«Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің қолдауымен «ҚР ҰҚК Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында волейболдан жарыс ұйымдастырды. Айтулы шара осы салада еңбек етіп, спорттық сайыстарда елеулі табыстарға қол жеткізген ардагер барлаушыларды еске түсіруге арналды.
Егемен елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан жас жеткіншектерді еңбекке баулу, рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу – аға буынға жүктелген міндеттердің бірі. Ұзақ жылдар бойы сыртқы барлау қызметінің ардагерлері жас ұрпақтың салауатты өмір сүруін қалыптастыру бағытында көптеген игі істер атқаруда.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «ҚР ҰҚК ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының төрағасы Әбдімәлік Райымқұлов пен «ҚР ҰҚК Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бердіхан Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйледі. Ал бәсекелер ҰҚК-нің Сыртқы барлау қызметі мен Шекара қызметі, ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті, ҰҚК Академиясы мен ҰҚК Арнайы ақпараттық қызметі командалары арасында өтті.
Сыртқы барлау ардагерлерінің волейбол командасы ТМД аумағындағы жарыстарда сан мәрте атой салған. Бұл ұжымға ұзақ жылдар бойы «Қазақстан Республикасы ҰҚК Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары міндетін атқарған, елден тыс жерлерде арнайы операцияларды орындап, екі мәрте Қызыл Жұлдыз, Ауғанстанның «Бірінші дәрежелі Жұлдызы» және «Батылдығы үшін» ордендері және көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған полковник Әбдіғапар Мирманов жетекшілік етті. Айтулы азамат 2017 жылы көктемде қайтыс болды. Қазір жыл сайын спортшы ардагерлерімізді еске алып осындай турнирлерді өткізу дәстүрге айналырдық. Сондай-ақ, осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен марқұм – полковниктер Тұрлыбек Ниязқұлов пен Анатолий Пушкарев дәл осы команда сапында ойнаған. «ҚР ҰҚК ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалын басқарған марқұм Марат Шабанбаев та спорттың осы түрін әбден меңгерген, – деді өз сөзінде Бердіхан Сәрсенбаев.
Аса шиеленісті өткен жарыста жеңімпаз атанған ҰҚК Шекара қызметі академиясының командасы ауыспалы кубокқа ие болды. Екінші орынды Сыртқы барлау ардагерлері жеңіп алса, жүлделі үшінші орынды шекарашы ардагерлер иеленді. Жүлде алған командаларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Жарысқа қатысқан барлық ойыншыларға «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің символикалары бар вымпелдер мен кәдесыйлар таратылды.
АЛМАТЫ