Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек қараша айында өтетін ойындарға шақырылған футболшылардың есімдерін жариялады.
Қазан айындағы Кипр және Бельгия құрамаларына қарсы өткен матчқа шақырылған футболшылардың тізімімен салыстырар болсақ, бұл айда құрамада тек бір ғана өзгеріс бар екенін байқауға болады. Өткен айда шабуылда ойнаған Тоқтар Жанғылышбайдың («Ордабасы») орнына бас бапкер Михал Билек бұл жолы «Ақтөбе» клубының шабуылшысы Абат Айымбетовты ойнатуды жөн керген екен.
Сонымен, тізімге енген 23 футболшы төмендегідей:
Қақпашылар: Дмитрий Непогодов («Ордабасы»), Стас Покатилов («Қайрат»), Игорь Шацкий («Шахтер»);
Қорғаушылар: Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмирий Шомко (барлығы – «Астана»), Нұралы Әліп, Ғафуржан Сүйімбаев (екеуі де – «Қайрат»), Александр Марочкин («Қайсар»), Темірлан Ерланов, Сергей Малый (екеуі де – «Ордабасы»), Олжас Керімжанов («Жетісу»), Ян Вороговский («Беерсхот», Бельгия);
Жартылай қорғаушылар: Юрий Перцух («Астана»), Айбол Әбікен, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат (барлығы – «Қайрат»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Бактиер Зайнутдинов («Ростов», Ресей);
Шабуылшылар: Максим Федин («Тобыл»), Алексей Щеткин («Ордабасы»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»).
Қазақстан Ұлттық құрамасы қараша айында Еуро-2020 турнирінің соңғы екі ойынын сырт алаңда өткізеді. 16 қараша күні Сан-Марино құрамасымен ойнайды. Ал 19 қараша күні Шотландиямен кездеседі.