• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қараша, 2019

Дүнгендердің дүбірлі мерекесі

784 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның дүнгендер қоғамының ұйымдастыруымен «Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» атты мерекелік іс-шара өтті.

 

Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген дүнген этномәдени ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев:

«Тұрақтылық пен гүлдену­дің негізі Қазақстан халқы Ассамблеясының қол­дауы­мен осындай тамаша достық пен бірлік мерекелерін өткізу жақ­сы дәстүрге айналып отыр. Этно­мәдени бірлестіктердің төра­ғалары мен мүшелері қоғам­дық келісім мен ұлттық бірлік­ті, рухани-адамгершілік құнды­лық­тарды, бейбітшілік пен достық қа­ғидаттарын нығайтуға бағыттал­ған іс-шараларды өткізуге аянбай жұмыс істеуде. Өйткені бірлік болмаса, бейбітшілік пен келісім болмаса өлшеусіз термен, қыруар қажыр-қайратпен жасалып жатқан елімізді өркендету жолындағы еңбектің бәрі де бекер болар», дей келе, дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.

Хуэйцзу немесе дүнген халқы 140 жыл бұрын қазақ жерінен жаңа қоныс тапты. Тарихқа сүйенсек, дүн­гендердің қазақ жеріне алғаш қоныс аударуы ХIХ ғ. 70-жылдың со­ңы мен 80-жылдың басынан Цин импе­раторлық династиясының дүн­гендерге қысым көрсетуінен бас­тау алады. Дүнгендер өздерімен бір­ге Жетісуға жасанды жолмен су­­лан­дырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәс­түр­лерін әкелді.

Бүгінде елімізде 72 мыңнан аса дүнген тұрады. Жамбыл облысында – 58560, Алматы қаласында – 10340, қалған өңірлерде аз.

«Дүнген этносының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясын­да (8 ҚХА мүшесі), ҚР Парламенті Мәжілісінде (Хахазов Шакир Ху­санович), әкімдіктерде, білім, ғылым және денсаулық сақ­­­тау ұйымдарында кеңінен таныл­ған­дығын атап өткен Жан­сейіт Түймебаев, қызықты мәлі­мет­терге толы баяндама барысында Қазақстандағы мақтан тұтар дүнгендер туралы, соның ішінде өткен жүзжылдықта танымал бол­ған дүнгендердің бірі – мемле­кет қайраткері Мағазы Масанчи жайлы да айтып өтті.

Бүгінде Қазақстанда, бір шаңы­рақ астында тату-тәтті өмір сү­ріп жатқан 100-ден астам ұлт­ пен ұлыстың әрқайсысының құқық­тары мен мүмкіндіктері бірдей және олар өз ұлтының мәде­ниетін сақтап, дамытып қана қой­май, жалпыұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейді. Дүнген халқының салт-дәс­түрі мен өнері бір ғасырдан ас­там уақыт бойы көпұлтты Қа­зақ­стан мәдениетінің өрнегін толықтыруда.

«Қазақстандағы алғашқы дүн­ген этномәдени бірлестіктері 30 жыл бұрын құрылып, қазіргі уақытта олар еліміздің мәдени жә­не саяси өмірін жақсартуға бел­сенді атсалысып келеді. Бұл орай­да, «Қазақстанның дүнгендер қоғамы» республикалық этно­мәдени бірлестігінің рөлі ерек­ше. Дүнгендер қоғамы жанын­да «Чунтян» («Көктем») фольк­лорлық ансамблі, «Гунян Теву» («Биші қыздар») би тобы және жастар қанаты жұмыс істейді. Қауымдастық қолдауы­мен Жам­был облысында Қазақ­стан­дағы дүнгендер тарихы­ның мұ­­ра­­­жайлары, Масанчи ауы­лын­­да 140 жыл бұрын Қазақ­стан Рес­публикасы аумағын­да дүн­ген­дерді жылы қабылда­ған Қазақ халқына алғыс ескерткіші ашылды. Бүгінде қауым­дас­тық көптеген қызықты шаралар ұйымдастырып, Дүнгендер мәде­ниетінің күндерін өткізеді. Өз­дерінің Қазақстанда өмір сүруі­нің 140 жылдығын да өте жоғары деңг­ейде атап өтті», – деген Жан­сейіт Түймебаев аталған шараға қатысушылар арасынан танымал дүнген ұлтының өкілдерін көрген қуанышын жасырмады.

Мерекелік іс-шара аясында «Қазақстан – біздің ортақ үйі­міз» суреттер көрмесі, Қазақстан дүнгендерінің ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі, «Шеберлер қаласында» ұлттық тағамдар жа­саудан, кесте тігуден және шаш­ты сәндеу үлгілерінен шебер­лік сыныптары және дүнген шығар­машылық ұжымдарының кон­церті ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын жүзе­ге асыра отырып, қоғам­дық келі­сім мен жалпыұлттық бір­лік­ті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру; қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.