• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2019

Ұлық ұлыс ұлықталды

330 рет
көрсетілді

Кеше елордада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдас­тыруы­мен алдағы жылы атап өтілуге тиіс Алтын Орда мем­ле­кетінің 750 жылдығына арналған іс-шара өтті.

Мәртебелі басқосуға Қазақ­стан Республикасы Премьер-ми­нистрінің орынбасары Бер­дібек Сапарбаев, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Өл­зий­­сай­ханы Энхтүвшин, Моңғо­лия­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулга, Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Бат­цэцэг бастаған құрметті қо­нақ­тармен бірге, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дас­беков, Түркі ақсақалдар кеңе­сі­нің мүшесі Әділ Ахметов, антро­­полог-академик Оразақ Сма­ғұл және бірқатар ғылыми меке­ме басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Ха­лық­аралық Түркі академия­сының президенті Дархан Қы­дыр­әлі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өт­кен ха­лықаралық туристік фо­рум­да сөз сөйлеп, қазақ даласын­да хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жыл­ды­ғын атап өту туралы бас­та­ма көтергенін білесіздер, нәти­же­сінде дәл қазір Үкімет тарапынан көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Бұл орайда Ха­лық­аралық Түркі академиясы да осындай үлкен іске ұйытқы болу мақсатында бірқатар келелі істер атқарды. Атап айтқанда, «Бұрхан Халдуннан – Ұлытауға» атты ғылыми экспедициясынан бас­тап, жуырда өткен халықаралық форумдар соның дәлелі екенін жеткізе отырып, маңызды шараға арнайы ат басын бұрған Үкімет бас­шысының орынбасары Берді­бек Сапарбаев мырзаға сөз кезе­гін ұсынды.

Алғашқы сөзін алыстан келген мейм­андарға бағыштай отырып «Ұлы дала еліне қош келіпсіздер» деп бастаған Бердібек Сапарбаев, – қазақ және моңғол халқының тағдыр-талайы ұқсас жұрт. Ұлы далада ту тігіп, елдіктің қазығын қаққан тұлғаларымыз да ортақ. Келесі жыл Қазақстан үшін айтулы тарихи оқиғаларға толы болмақ. Әсіресе көшпелілер құр­ған үлкен империя Алтын Орда­ның 750 жылдығын атап өту мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда бұл мереке тарихы мен тағ­дыры  ұқсас екі халыққа ор­тақ құндылық, – деді.

Сонымен бірге Үкімет бас­шы­сы­ның орынбасары жоғары­дағы тарихи маңызды оқиғаны биік деңгейде атап өту үшін елі­мізде еңбек етіп жүрген отан­дық зерттеушілерді және аталған сала бойынша ғылыми еңбек­тер жазған шетелдік оқы­мыс­тыларды тартып, тың дүние­лерге жол салу керек. Ол үшін жаңадан археологиялық қазба жұмыс­тарын ұйымдастыру, сырт мемлекеттерде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу арқылы Алтын Орда ұлысын әлемге насихаттау қажет. Бұл тұрғыдан ал­ғанда істі ілгерілету үшін Ха­лық­аралық Түркі академиясы­на жүктелер міндет көп. Өйт­кені академияға құрылтайшы рес­пуб­ликалардың Алтын Орда тари­­хына ортақтастығы бар дей келе, сөзінің соңында Бердібек Мәш­­бек­ұлы көне түркілердің алтын көм­бесі сақталған Моңғол елін түркі-тілдес мемлекеттерді біріктіретін ха­лық­аралық ұйым бақылаушы болу­ға шақырып, сондай-ақ дү­ние жүзіне аты мәлім қаһар­лы қаған Шыңғыстың тіке тұқы­мы­нан қалған жалғыз белгі Жошы кесе­несі орналасқан аумақ­та то­лық жабдықталған халықара­лық туристік база жасалып жат­қа­нын, одан кейін Жошы ханға ес­керт­кіш тұрғызылып, Нұр-Сұл­тан қала­сынан көше аты бері­ле­ті­ні жайлы қуанышты хабарды моң­ғолиялық меймандарға сүйін­шілеп жеткізді.

Келесі кезекте сөз тізгіні бұ­йыр­ған Моңғолия вице-премьері Өлзийсай­ханы Энхтүвшин мырза ең әуелгі пікірін осы жиынға қатысып отырған тұлғаларға  рахмет айту­дан бастап: «Моңғол мен қазақ қадым заманнан бері іргесі бө­лін­­беген, еншісі ажыра­маған, әлем­­де өшпестей ізі қалған көш­пен­ділер мәдениетінің керемет болмысын бойына сіңірген, түрі де бір, тірлігі де ұқсас халық. Ал қазір­гі жаһандану заманында Қа­зақ елі мен біздің қарым-қаты­на­­сы­­мыз жаңа деңгейде дамиды де­ген сенімдеміз. Әсіресе ұлы қа­ған Шың­ғыстың үлкен бала­сы атақты Жошы ұлысының ір­ге­сін қалап, кейінгі Алтын Орда­­­ның шаңырақ тіктеуіне себеп­кер болған Жошының кесе­несін ғасырлар бойы сақтап, бүгін­гі таңда әлемдік тарихи-туризм­нің өзегіне айналдыруға ниет етіп отырғандарыңызға бек риза­шылық білдіремін. Одан кейін Моңғол даласында өмір сүр­ген түркі­лердің төр абызы Тоны­к­өктің 1300 жылдығын келер жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлауға бастама көтеріп отыр­ған Халықаралық Түркі акаде­мия­сының шешімі құптауға тұра­тын іс. Аталған академия дәл қазір Моңғолия Ғылым акаде­миясы, Археология және тарих инс­титуты, Ұлттық музей, Мем­ле­кет­тік архив т.б. ірі-ірі мекеме­лермен бірлесіп, 2014 жылдан бері тұрақты атқарып келе жат­қан жұмысы өз нәтижесін береді деген ойдамын», деді.

Сол сияқты келер жылы Моң­­ғол үкі­меті де өздерінің ежел­­гі ас­та­насы Қарақорым қала­­сы­­ның 800 жылдығын тойлау қа­­мында екен. Осы шараға қа­зақ­­стан­дық ғалымдардың да атса­лы­су мүм­кіндігі бар екенін жет­кі­­зіп: «Ал Халықаралық Түр­кі акад­е­­миясына бақылаушы болу мә­се­­лесін екіжақты жұмыс топ­та­рын қатыстыру арқылы Моң­ғо­­лия елі­нің ішкі заң актілері шең­­берінде шешеміз» деді құр­мет­ті мейман Өлзийсайханы Энхтүвшин мырза.

Басқосу барысында атқарыл­ған тағы бір маңызды оқиға – мәр­тебелі меймандардың қатысуы­мен екі жұрттың ортақ тарихы Алтын Орда тақырыбын қамты­ған бірнеше туындының тұсауы кесілді. Соның бірі – «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) Шағатай, Мо­ғол­стан мемлекеттері» атты туын­­ды. Бұл жинақта Шыңғысхан құр­­ған империяның кіші ұлыс­т­ары­ның тарихына қатысты жар­лық­тар, хаттар, елшілік нысандар, ну­ми­з­матикалық кешендер, арте­фактілер және жазба деректердің таңдаулы нұсқалары қамтылса, «Золотая орда. Исто­рия, государственность, культурное нас­ледие» кітабы қазіргі ұлыстану мә­се­лесін жан-жақты түсіндіруге не­гізделген туынды екен.

Бұлардың сыртында «Алтаи­с­тика, туркология, монголистика» атты халықаралық ғылыми журналдың да таныстырылымы өтіп, әсіресе моңғолиялық қо­нақ­­тар үшін қазақ тілінде басыл­ған «Моңғолдың құпия шежі­ре­сі» мен көне моңғол тілін­дегі түп­­н­ұсқалық транскрипция­сын ғылыми сөзбе-сөз және мағыналық аудармасының түсін­дірмелер сөз­дігінің көрсеткішін жасаған «Моң­ғол­танудың хабарлары» атты туын­ды­лардың маңызды болғаны анық.

Іс-шара соңында Халықаралық Түркі академиясы өткізіп отыр­ған жиын жайлы өз пайымдарын білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дас­беков, Түркі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, антрополог-академик Оразақ Смағұлов ұйымдастырушы тарапқа алғыс білдіре отырып, алыстан келген моңғолиялық меймандарға да ризашылықтарын жеткізді.