• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қараша, 2019

Менің Алматым

587 рет
көрсетілді

Жазушы Эрнест Хемингуэй әлемнің әйгілі шаһарларының бірі Париж туралы тебірене айта келіп: «Егер сізге әлдебір сәтті тағдыр бұйырып, Парижде жалқы сәт болсын, өмір сүрген болсаңыз, онда сіз қайда барсаңыз да, қайда жүрсеңіз де Париж сіздің ғұмырыңыздың соңына дейін сізбен бірге болады, өйткені Париж – бұл әрқашан сізбен бірге болатын мереке» дегені бар.

Осы тіркес жайлы ойланғанда үнемі біздің көз алдымызға ару шаһар – Алматы оралады. Сол сәтте-ақ жүрегіңді Көк­тө­бе­нің жып-жылы жазғы самалы сипағандай бойыңды сиқырлы әуен билейді. Кенет Есентай өзені­нің ерке сыңғыры жаныңды тер­беп, бейсана тәтті мұңның тұт­қынына айнала бересің. Сыр­шыл шайырлар жырлағандай «Се­зім шіркін ақ жаңбырға ұқсай­ды, Алматыда жаңа жа­уып ба­сылған» деп баяу әндетіп кетке­ніңді аңдамай да қаласың. Бұл сенің жүрегіңдегі Алматы еке­нін әлбетте, түсінесің. Сосын рия­сыз жымиясың.

Алматы – Алашқа қайырлы астана болған, елдігіміз бен еге­мен­дігіміздің ақ бесігіндей ару ша­һар дер едік. Әр қазақтың жүре­гінде өзінің Алматысы бар. Алма­ты – біріміз үшін алтын зерлі көне қамал шығар, біріміз үшін алма жұпары аңқыған аспалы бақ болуы мүмкін, ал енді бірі­міз үшін мыңдаған жылдар бойы Алаш баласы аңсап күткен асыл азаттығымыздың бесігі болып тербелген мың бояулы мегаполис.

Қазақ тарихы әр кезеңде өзінің қилы тағдырын Алматымен ұштастырып келеді. Көне кенттің іргесінен табылған Алтын киімді ханзададан басталған ежелгі тарих елдігіміздің берік тұғырына айналған Алматының тамырын тіпті тереңге бойлатты. Алтын Адам – шежі­релі Алматының дүние жүзіне танымал бренді. Алтын Адам – Алматының тарихи символы, Тәуелсіздік алаңының ұлы сақшысы!

Алматы сонау сексен алтының ызғар­лы желтоқсанында өзін батыр Қайрат, сұлу Ләззат болып қорғаған шерлі шаһар. Алматының Тәуелсіздік алаңына әр Алаш баласы есепсіз қарыздар.

Әлбетте, Алматы – ақындардың қаласы. Заманында Сәкен Сейфуллиндер іргетасын қалап, ұлы Мұқаңдар мен Ғабеңдер кемеліне келтірген Жазушылар одағы Алматының бірден-бір бренді дер едік. Алматы – рух генераторы, сезім музейі. Қазақ қаламгерлері жазған әр шығармада Алматының зор үлесі тұратындай.

Алматы сондай-ақ – қаламы шабыт, қадамы шабыс тілеп тұратын жур­на­листердің сәнді ордасы. Бір ғана «Алма­тыдан сөйлеп тұрмыз!» деген асқақ сөз қаншама ұрпақтың жадында жаңғырып келді. Алматы – ұлы мұраттар мен биік мақсаттарға баспалдақ бекет ретінде бұдан әрі де жасап, жаңара беруі керек.

Алматы – ең бастысы Алаш баласы аңсап жеткен азаттыққа қол жеткізгенде байрағымызды көтеріп, байтағымызды бекіткен қасиетті астанамыз ретінде бағалы! Мұны Тұңғыш Президент – Елба­сы өзінің әр сөзінде үнемі зор махаббатпен, үлкен жауапкершілікпен айтып отырады.

Алматы төрінде рухымыз түлеп, ұлттық санамыз салтанат құрды. Алматы көшелерінде ұлы қолбасшымыз Абылай хан, ұлы хакіміміз Абайдан бастап ел тарихына есепсіз еңбек сіңірген даңқты тұлғалардың ескерткіштері алғаш бой көтергені де тың тарихтың жаңа парақтары сияқты.

Жалпы, Алматының символы – әрине, Алматы апорты. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Иісі жұпар, дәмі шекер, түсі нарт қызыл жемісте Алматының бүкіл жұмбағы жасырынып тұрғандай сезіледі. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алматы апорттың Отаны екенін және оның Алатаудың баурайында өсетінін мақтанышпен айтқанда әлем назары Алматыға тағы бір мәрте жалт қарағандай болды!

Белгілі ғалым Бэрри Джунипер «Алмалар тарихы» атты кітабында, ал ұлы­британиялық жазушы Кристофер Роббинс «Қазақстан – алма мен қызғал­дақтың Отаны» атты кітабында алманың Отаны Қазақстан екенін атап көрсеткенде біз Алматы феноменіне жаңа көзқараспен қайта үңілу керегін түсіндік.

Мыңжылдық тарихы бар мегаполистің бүгінгі келбеті тіпті өзгеше. Табиғаты әсем, тарихы терең рухани елордамызды әр қазақ көзінің қарашығындай қорғап жүруі шарт. Бүгінде екі миллионнан астам халық тұратын бай шаһар кейде Қазақстанның ғана емес, әлемнің кіші макетіндей елестейді. Алматы еліміздің рухани берік діңгегі екенін мойындауымыз керек. Алматы – мемлекеттің саяси да, экономикалық та биік көрсеткіші.

Кейде әр қала өзінің жанын сол қалаға ғана тән ерекше белгілерде сақтайтындай көрінеді. Алматы бірде өзінің жанын асқақ Алатаудың биік шыңдарына, енді бірде Көктөбе мен Шымбұлақтың шыршалы келбетіне, я болмаса Жетісудан өріліп аққан асау өзендерге жасырғандай болады. Кейде ғимараттары көкпен таласқан, қарт шыңдарды бөктерлей бой көтерген бұл шаһарда жүректері сыршыл сезімге толы адамдар ғана сүретіндей көресің. Қызық. Биік қала тұрғындарының да талғамы биік, рухтары өршіл болып тұрғандай сезіледі.

Біз бұның бәрін неге айтып отырмыз. Бас басылым бүгіннен бастап ару шаһар жайлы арнайы бет шығаруды жоспарлап отыр. Осы жоба арқылы Алматының әр құбылысын жан-жақты ашуға тырысқымыз келеді. Алматының ішкі өмірі мен жүйелі жұмыстарына кеңінен тоқталуға бұл жоба үлкен платформа сияқты.

Әр қазақ өз Алматысын жырлап өтуі керек дер едік. Алматы – Алаштың екінші аты, екінші тынысы, елдің ең ірі мегаполисі ретінде мәңгілікке асқақтай бермек.