Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дана Құрманбек құрғақ сарысуды өндіретін бизнес-жоба ойлап тапты.
Жас ғалым аталған жобаны жүзеге асыруға екі 2 миллион теңге ұтып алған. Оқушының бизнес-бастамасына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдау білдірген. «Біздің елге құрғақ сүт сарысуы Ресей мен Беларусь мемлекеттерінен импортталады. Ал оны өзіміз өндіре бастасақ, қосымша шығындардан арылатын едік. Құрғақ сарысу 150-ден астам өнім түрлерін шығаруда қолданылады. Олардың қатарында косметикалық және фармацевтикалық құралдар, шұжық және кондитерлік өнімдер, балмұздақтың түрлері бар», дейді жас өнертапқыш.
Дана Құрманбек өз идеясын жақын арада іске асыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда бизнес-жоспарына сай инвестиция да дайын екен. Оқушы өзінің бизнес-жоспарын Назарбаев зияткерлік мектебі экономика пәнінің мұғалім-модераторы әрі жетекшісі Әлия Жусанбаеваның басшылығымен мұқият құрып, есептеген. Ал Әлия Жусанбаева сүт өнімдерінің қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрғақ сарысуды өндіру жобасын жүзеге асыруды Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында жүзеге асырғанын, болашақта бұл еңбек өңірдің және елдің экономикасына пайда әкеледі деген үмітте екенін жеткізді.
Жамбыл облысы