• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теннис 04 Қараша, 2019

Мықтылар Мадридте жиналады

167 рет
көрсетілді

Қараша айында өтетін спорттық сайыстардың арасындағы ең ірісі – теннисшілердің Дэвис кубогы екені даусыз. Бұл жарыс биылдан бас­тап жаңа форматқа көшкені белгілі. Атап айтсақ, егер осы күнге дейін ең үздік 16 команда олимпиялық жүйе бойынша әлемнің әр қиырында бәсекеге түссе, биыл 18-24 қараша аралығында 18 мемлекеттің өрендері Испанияның бас шаһары – Мадридте бас қосады. Олар алты топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алғандар арасында ең жақсы нәтиже көрсеткен қос команда ширек финалға жолдама алады. Одан кейін жартылай финал және финал. Осылайша бір аптаға созылатын бәсекелер барысында бас жүлде кімге бұйыратыны анықталады.

Дэвис кубогының 119 жыл­дық тарихы бар. Алғашқы турнир­дің тұсауы сонау 1900 жы­лы кесілген. 1979 жылдан бастап Халықаралық теннис федера­ция­сының күнтізбелік жоспарына енгізілді. Айтулы жарыста ең көп жүлде алған команда – АҚШ. Америкалықтардың 32 мәрте асығы алшысынан түсті. Аустралия құрамасы да алымды. Жасыл құрлықтың қырандары 28 рет топ жарды. Үшінші және төртінші орындарда – Франция мен Ұлыбритания. Олардың әрқайсысы 10 реттен топ жарды. Үздік бестікті Швеция қорытындылап тұр. Скан­динавия түбегінің түлектері жеті мәрте теңдессіз деп таныл­ды. Сондай-ақ бас жүлдені олжа­лағандар қатарында Испания (5 рет), Германия мен Чехия (3 реттен), Ресей мен Хорватия (2 реттен), Италия, Сербия, Аргентина, Швейцария және ОАР (1 реттен) құрамалары бар.

Былтырғы жарыста Хорватия теннисшілеріне тең келер еш­кім табылмады. Құрамында Марин Чилич, Борна Чорич, Вик­тор Гало­вич, Иван Додиг, Никола Мек­тич, Мате Павич сынды саң­лақтары бар айтулы елдің өкілдері турнирдің негізгі бөлігінде Канада, Қазақстан және АҚШ-тан айласын асырып, финалда Францияны сан соқ­тырды.

Қазақстан құрамасы да Дэвис ку­богында табысты өнер көрсе­туде. Жерлестеріміздің бұл жарыста 1995 жылдан бері бақ сынап жүргені белгілі. Бастапқы кезең­дерде қарқынымыз тым баяу болғанымен, кейіннен еңсе тіктедік. 2011 жылы алғаш рет әлемдік топқа жолдама алып, өз жанкүйерлерімізді бір қуантсақ, содан бергі уақытта да біраз белесті бағындырдық.

Жерлестеріміздің жақсы өнер көрсеткен жарыстарына жеке-жеке тоқталатын болсақ, 2011 жы­лы 1/8 финалда Чехиямен күш сынастық. Аса шиеленісті өткен сайысты 3:2 есебімен өз пай­дамызға шештік. Ол кездері қарсылас команда сапында Томаш Бердых сынды атақты ойыншының өнер көрсеткенін ескерген жөн. Келесі кезеңде Давид Налбандян мен Хуан Монакоға арқа сүйеген Аргентинаға есе жібердік – 0:5.

2012 жылы үздіктер бас қосқан дүбірлі доданың алғашқы кезеңінде кіл көкжалдардан жасақталған Испаниядан 0:5 есебімен ойсырай ұтылдық. 2013 жылы Аустриядан (3:1) айламызды асырғанымызбен, Чехияға (1:3) есе жібердік. 2014 жылы Бельгиядан (3:2) басым түскенімізбен, Швейцариядан (2:3) жеңілдік. 2015 жылы Италияны (3:2) ұтқанымызбен, Аустралияға (2:3) әліміз жетпеді. 2016 жылы Сербия (3:2) сан соқтырып кетті. Былтыр Швейцарияны (4:1) шаң қаптырғанымызбен, сол жылғы жарыстың жеңімпазы Хорватияға (1:3) жол бердік. Осылайша 2011-2018 жылдар аралығында әлемдік топта жеті рет өнер көрсетіп, бес рет ширек финалға дейін жеттік. Екі рет 1/8 финалда сүріндік. Құра­мында бірде-бір жұлдызды ойыншысы жоқ команда үшін бұл әрине өте жақсы көрсеткіш!

Биылғы байрақты бәсекеде Қазақстанның туы астында Алек­сандр Бублик, Михаил Кукушкин, Александр Недовесов және Андрей Голубев өнер көрсетеді. Алғашқы екеуі әлемдік рейтингте 51 және 57-орындарды иеленуде. Жерлестеріміздің арасындағы ең үздік көрсеткіш осы спортшыларға тиесілі. Сол себепті Бублик пен Кукушкин жекелеген сайыстарда күш сынасады. Ал Недовесов пен Голубев жұптық бәсекеде шеберлік байқасады. Сондай-ақ Пиреней түбегіне сапар шегетіндер қатарында қосалқы құрамдағы Дмитрий Попко да бар.

«Е» тобына түскен Қазақстан­ның теннисшілері Мадридте Нидер­ланд пен Ұлыбритания құра­­ма­ларына қарсы ойнайды. Қа­зіргі кезде Қызғалдақтар елі өкіл­дері арасында ең үздік нә­тиже 33 жастағы Робин Хассеге тиесілі. Әлемдік рейтингте ол 152-орынды иеленуде. Өзге ойыншылардың нәтижесі одан да төмен. Сол себепті де қазақстандық жанкүйерлер өз отандастарының голландиялықтардан басым түсе­тініне сенімді.

Ұлыбритания ойыншылары арасында Энди Маррейді бөле-жара атауға болады. Олимпиа­даның екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар 32 жастағы теннисші Уимблдон (2013, 2016) мен АҚШ-тың ашық біріншілігінде (2012) жеңімпаз атанып, бес рет Аустралияның ашық біріншілігінің (2010, 2011, 2013, 2015, 2016) финалына шықты. АТР турнирлерінде 46 мәрте топ жарған Энди осыдан үш жыл бұрын ғана әлемдік рейтингте көш бастап тұрды. Одан кейін ауыр жарақат алып, біраз уақыт үлкен спорттан қол үзіп қалды. Соның салдарынан дәрежесі біраз төмендеді. Бүгінгі таңда британиялық теннисші АТР тізімінде небәрі 127-орынды иемденуде. Десек те Маррейдің әлеуеті қаншалықты зор екенін жақсы білетін жанкүйерлер алдағы уақытта ол өз биігінен көрінетініне қылаудай да күмән келтірмейді.

Бүгінгі таңда Ұлыбритания теннисшілері арасында Энди Мар­рейден озып тұрған үш ойыншы бар. Олар – Дэниел Эванс (№43), Кэмерон Норри (№58) және Кайл Эдмунд (№75). Міне, қараша айын­да Испанияның астанасында өтетін жарыста отандастарымыз осындай сақа ойыншылармен күш сынасады.

Биылғы Дэвис кубогы жолын­дағы жарыстың өзге топтарында мына командалар өзара шеберлік байқасады: «А» тобы – Франция, Сербия және Жапония; «В» тобы – Хорватия, Испания және Ресей; «С» тобы – Аргентина, Германия және Чили; «D» тобы – Бельгия, Аустралия және Колумбия; «F» тобы – АҚШ, Италия және Канада.

Топтық турнир бәсекелері 18-21 қараша аралығында өтсе, келесі күні ширек финалды тамашалайсыздар. 23 қарашада жартылай финалдық сайыстар өтсе, 24 қарашада Дэвис кубогының иегері анықталады.