Жиында Парламент Сенатының 7 қарашада болатын отырысының күн тәртібі белгіленді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы» «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады.
Бюрода Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді.
«Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып белгіленді.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілді.
Сенат Жоспарына сәйкес 29 қарашада «Қазақстанның су қауіпсіздігі: жағдайы, проблемалар және ұсыныстар» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтетін болды. Парламенттік тыңдауларды өткізу Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді. Бюро мүшелері осы мәселеге байланысты су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді.
Сенат Төрағасы мемлекеттік және жеке меншік су қоймалары үшін бірыңғай талаптар мен стандарттар болуы тиіс екенін атап өтті. «Жеке меншік су қоймалары мемлекеттік су қоймасы деңгейінде бақылануы тиіс. Оларға қойылатын талаптар мен стандарттар қандай, оларды мемлекеттік органдар оларды соңғы рет қашан тексерді?», - деді Д.Назарбаева. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылағаштағы қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Онда бөгеттің бұзылуы салдарынан 45 адам қаза тапқан болатын. «Оны жекешелендіргеннен кейін меншік иесі бірде-бір тиын салған жоқ. Гидротехникалық жеке құрылыстардың иелеріне ешқандай стандарттар белгіленбеген», - деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Дариға Назарбаева осыған байланысты су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазіргі заңдарды, нормативтерді және стандарттарды мұқият зерделеуді және оларды жетілдіруге орай ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Бюро отырысында сондай-ақ Сенат комитеттерінде қаралып жатқан үшжылдық бюджет те талқыланды. Дариға Назарбаева сөз сөзінде «Бюджеттің игерілуіне қатысты үнемі көп сын айтылатыны баршамызға мәлім. Республикалық бюджеттің дұрыс қалыптасуы мен орындалуына тек қана Үкімет пен атқарушы органдар емес, депутаттар да жауапты деп есептеймін. Өйткені, бұл заңды қабылдайтын – Парламент. Сондықтан, барлық комитеттерге осы маңызды құжатты мемлекеттік көзқараспен, мұқият, жан-жақты қарауды тапсырамын», - деді Дариға Назарбаева.
Салалық комитеттің төрағасы Ольга Перепечина қазір жұмыс топтарында үш жылдық бюджетті талқылау өтіп жатқанын айта келіп, Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы 21 қарашада болатынын және заң жобасы одан кейін Палатаның қарауына берілетінін жеткізді.
Жоғарғы палата Төрағасы Сенат материалдары бойынша үздік журналистік зерттеу конкурсының және экологиялық журналистика конкурсының басталғандығы туралы Бюро мүшелерін хабардар етті.
«Конкурстардың мақсаты – журналист мамандығы туралы кеңінен насихаттау және беделін арттыру, «журналистік зерттеу» жанрын дамыту, Сенаттың қызметі туралы халықтың хабардар болу деңгейін ұлғайту, экология саласындағы заңнаманы жетілдіру, журналистерді көтермелеу», - деді Д.Назарбаева.