• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Қараша, 2019

Ынтымақтастықтың күнгейі мен көлеңкесі

348 рет
көрсетілді

Бірнеше күннен кейін Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумы өтеді. Осы форум қарсаңында Ресеймен шекаралас өңірлердің алыс-берісі жөнінде тақырыпты қаузағанды жөн көрдік.

Сөйтсе, қазақстандық кәсіп­керлер үшін көршілес өңірлер тара­пынан кездесетін кедергілер жет­кілікті екен. Солтүстік Қазақ­стан облысының жалпы сыртқы сауда айналымы биылғы қаңтар-та­мыз айларында былтырғы жыл­дың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 4,3 %-ға артып, 392,6 млн доллар деңгейіне жетіп отыр. Соның ішінде экспорт 141,1 млн долларды құрап, 15,4 %-ға артса, импорт 251,5 млн дол­ларға жетіп, 1%-ға азайды.

Солтүстік Қазақстан Ресейдің Қорған, Түмен және Омбы сияқты үш облысымен шектесіп, сауда-саттық жасайды. Екіжақты сұраныстарды қанағаттандыруда көп жылдан бері жолға қойылған өндіріс пен сауда жүйесі бар. Алайда нарық талабы кейде өзінің қысастықтарын да көрсе­тіп қалады. Соның мысалына үсті­міздегі жылғы «Зенченко и К» кәсіпорнының бастан кешкен шырғалаңын айтуға болады.

Сүт өнімдерін шығару бо­йын­ша қазақстандық бренд дәре­жесіне жеткен бұл компанияның өнімдері ішкі нарықта да үл­кен сұранысқа ие. Сондай-ақ Ре­сейге де өз өнімдерін шығара­ды. Бәсекелестікке қабілетті­лігі жоғары «Зенченко и К» өнім­дері көрші елдің тұтынушы­лары­ның сұраныс талабын қанағат­тандырып, жергілікті өн­ді­рі­с­­шілерді шаң қаптырып кетеді.

Зауыт директоры Георгий Целых­тың айтуына қарағанда, кәсіп­орын пастерленген сүт пен қаймақтың әрқайсысынан майлы­лығына қарай үш түрін, айран, ірімшік және ақ май шығарады.

 «Қорған қаласының нарығына біз кірген үш жылда олардың жергілікті сүт кәсіпорындарының өндірісі бәсекелестікке төтеп бере алмай, 30 пайызға төмендеді. Халықтың біздің өнімдерімізге сұранысы арта түсті. Биылға дейін біз екі күнде 13 тонна өнім сататынбыз. Бұл жағдай жаңадан келген губернаторға жақпады», дейді ол.

Сөйтіп қазақстандық кәсіп­орынның өнімдерін енгізбеудің түрлі сылтаулары табылады. Соның ішіндегі ең бас­тысы әрине өнім сапасын анықтайтын «Россельхознадзордың» шешімін пайдалану. Бұл ұйымның Қорған қаласында аттестациядан өткен зертханасы жоқ екен, сондықтан олар көршілес Челябі қаласындағы филиалға апарып, қазақстандық сүттен қоздырғыш тапқан-мыс. Ал сол сүттен Петропавл мен Омбы қалаларының зертханалары еш кемшілік таба алмаған. Сөйтіп ресейліктер тарапынан ЕАЭО шеңберінде жасалған келісім бұзылып, қолдан жасалған кедергілермен қазақстандық тауарлардың енуіне қысым жасалды. Алайда, бұған «Зенченко и К» басшылары қыңбады, олар қыркүйек айында өздерінің Ресей рыногынан шығатынын мәлімдеп, сатып алушыларына алдын ала ескертті.

Осы оқиға кәсіпкерліктің аяғынан шалу, ЕАЭО көлемінде қабылданған келісімдердің талабын аяққа басу деп бағаланып, бұл ақыры ұйымның талқысына түскен болатын. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары мен мамандары ресейліктермен кездесіп, мәселенің оң шешілуіне қол жеткізген. Осыдан кейін қазан айының ортасында «Россельхознадзор» бұрынғы шешімін өзгертіп, «Зенченко и К» және басқа да қазақстандық компанияларды аяғынан шалуын  қойып, рыноктың есігін қайтадан айқара ашқан.

Ал жуырда өзара саудаға кедергі келтіретін осы және басқа да мәселелерді ЕАЭО экономикалық комиссиясы арнайы қарады.  Бұл комиссияда реттегіш әсерлерді бағалайтын (РӘБ) топ бар. Экономика және қаржылық саясат алқасының мүшесі (министр) Тимур Жақсы­лықовтың төрағалығымен өткен осы топтың отырысында ветеринар­лық тексерістерге жататын нысандарды біртекті бірлесе тексеру және тауар­лардың сынағын алу ережесінің орындалуы талқыланды. «Бұл жұмыс өкілетті органдардың әкімшілік ынтымақтастығы бизнес пен саудада тиісті дәрежеде тиімділігін арттырып, кедергі келтіруін жоюға бағытталған. Отырыс қорытындысында біз ЕАЭО елдері рыноктарына сүт және ет өнімдерінің түсуін реттеудің жолдарын ұсындық», деді өзінің сөзінде Тимур Жақсылықов.

Осындай кедергілердің кесірінен биылғы сегіз айда облыстың Ресей Федерациясымен арасындағы сауда айналымы 218 млн АҚШ долларын құрап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,2%-ға азайған. Соның ішінде экспорт 3,3%-ға азайып, 32,3 млн АҚШ долларын, импорт 6,7%-ға қысқарып, 185,7 млн АҚШ долларын құрады.

Облыстан Ресейге шығарылатын өнімдер арасында металл сынықтары, сүт өнімдері, бидай, ұн сияқты тауарлар басым. Ал Ресейден алынатындар арасында мұнай өнімдері, ауыл шаруашылығы машиналары, құрылыс материалдары, ыдыс-аяқ, т.б. бар. 

Ресей инвесторларының қатысуымен Солтүстік Қазақстанда металл рудаларын шығаратын «Тиолайн», алтын өндірумен айналысатын «Әулие Голд Майнинг», трактор құрастыратын «Петропавловский тракторный завод» БК кәсіпорындары жобалары іске асуда. СҚО машина жасау зауыттары Ресей нарығында  белсенді жұмыс істеуде. Мысалы, «Завод им. С.М. Кирова» АҚ өнімдеріне ресейлік тұтынушылардан сұраныс туып келеді. Бүгінгі таңда Омбы қаласында «Қазмаркет»  сауда жүйесінің жеті дүкені ашылып, негізінен Солтүстік Қазақстанда шығарылатын өнімдерді сатады. Сондай-ақ бірнеше кәсіпорын ресейліктермен 30-дан артық сауда-саттық келісімшартын жасаған.

Ресей кәсіпорындарымен терістіктің агроқұрылымдары да тығыз байланыс орнатқан. Бүгінгі таңда облыс алқаптарында жүрген 8 мың комбайнның жартысынан астамы Ресейде шығарылған. Сондай-ақ егу агрегаттары мен жаткалар және т.б. құрылғылар көрші елде өндірілген. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын «Avagro» ЖШС өнімдері Ресейде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Соңғы жылдары ғана олар өздерінің 300-ден артық өнімін Ресейде сатқан.

Қазақстандық диқандар Ресейден жақсы тұқым да алып тұрады, ал мал өсірушілер 2019 жылы ғана «Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде  203 тұяқ асыл тұқымды қара мал сатып алған.

Әрине терістіктегілер мен ресей­­ліктердің арасындағы ынтымақ­тас­тықтың барлық қырын қамту мүмкін емес. Бұл өмірдің барлық саласында жүріп жатыр. Оның жақсы жақтары көп болғанымен, көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Мысалы, Петропавлдың үздік мектептерінің оқушылары Ресейдегі түрлі пән олимпиа­даларына қатысып, жүлде алып жатады. Ал оларға мектеп бітіргеннен кейін сол елдің ЖОО-ларына оқуға грант беріледі. Сөйтіп ақылды жастарымыздың көбі көрші елдің көсегесін көгертуге аттанады. Ал олардың арасынан қайтып келіп жатқаны некен-саяқ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы