Тараз ежелден шайырлардың мекені болған шаһар. Шығыс ақындарының ғазалдарынан төгілген күй, алапат әсердің бәрі де күні бүгінге дейін тарихи топырақта өмір сүріп келеді. Бүгінде Таразда әйгілі шайырлардың ізін басып келе жатқан жас ақындардың өзі бір шоғыр. Жергілікті жастардың ортақ идеясынан туындаған «Авангард» жобасы биылғы жылы тамыз айында жүзеге асқан еді. Жуырда Тараз қаласында осы «Авангард» жобасының «Күзгі романс» атты әдеби-сазды кеші өтті. Мұнда Тараздың талантты ақындары ғана емес, өлеңсүйер қауым да көптеп жиналды.
Қараша кешін жас ақын Нұрболат Жолдасбек жүргізді. Поэтикалық кеште әуелі жас өнерпаз Саят Тұрдалы саксофон аспабымен керемет әуен ойнап, көпшілікті тәнті етті. Ал жас ақын Арайлы Жақсылық келушілерге «Авангард» жобасының мәнін ашып таныстырды. Ол өз сөзінде кештің басты мақсаты оқырманға эстетикалық ләззат сыйлау, мәртебелі поэзияның құдіретін оқырманға сезіндіру екенін айтты. Күзгі кештің басты ерекшелігі ретінде шараға келген өлеңсүйер қауымнан ақ және қара түсті дресс-код талап етілді. Кеш барысында Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі, Назерке Оңғар, Шапағат Әбдір және өзге жас ақындар да түрлі тақырыптарда өлең оқып, өмірдің ақ пен қара түстерден тұратынын жырлары арқылы ұғындырды. Сонымен қатар жастардың кешіне ару Алматыдан танымал өнер жұлдызы Қадырғали Көбентай арнайы келіп, өз лебізін білдірді. «Әулиеата өңірінде небір мықтылардың өткенін білеміз. Қазақ – ақынын ардақтаған халық. Осындай кештер арқылы қаламгерлер бір-бірімен жақын танысып, шығармашылық байланыс орнатады», деді ол. Қадырғали Көбентай гитарамен өзінің «Елге сәлем», «Айт дедің-ау», «Ұнайды» әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Өз кезегінде Нұрлан Әбдікәрім Данияр Әлімқұлдың сөзіне жазылған «Қалау» атты әнін орындап, тұсауын кесті. Жалпы, бұл күні ашық микрофонда ақындар ғана емес, өлеңсүйер қауым да өлең оқып, өздерінің поэзия туралы пікірлерін білдірді.
Аталған жыр кешіне қазыналы Қаратаудан келген ерлі-зайыпты ақындар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова ән шырқап, өлең оқыды. Ал Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали да әуелете ән салып, өлең оқыса, жас ақындарға қолдау көрсеткен кәсіпкер Жанар Бүркітбаева да кеш төрінен табылды. Осылайша жамбылдық жастар сағыныш айын, мұң мезгілін жүрек төріне мәңгілік сақтап қалатындай көркем кештің куәсі болды.