• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бағдарламалар 05 Қараша, 2019

Жалға берілетін пәтерлерге өтінім қабылдау басталды

922 рет
көрсетілді

Жыл басында Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында: «Жас от­басыларға арналған бас­пана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкімет­ке алдымен Нұр-Сұлтанда, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет. Бұл пәтерлер жалда­малы баспана санатына жат­қызылуы тиіс», деген болатын. Осыған орай өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде жұмысшы жастарға арналған жалдамалы пәтерге өтініш берудің басталғанына орай арнайы брифинг өтті.

Жалдамалы пәтер кімдерге беріледі?

Статистика бойынша, Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығында 4 млн-ға жуық жастар бар. Оның ішінде 245 мың жас азамат елордада өмір сүреді, жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің айтуынша, биыл жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер қарастырылған. Сонымен Жастар жылындағы сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерге кімдер өтінім бере алады?

Бірінші, жасы 29-ға толмаған кез келген Қазақстан  азаматы (құжат­тарды тапсыру және өтінімдерді қарау кезінде, яғни 2019 жылдың 6 жел­тоқсанына дейін өтінім беруші азамат 29 жастан асып кетпеуі керек) қатыса алады. Екінші, мектеп аттестаты мен жоғары оқу орнын бітірген дипломы бар және жұмыс істеп жатқан азамат болуы керек. Үшінші, Нұр-Сұлтан қаласында кейінгі 2 жылдан кем емес тұрақты тіркеуде (міндетті түрде екі жыл тіркеу болуы керек. Яғни, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты тіркелген, бірақ қандай да бір себептермен үзілістер болса – үміткер іріктеуден өтпейді) болуы міндетті. Төртінші, өтініш берушінің және оның барлық отбасы мүшелерінің Қазақстан бойынша меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға алу тұрғын үйінің болмауы, бесінші төлем қабілеттілігін растау (өтініш берушіде соңғы 6 айда ай сайынғы табыс кемінде 101 000 теңге) керек.

– Үміткерлерді таңдағанда оның отбасылық жағдайы мен балаларының болуы да ескеріледі. Аталған бағдар­лама 2021 жылға дейін жүзеге асырылады. Яғни, әр жыл сайын 3 мың пәтер жалға берілсе, 2021 жылға дейін республика бойынша 9 мың пәтер берілетін болады. Бұл мақсатта бюджеттен 21,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, пәтер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі, – деді Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі Жастар жә­не отбасы істері комитеті төраға­сы­­ның орынбасары Шахмардан Байманов.

 Қандай құжаттар керек?

Егер жастар жоғарыдағы бес критерийге сай келсе, құжаттарын тапсыра алады. Өтінім берушілер Жастар саясаты жөніндегі басқармаға келесі құжаттарын тапсырады: арнайы үлгі бойынша жазылған өтініш; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат; білімі туралы құжат; неке қию туралы куәлік (бар болса); балалардың туу туралы куәлігі (бар болса); өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүлік­тің жоқтығын растайтын анықтама; жұмыс орнынан анықтама; өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама; Қазақстан Рес­пуб­ликасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы мен қозға­лы­сы туралы үзінді; өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).

Құжаттар пакеті бес жұмыс күні ішінде тексерілуі тиіс. Егер өтінім беруші барлық анықтамаларын жинап үлгермесе, ол үшін тағы бір күн беріледі. Адамдар құжаттарын тапсырған соң, қараша айынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғын үй бөлінеді. Әкімдіктер 10 жұмыс күні ішінде балды санап, үміткерлер тізімін жасауы тиіс. Балды неғұрлым жоғары болған сайын пәтер алу ықтималдығы соғұрлым көбірек.

– 29 жасқа толмаған астаналық жастар жалға пәтер алуға өтінімді әкімдікке немесе тиісті орындарға құжат жинап сабылмай-ақ, Smart Astana порталы арқылы электронды түрде тапсыра алады. Жалдамалы үйден үмітті болсаңыз Smart Astana порталында ЭЦҚ арқылы онлайн режімде өтініш жібере аласыз. Ал құжаттар қарашаның 5-10 ара­лығында қабылданады. Содан соң барлық өтініш тексеріледі. Бұдан әрі әкімдік 25 қараша мен 6 жел­тоқсан аралығында балды есептеп, үміткерлердің тізімін жасайды. Балл неғұрлым көп болса, пәтерді алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары, – дейді қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй» қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

 Ұпай не үшін және қалай есептеледі?

Бұл құжаттардың көпшілігі жалдамалы пәтерді алуда жеңілдіктер үшін сұралады. Яғни, әрбіріне балл есептелініп, жоғары балл жинаған жастар алдыңғы кезекте баспанаға ие болады. Ал үміткерлер бірдей балл жинаған жағдайда өтінішті бұрын тапсырғандар басымдыққа ие болады.

Егер сіздің кәсібіңіз «Еңбек» мем­­лекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қажетті 100 мамандық тізіміне кіретін болса — 10 балл (сұранысқа ие 100 мамандықтар тізім zhilfond.кz сайтынан қарауға болады), отбасылы болса – 5 балл (некеде тіркелген әрбір жылы үшін 2 балл), 1 бала болса – 1 балл, екінші баладан бастап – 2 балл қосылады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқаныңызға кемінде 1 жыл болса – 5 балл, әрбір жыл үшін 1 балл есептелінеді. Өз саласында жеке жетістіктері болған кісілерге 2 балл есептелсе, бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін 5 балл (еңбек өтілінің әрбір жылына 1 балл) қосылады. Ал екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін 2 балл есептелінеді.

 Тұрғын үй қай жерде орналасқан?

Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасы мәліметі бойынша, 1050 пәтердің 202-сі 2 бөлмелі пәтерден, 848-і 1 бөлмелі пәтерден берілетін болады. Жас азамат немесе азаматша жалға берілетін пәтерде 5 жыл тұра алады. Яғни, 5 жылдан соң пәтерді босату қажет және сатып алу құқығы берілмейді. Себебі ол пәтер баспанаға зәру кейінгі буын жастарына берілетін болады. Ай сайынғы пәтерді жалдаудың құны 5 мың теңгеден 15 мың теңге аралығында болады. Бұл жерде пәтердің ақысы көлеміне қарай белгіленеді.

Сондай-ақ елорда әкімдігінің бас­па­сөз орталығында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұ­р­ғын үй қорының директоры Нұр­сұлу Қожахметова жалдамалы бас­пана­лар Ш.Уәлиханов – С.Сей­фул­лин кө­ше­сінің қиылысында («Артем» СО маңайы), Бөге­нбай батыр мен Ә.Жангелдин көше­лерінен берілетінін, бір бөлмелі пәтер ауданы 30-45 шаршы метр болса, екі бөлмелі 46-70 шаршы метр аралы­ғында, бәрі де жаңа пәтер екенін айтты.

Тәуелсіздік күніне орай сатып алу құ­қығынсыз жалдамалы пәтерге иә бол­­­ған азаматтардың тізімі zhilfond.kz сай­тында жарияланады. Сондай-ақ атал­ған бағдарламаға қатысты бар­лық сұрақ бойынша 109 колл-центр нөмі­ріне хабарласа аласыз. (Ұялы телефоннан тегін).