізге осынысымен тағылымды болуы керек. Қасіретті жылдарды бүгінгі қасиетті Тәуелсіздігіміздің қадірін ұғыну үшін де естен шығармауымыз қажет. «Анаға апарар жолдың» айтар ұлағаты осы – тарихи тамырымыздан айырылып қалмау.
– Иә, фильмнің сюжетінің өзі айрықша. Әсіресе финалы ерекше жүректі толқытады. Жалғыз ағаштың түбінде отырып жалғыз ұлын сарыла күткен Ана... Жалпы, бұл оқиға өмірде болған ба, әлде шығармашылық қиялдың жемісі ме?
– «Анаға апарар жол» – өмірде болған оқиға. Өздеріңіз білетіндей, режиссердің ата-анасы Қарғамбай Сатаев пен Әсия анамыз – өнер адамдары. Ол кезде актерлер қазіргідей емес, жаз мезгілінде айлап гастрольдік сапарда жүретін болған. Сондай гастрольдік сапарларының бірінде өнер ұжымы кішігірім ауылға тоқтайды. Ауылдың шетіндегі жалғыз ағаштың түбінде күнұзын тапжылмастан отырған ақ жаулықты әжені көріп, таңырқай қарасқан сахнагерлер мән-жайды тұрғындардан сұраса, кейуананың баласы соғысқа кетіп, қайтып оралмапты. «Соғыс бітті!» деген сүйінші хабарды естігелі бері ана күнде осылай жол бойына шығып, таң қылаң бергеннен күн ұясына батқанша жалғыз ұлын сарыла күтеді екен. Осы оқиғаны кейін ата-анасының аузынан естіген Ақан Сатаев қатты толқиды. Жалғыз ұлын күтіп, жол тосқан ақ жаулықты әже бейнесі режиссердің ойынан кетпей қояды. Ақыры ол толқынысты күй жылдар бойы жүрек түкпірінде пісіп-жетіліп, «Анаға апарар жол» болып көрерменіне жол тартады. Әу баста тек Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін ғана қамтығанымен, кейін ауқымы кеңейтіліп, ХХ ғасырдағы қазақ халқының жай-күйін тұтастай ала отырып, сценарист Тимур Жақсылықовпен тандемде осындай көңіл тебірентерлік көркем дүниені өмірге әкеледі.
Кейін фильмнің түсірілу барысында тағы мынадай бір оқиғаны естідік. Шағын ауылда өз мұңына тұншыққан тағы бір әже болыпты. Ол да қалтасына кұрт-кәмпитін салып алып, таңнан кешке дейін соғыстан қайтпаған жалғыз ұлын күтіп, жол ториды екен. Оны біліп алған жас балалар алдынан шығып: «Апа, балаңыз келе жатыр, сүйінші!» деп, сүйінші сұраса, кейуана қуанып, қолындағы бар тәттісін балаларға үлестіріп береді екен. Бұл оқиға күнде қайталанады. Сөйтіп өз өтірігіне өзі сенгісі келеді екен қария. Өмірінің соңына дейін солай өзін өзі алдаумен өтіпті. Мұндай тағдырлар көп болған. Фильм сондай оқиғалар ұмыт болмасын, халықтың ауыз әңгімесінде ғана қалмасын деген ниетте қолға алынып, кино тілінде көрерменге ұсынылды. «Анаға апарар жол» – жалғызын күтіп, күллі өмірін сарп еткен тағдыры тауқыметті аналарымызға қойылған мәңгілік ескерткіш.
– Соңғы уақытта Ақан Сатаев фильмдерінің басты рөлінен жиі көрініп жүрсіз. «Анаға апарар жолдағы» Ілияс рөлі «Томиристегі» Арғұн бейнесіне жалғасты дегендей... Жалпы режиссермен шығармашылық тандем қалай басталған еді?
– Менің Ақан Сатаевтың фильмдеріне келу жолымның өзі қызық. Ең алғаш «Рэкетир» фильмінде көпшілік сахнаға түстім. Орыстың қызы екеуміз қол ұстасып, бірнеше секундтық кадрда ғана көріндік. Кейін түсірілген «Жаужүрек мың бала» картинасында да жалғыз-ақ кадрда бармын. Көпшілік сахнаның «Әумин!» деп қол жаятын эпизодында Райымбек батырдың рөлінде көріндім. Одан соң «Рэкетир 2» фильмінде сөз сөйлеп, көлемдірек эпизодтарға жайлап кіре бастадым. Араға аз уақыт салып «Анаға апарар жол» тарихи туындысынан басты рөл бұйырды. Жақында көрерменмен қауышқан «Томирис» фильміндегі Арғұн бейнесі де мен үшін актер ретінде сәтті ізденістердің басы болғаны анық. Қазір ойлап қарасам, Ақан Сатаевтың фильмдеріне бірден қойып кетпеппін, орын-орнымен, саты-сатысымен келген екенмін (күлді).
– Бүгінде Ілияс секілді осындай қаһармандық фильмдерге кейіпкер болатын тұлғалар бар ма? Сіздіңше, бүгінгі заманның қаһарманы қандай болу керек?
– Қаһармандар қай кезде болмасын бар ғой. Сол секілді біздің арамызда жүрген бейбіт күннің батырлары жетерлік. Қаһармандық деген қолға қару алып, жауға қарсы соғысумен өлшенбейді. Мәселен, осындай аумалы-төкпелі заманда өзінің тілін, дінін, ділі мен ұлттық дәстүрін сақтап, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, «елім, жұртым» деп жүрген әр азаматты мен бүгінгі күннің қаһарманы деп есептеймін. Тарихымызды ұмытпай, болашақ үшін еңбек етіп жүрген кез келген адам – қаһарман.
Әлі есімде, «Анаға апарар жол» фильмінің премьерасынан кейін Орал қаласынан бір жігіт ағасы телефон шалды. Үздіксіз алғысын жаудырып жатыр. Толқып, тебіреніп тұрғаны даусынан анық сезіледі. «Менің жұбайым: «Қазақтар кино түсіре алмайды» деп, отандық фильмдерге менсінбей қарайтын. Содан «Анаға апарар жол» жайлы достарымнан естіп, келіншегімді киноға әдейі ертіп апардым. Фильмнен әсерленгені соншалық, жұбайым жылап, бірауыз сөз айтпай үйге келді. Менің жарымды мойындатқандарыңыз үшін көп рахмет!» деп өзінің эмоциясын білдіріп жатыр. Сол секілді фильмді көрген имам ағаларымыз да «Мың уағыздан артық дүние екен» деп ризашылықтарын жеткізді. Бұдан артық қандай баға керек! Алла осы абыройдан айырмасын деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»