• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қараша, 2019

Балаларды бауырына басқандар

406 рет
көрсетілді

Елімізде «Қамқоршылар күні» жыл сайын қазан айының 29-ында атап өтіледі. Мақсат – қамқор­шы­лар мен қор­ғаншыларды қолдап, пат­ро­нат­тыққа алынған бүлдіршін­дерді, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы үлгісінде тәрбиелеуді насихаттау.

Ал аудан орталығы Көктөбе ауылының Жал­тыр орта мектебінде өткен «Мейірімді жү­рек» мере­келік шарасы аудандағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала­ларға және олардың қамқоршы­лары мен қорған­шы­лары­на арналды. Шақы­рылған­дардың барлы­ғы­на да «Мейірімді жүрек» төсбелгісі тағылды. Айт­са айтқандай-ақ, мейірімді ізгі жандардың көбеюінен елімізде қазір балалар үйлері жабылып, жетім балалар саны азайып келе жатқаны белгілі. Жалтыр мектебінде өткен шараға келгендердің бірі – қамқоршы Райхан Тілеукина болса, ол өзінің бауырының балалары Рината мен Амиранды тәрбиелеуде.

– Бауырыма басқан осы екі баланы «Балалар үйіне» өткізбейін деп өз қамқорлығыма алдым. Балалар үйінде балалар саны азайса, аман-есен жеткізсем, осы аманатымды орындасам деймін, – дейді Райхан апай.

Көктөбе ауылында тұратын Қуаныш Көшербайұлы Төлеу Әрсеннің, Людмила Жұмаділова Бауыржан Жұмаділовтың, Любовь Шиябутдинова Алина Серікбаеваның, Гүлжан Қадырбекқызы Данельдің қорғаншысы және Ратмир, Тамир, Лиана Мингазутдиновтардың қамқор­шысы, Динара Доғалақова Мейрам­гүл мен Айшагүл Доғалакованы, Күлпан Иманша­рипова Оналқан Қазбекті, Раиса Аязбаева Ділмұхамед Аязбаевтарды тәрбиелеуде.

Әрқайсысы әртүрлі тағдырлы балаларды бауырларына басып, мейірімді жүрек, аялы алақан жылылығын сыйлауда. Барлығы да қамқорлығына алған ұл-қыздарды балалар үйіне бермей, өз балаларымен бірдей көріп, бағып-қағып өсіруге аманат арқалаған жандар.

– Балаларды балалар үйіне жібере алмай­мын. Өсіріп, жеткізем. Бәріміз бір қазаннан ас ішеміз. Бір қазан ас бәрімізге де жетеді, – дейді Саты ауылының тұрғыны Құралай апай.

Мейірімді жандардың қатары аз емес, мысалы, Қаратерек ауылының тұрғыны Сәбира апай Атанбай Алдиярға, Қайынжамал апай Саида Мұқтарова мен Арнат Көпежановқа қамқоршы болып тағайындалған. Малайсары ауылының тұрғыны Қайырбек ағамыз Әлішер Қазбековты өз қамқоршылығына алған азамат екен. Ал Құралай Рысбекова Зарина, Азат Социалдардың қамқоршысы.

Сонымен қатар Май ауылының тұрғыны Балтабай Қуат Данара Балтабайдың қамқор­шысы, Баскөл ауылының тұрғыны Назым Сейфуллақызы Әлинұр Надырбаевтың патронаттық тәрбиешісі. Майтүбек ауылының тұрғыны Владимир Белоус Руслан Түстікбев, Александр Плаксенконың қамқоршысы, Алмагүл апай Риза Қазбекованың қорғаншысы.

Иә, жетімдерге жан жылуын сыйлаған осындай қамқор жандар ортасында отырып, әңгімелерін тыңдағанда көзге жас келеді. Қамқорлығына алған балаларына деген үлкен жауапкершілікті, жылылықты, мейірімді бауырмалдықты байқайсыз.

Қорғаншылар мен қамқоршылар балаларға өздерінің туған әке-шешесіндей бола алмас. Бірақ тағдырдың қатал сынына ұшырап, отбасынан ажырап қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, бауырына басатын жандардың арамызда болғаны көңілге демеу.

– Бүгінгі шара әлеуметтік жетімдіктің алдын алу негізінде ұйымдастырылған. Мақсаты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балаларға отбасылық жылуды және қам­­қор­лықты сезіндіру. Ата-анасының қам­қор­лы­ғын­сыз қалған және көмекке мұқтаж бала­лар үшін елімізде арнайы қорғаншылық және қамқорлық органдары жұмыс істейді. Осындай балаларды іздеп, тауып, оларды орналастырып, тұрмыс жағдайларын бақылау міндеттерін жүзеге асыру бізге жүктелген, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Темірболатова.

Ауданда қамқоршыларды бір-бірімен таныстыру, кездескен қиындықтарды шешу жолдары жəне өзара тəжірибе алмасу және психологиялық қолдау мақсатында арнайы тренингтер өткізіледі.

– Мақсат – ата-анасынан айырылған бала­ларға қамқор болып отырған қамқор­шылар­ға ілтипат білдіру. Басқа ата-аналарға олар­ды үлгі-өнеге ретінде насихаттап, жүрек жыл­уын ояту. Бала тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Сон­дық­тан ауданда ауыл­дық аумақтағы ақса­қал­дар, әйелдер кеңесі, жастар қанаты бірлесе жұ­мыс істеуде, – деді іс-шараға қатысқан аудан әкімі Марат Ақтанов.

Іс-шараға келушілер арасында Людмила Архиповна Ирина Ёлкинаның, Асият Кеңес­қызы Максим, Алексей Перстнёвтердің, Денис Ковалев Андрей Ковалевтің, Юлиананың, Әсел Қасыбаева Төлеу Серіктің, Әсия Асхат­қызы Нұр­сул­тан Қайдаровтың, Любовь Воло­буева Юлия, Алина Калиниченколардың қамқор­шылары болды.

– Жалпы, ауданда жетім және ата-ананың қамқорлығынан қалған балалардың саны – 33, ал қамқоршылардың және қорғаншылардың саны – 22 адам. Қазір жетімдерді қамқорлық­тарына алған отбасылар қатары көбейіп келеді. Аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Қамқоршы күнінде» жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына басқан жүректері мейірімге толы, ізгі жандарға құрмет көрсеткіміз келді, – дейді аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мәдина Құсайынова.     

Іс-шара аясында жетім балаларға жан жылуын сыйлаған қамқор жандарға аудан әкімдігі тарапынан сый-сыяпат жасалып, құрмет көрсетілді. Әлбетте қорғаншылар мен қамқоршылар өз міндеттеріне ақша талап етпейді. Сондықтан қабылдаушы отбасын­да баланың сәтті бейімделуі, отбасы тәр­биесіне алынған балаға деген сүйіспеншілігі, шыдам­дылы­ғы және еңбегі үшін қамқоршылар мен қорғаншыларға алғыс айтылды.

Пайғамбарымыз жетімнің басынан сипа­ғанға оның қанша тал шашы болса, сонша са­уаптан жазылатынын айтқан. Бұл ізгілікті сауап ата-ана мейірімінсіз өсіп келе жатқан балаларды бауырына басқан жандарға арналғандай.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы