• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Қазан, 2019

Күрес: Юсуп Батырмұрзаев қола медальді иеленді

208 рет
көрсетілді

Будапеште өтіп жатқан 23 жастағы балуандар арасындағы әлем чемпионатында (U-23) Қазақстанның еркін күрес шеберлері екінші жүлдеге қол жеткізді.

125 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Юсуп Батырмұрзаев алғашқы айналымда жапониялық Тайки Ямомотодан (8:2) басым түсіп, келесі кездесуде ирандық Аббас Зареден (7:17) ұтылды. Парсы балуаны финалға шыққаннан кейін жерлесіміз жұбаныш бәсекесіне қатысты. Бұл бәсекеде ол молдовалық Самхан Жабырайловты (14:4) айқын басымдықпен ұтып, үшінші орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Шешуші сында грузиялық Цурико Урташвилидің (13:2) тас-талқанын шығарған Батырмұрзаев қола медальді олжалады.  

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін айтулы жарыста 57 кило салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық жас өрен Адлан Асқаров әлем чемпионатының күміс медалін еншілеген болатын. Бастапқы бәсекелердің барлығын жеңіспен аяқтаған ол жартылай финалда ирандық Әлиреза Сардакты сүріндірді. Ақтық айқаста отандасымыз Бостандық аралының өкілі Рейнери Эндрю Ортегамен күш сынасты. Шешуші бәсеке кубалық балуанның пайдасына шешіліп, біздің Адлан осы жарыстың күміс жүлдегері атанды.     

Бүгін әйелдер күресінен белдесулер жалғасады. Біздің қыздар арасынан 55 кило салмақтағы Марина Седнева қола медаль үшін таласады. Сондай-ақ бұрымдылардың 53, 57, 62, 65 және 72 кило салмақ дәрежелеріндегі бәсекелері басталады.