• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қараша, 2019

Түмендегі қазақ сыныбы

144 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан мен Ресейдің шекаралас ай­мақтарында орналасқан өңірлер арасындағы эко­номикалық, мәдени, рухани ынтымақтастықты дамыту бағдарламаларына орай іс-шаралар жүйелі түрде атқарылып келеді.

«Араласпаса, ағайын да жат»­ деп текке айтылмаса керек.­ Оның үстіне көрші елде тұ­рып жатқан ағайындарымыздың қа­та­ры көп екенін ескерсек, мұн­­­дай­ байланыстардың ма­ңы­­зы өлшеусіз екені айтпаса да тү­сінікті. Жуырда Қорған облысына қарасты Макушин ауданында алғашқы қазақ сыныбы ашылғанда тағдырын осы өңірмен байланыстырған 12 мыңға жуық қандасымыздың қуанышында шек болмаған. Қорған облысы ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Ораловтың бас­тамасымен шаңырақ көтерген қазақ сыныбының ашылу салтанатына Қызылжар өңірінен арнайы делегация қатысып, ғылыми-әдістемелік оқулықтар мен кі­тап­тар сыйға тартқан. Мұнда М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жа­нын­дағы колледжді бітірген жас ма­ман Алтынай Бекешева ұстаз­дық етеді.

 Енді, міне, осы жаңалықтың ізі суымай жатып Түмен төрінен жыл құсындай сағындырған тағы бір қуанышты хабар жетті. Екі мыңдай қазақ тұратын Упорово селосында қазақ сыныбының тұсауы кесілді. Аудан әкімшілігінің басшысы Леонид Сауков балалардың ана тілінде алаңсыз білім алуына барлық мүмкіндіктің тудырылатынын айта келіп, әдістемелік оқу әдебиеттерін сатып алуға арнайы сертификатты табыс етті. Есенғали Ибраев жетекшілік ететін қазақ автономиясы орталығы да қаржылай қолдау көрсетті.

 – Қазір 25 оқушы дәріс алады. Ынталары жақсы. Тек 1989 жылы жарық көрген оқулықтарды пайдаланып жүрміз. Қазақстан жағынан практикалық көмектер көрсетілсе, құба-құп болар еді, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Айтқожинова.

 20 мыңнан астам қандасымыз мекендейтін облыстың Голыш­манов ауданында тағы бір қазақ сыныбын ашу жоспарланған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы