Өткен аптаның соңында БАӘ-нің астанасы – Әбу-Дабидегі Гранд-слэм турнирі аяқталған бетте дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Қазақстандық жанкүйерлер үшін ең қуанышты жайт – аса жеңіл салмақта күш сынасып жүрген Елдос Сметовтің екінші орынға көтерілуі. Бұл – бүгінгі таңда біздің балуандар арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Иә, Парсы шығанағында өткен дүбірлі додада еліміздің мақтанышы – Е.Сметовтің жеңіс тұғырына көтеріле алмағаны рас. Айтулы жарыста үш қарсыласын қапы қалдырған ол екеуіне есе жіберді. Нәтижесінде, бесінші орынға табан тіреді. Ал әлем чемпионатынан бөлек, Мастерс, Гранд-слэм, Гран-при және сол секілді басқа да маңызды турнирлердегі әр жеңісі үшін балуандардың ұпайы еселене түсетінін ескерсек, қандасымыздың да қоржынына біраз ұпай түсті. Қазіргі кезде 5481 ұпай еншілеген Елдос 60 кило салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген балуандар арасында екінші орынға көтерілді. Көш бастап тұрған жапониялық Рюдзю Нагаямадан оның небәрі 19 ұпайы ғана кем. Егер алдағы уақытта өтетін лицензиялық турнирлерде Е.Сметов барынша табысты өнер көрсететін болса, онда қазақ дзюдошысы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастайды.
Аса жеңіл салмақта күресетін Ғұсман Қырғызбаевтың Гранд-слэмде бас жүлдені олжалағаны белгілі. Осы табысының арқасында ол 500 ұпайды иеленіп, әлемдік рейтингте бірден үш сатыға жоғарлады. Қазіргі кезде Ғұсман сегізінші орынға тұрақтады.
66 кило салмақтағы Ерлан Серікжанов Әбу-Дабидегі додада екі қарсыласын жеңіп, екеуінен ұтылды. Нәтижесі – жетінші орын. Соның арқасында Ерлан өзінің бұрынғы тоғызыншы орнында тұрақтап қалды. Міне, бүгінгі таңда ерлердің әлемдік рейтингінде «ТОП-10» дзюдошының қатарына осы үш жерлесіміз ғана еніп отыр.
Ал өзге мықты балуандарымыз мынадай сатыларға жайғасты: Ислам Бозбаев (90 кило) – 11-орын, Елдос Жұмаханов (66 кило) – 13-орын, Дидар Хамза (81 кило) – 19-орын, Жансай Смағұлов (73 кило) – 26-орын. Өкінішке қарай, 100 және +100 кило салмақ дәрежелерінде белдесетін жігіттеріміздің қарқыны тым бәсең.
Қазіргі кезде ерлер бәсекесінде Жапония мен Грузияның қос балуаны әлемдік рейтингтің көш басында келеді. Күншығыс елі өрендері арасында Рюдзю Нагаяма (60 кило) мен Джуширо Маруямо (66 кило) шашасына шаң жұқтырмаса, Қап тауы қырандары қатарында Варлам Липартелиани (100 кило) мен Гурам Тушишвили (+100 кило) теңдессіз деп танылып отыр. Сондай-ақ әзербайжандық Рустам Оруджев (73 кило), израильдік Саги Муки (81 кило) және испаниялық Николоз Шеразадишвилидің (90 кило) айдарынан жел есіп тұр.
Әйелдер дзюдосы жайында айтар болсақ, Қазақстан құрама командасының мүшелері арасында тек 48 кило салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрах қана жанкүйерлердің сенім үдесінен шығуда. Ол Әбу-Дабидегі додада татамиге шықпағанымен, осыған дейін жиған ұпай қорының арқасында бүгінгі таңда сегізінші орынды иеленуде. Өзге қыздарымыздың нәтижесін айтудың өзі ыңғайсыз.
Бұрымдылар арасында Франция құрамасының қарқыны өте күшті. Бұл елдің төрт балуаны алдарына жан салмай келеді. Олар – Амандин Бюшар (52 кило), Кларисс Агбеньену (63 кило), Мари-Ив Гайе (70 кило) және Маделина Малонга (78 кило). Ал өзге салмақ дәрежелерінде украиналық Дария Белодид (48 кило), канадалық Криста Дегучи (57 кило) және Идалис Ортис (+78 кило) озып тұр.