Биыл мамыр айында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары мен студенттері бірлесе отырып, «7 жаңа туристік маршрут» жобасын қолға алған-ды. Жақында аталған стартап жоба аясында Алматы облысының тарихи орындарына арнайы экспедиция жасақталып, студенттер киелі жерлермен танысып қайтты.
Оның алдында жаңа маршруттардың желісін жасақтау үшін студенттер мен магистранттар арасында конкурс ұйымдастырылған. Сайыс барысында әр команда көпшілікке кеңінен таныла қоймаған, алайда туристік әлеуеті жоғары нысандардың өзіндік ерекшелігін таныстырып, бизнес-жоспарын қорғады. Қазылар алқасы әрбір жобаның мәні мен маңызын сарапқа сала келе, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің «Жетісу» тобының «Жетісу – жер жәннаты» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылған болатын. Жобада «Жеті қазына» құсбегілер мұражайы, «Ойрантөбе» тарихи орны, «Бартоғай» көлі, Шарын шатқалындағы «Қамалдар аңғары», «Жабыр», «Темірлік Шыңғысхан бейнесі», «Қызылсай» сияқты тарихи, табиғи ерекшелігі бар нысандар қарастырылған.
Осылайша «Жетісу» тобының мүшелері «Құсбегілік – қазақтың төл өнері» экспедициясының құрамында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жеті қазына» құсбегілер мұражайына арнайы барды. 2003 жылы ашылған мұражай саятшылық өнерін өркендетіп отыр. Бүгінде мұнда 11 құсбегі мен қыран бүркіттер бар.
Бүркіттен бөлек мұнда қазақтың таза тұқымды тазысы мен төбеттері, саятшылыққа қажетті құрал-жабдықтар, балбал тастар бар. Жәдігерлердің барлығы жергілікті тұрғындардың көмегімен жинақталған.
Сонымен қатар экспедиция аясында Шарын шатқалына да арнайы сапар ұйымдастырылды. География және туризм кафедрасының меңгерушісі Шайхислам Лайсхановтың айтуынша, «Алқаптар ғимараты» деп аталатын Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым қашықтықта орналасқан.
Студенттер саяхаттың өте қызықты әрі әсерлі болғанын айтады. Олар осындай саяхат арқылы табиғи, тарихи нысандарды көпшілікке көрсететін жаңа туристік маршруттарды құрастырмақ.
АЛМАТЫ