Салқар сахарада жападан-жалғыз тұрып, сойқан соғыстардан, зобалаң замандардан күн күйдірген, ай суытқан кірпішінің мұрты сынбай бүгінгі күнге аман-есен жеткен Жошы хан мазарының айдай әлемге әйгілі болар күні туған сияқты. Биыл ұлт ұясы Ұлытауда болғанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы хан есімін жоғары деңгейде ұлықтау шаруасына жеделдете кірісу керектігін шегелеп айтты. «Біз, – деді Президент, – Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз керек. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет».
Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы жылдың 24 тамызында «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде айтқан болатын. «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс, – деген бұған қоса ел Президенті. – Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек».
Сонымен қатар Мемлекет басшысы халық осы қасиетті жерде сайланған хандарды ақ киізге көтергендіктен, біз үшін Ұлытаудың қазақ жерінің орталығы болып саналатынына айрықша маңыз берді. «Ұлытау» ұлттық қорық-музейі халық игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында қазақ хандарының аллеясы ашылды. Сондықтан қазір біз шетелдіктерді халқымыздың баға жетпес бай мұрасымен таныстыруға көмектесетін жаңа жолдар ойлап табуымыз керек», деген болатын сол сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлытауда ұлыларымызды ұлықтау және осы өңірде туризмді дамыту бойынша іргелі істерге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы айтқан жоғарыдағы пікірі мықты серпін берді деп сеніммен айтуға болады. Бұл күнде Ұлытау мен Жошы хан кесенесі елдің аузында, әкімдердің назарында. Бұдан бөлек, бұл өңірде 600-ден астам тарихи ескерткіштің бар.
Сонымен Президент тапсырмасынан кейін Үкіметте, қала берді Қарағанды облысында қандай қозғалыстар болып жатыр екен, енді соған аз-маз тоқталалық. Алдымен Үкіметтен бастайық. Премьер-Министр Асқар Мамин Жошы ханды ұлықтау ісіндегі жұмыстың бірнеше бағыт бойынша жүргізілетінін айтады. Мысалы, ол Нұр-Сұлтан қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында елорда көшелерінің біріне Жошы ханның есімін беру және оған ескерткіш орнату мәселесінің қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінде Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінің аумағын абаттандыру жұмыстарының жобасы әзірленіп жатқанын да атап өтті.
Жалпы, алдағы күндердің жоспарында Жошы хан кесенесіне жақын орналасқан «Жошы ордасы» деп аталатын қалашықты зерттеп, Ұлытау өңірінің археологиялық картасын әзірлеу де бар. Бұдан бөлек, Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін дамыту үшін алдағы жылы «Алтын Орда» экспедициясын ұйымдастыру, Ұлытау өңірінде республикалық маңызы бар Алаша хан, Жошы хан тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумағында визит-орталық пен этноауыл құру сияқты игі шаруалар да қолға алынбақшы.
«Туристік бағдарлар мен соқпақтар әзірленіп, кемпингтік тұрақтар, туристерге баратын жерлерде санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады. Баспасөз турлары аясында Жошы ханның кесенесін шетел журналистері баратын нысандар қатарына енгізу көзделген. Барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ-та, «The Astana Times» газетінде ағылшын тілінде, Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің интернет-ресурстарында және мемлекеттік органдардың ресми порталдарында жарияланымдар шығады», деді Үкімет басшысы.
* * *
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, әлеуметтік және экономикалық-саяси мәні зор бұл шаруа бойынша Қарағанды облысына зор міндеттер жүктелген. Қазірдің өзінде жергілікті әкімдік келесі жылы облыс орталығы мен Ұлытау ауданында Жошы ханға ескерткіш орнатуды жоспарлап отырғанын мәлім етті.
Бүгінде Ұлытауда жалпы құны 546 млн теңге болатын туристік визит-орталық пен жаңа мұражайдың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Жалпы, бұл құрылыс биылғы жылдың маусым айында басталған болатын. Қазір нысанның сыртқы жұмыстары аяқталды деп айтуға болады. Ендігі қалған жұмыстар – үй-жайлардың ішін әрлеу мен ғимараттың қасбетін абаттандыру. Айта кету керек, туристік визит-орталықтың құрамына ақпараттық блок, экспозициялық зал, қалпына келтіру шеберханасы, кітапхана, сондай-ақ жүк сақтау камералары, 30 орындық жатақхана және асхана кіреді.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Лейла Бақытованың айтуынша, бұл шаруалар туризмді дамыту бойынша жасалып жатқан үлкен жобаның бірінші кезеңіне ғана тиесілі екен. Ұлытауда пайда болатын келесі нысан этноауыл көрінеді.
Айта кететін қуанышты бір жайт, Ұлытауға келетін туристер саны бүгінгі күнде екі есеге артыпты. Мұражай-қорық қызметкерлері келтірген деректерге сүйенсек, 2017 жылы қорық-музейге 11 мың саяхатшы келсе, соңғы екі жылда олардың саны 24 мың адамға жетіп жығылған.
– Өкінішке қарай, – дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы сәулет бөлімінің бастығы Баян Шайғозова, – қолды байлайтын проблемалар да жоқ емес. Нақты айтсақ, жолдардың жағдайы нашар, қоғамдық тамақтану орталықтары мен қызмет көрсетудің сапасы да төмен.
Иә, Ұлытауға турист деген ағайын ағылып келуі үшін ең бірінші кезекте жолдардың сапасын жақсарту керек. Шын мәнісінде, қазіргі жолдар сын көтермейді. Екіншіден, қолға алатын шаруа – жергілікті халықты саяхатшыларға жайылып жастық, иіліп төсек болатындай қызмет көрсету мәдениетіне баулу керек. Бұл үшін, әрине, туристер ат шалдыратын қонақүйлер мен қоғамдық тамақтандыру нысандарын көптеп салған жөн. Әрі бұл жерлер алыстан ат арытып жеткен қонақтар үшін аз күн болса да аса жайлы мекен болуы тиіс.
Жол демекші, өткен жылы Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелеріне апаратын 35 шақырым жол жөндеуден өтті. Ал келесі жылы «Хан Ордасы» және «Алтын Шоқы» тарихи орындарына апаратын 20 шақырым автожол жөнделеді деп жоспарланған. Қалай болғанда да бұл жолдардың сапасына қатты көңіл бөлінсе дейсің. Олай дейтін себебіміз, жөндеуден өтті деген осы жолдармен таяуда ғана жүріп өткенімізде арзан асфальттың, жүрдім-бардым жасалған дүниенің қандай болатынына көз жеткізіп қайтқанбыз...
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Алтын Орда кезеңі туралы нақты тарихи фактілер алу үшін Қарағанды облысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Сондай-ақ ол Қарағанды мен Жезқазған арасындағы тас жолдың, одан әрі Ұлытауға, Жошы хан мен Алаша хан мазарларына апаратын жолдарды жөндеп, қалыпта ұстауға қосымша қаражат қарастырылғанын да мәлім етті. Таяуда облыстық қоғамдық кеңес алдында есеп бергенінде өңір басшысы Ұлытаудағы Хан ордасы, Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелері сияқты тарихи һәм қасиетті жерлерге деген туристердің қызығушылығын арттыру мақсатындағы кешенді жұмыстарға бюджеттен 4 млрд теңге қаржы бөлінетінін де мәлім етті.
Бұдан бөлек, Сарыарқаның тарихи ескерткіштері туралы көркем фильм түсіріліп, ғылыми-танымдық жинақ шығару жоспарда бар. Ұлытауда туристердің жайлылығы үшін инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. «2030 жылға қарай бұл өңірге келетін туристер ағыны 100 мың адамға дейін жетуі керек», деп сеніммен айтады Жеңіс Қасымбек.
Ал Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау бірінші кезекте ғылыми жоба екендігін айтады. «Қазақстанда, оның ішінде Қарағанды облысының аумағында болған көптеген тарихи оқиға кейбір себептерге байланысты әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Сондықтан мемлекет осы мәселеге ерекше назар аударуда. Алтын Орда тарихына деген қызығушылық Қазақстанға көптеген туристі тартуға көмектеседі. Мұның бәрі еліміздің дамуына өз ықпалын тигізеді», дейді ол.
* * *
Тарихи деректерге сүйенсек, олар Шыңғыс ханның қол астындағы ұлыстарын Бөртеден туған төрт ұлына бөліп бергенін айтады. Атап айтқанда, бір баласы Моңғолияны басқарса, екеуі Иран мен Әзербайжанда билік құрған. Ал Жошы хан қазақ даласында орда тіккен екен.
Қазіргі таңда қазақстандық ғалымдар бұл кесененің Жошыға тиесілі екенін еш күмәнсіз айтады. Тіпті, қандай да бір күмән туындап жатқан күннің өзінде нартәуекел әрекеттерге баруға да болатынын айтады тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған.
«Қазір популяциялық генетика саласы дамып жатыр. Бізде онымен Жақсылық Сәбитов деген ғалым, Оразақ Смағұлов деген академик айналысып жүр. Тіпті, Мысырдағы перғауындардың сүйегін анықтап жатқанда, Жошы хан беріректе өмір сүрген адам. Қазақстанда төре тұқымдары жеткілікті, Абылайдың ұрпақтары, Шота Аман Уәлихановтар бар. Генетикалық сараптама жасап, кесенедегі сүйектің кімдікі екенін анықтауға болады. Тарихшы ғалымдарды көптеген жаңалық күтіп тұр деп ойлаймын», дейді ғалым.
Ал тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Ұлық ұлыстың атасы» атты мақаласында жасаған батыл тұжырым кесенеге қатысты көзқарастың аясын тіпті де кеңейте түседі.
«Ұлы қаған мен Жошының ұрпақтары тұрмақ, кешегі Қазақ хандығының негізін қалаған тұғырлы тұлғалардан көзге түсерлік, жадыны жаңғыртарлық естелік белгі тым аз қалған жоқ па? Ендеше, Сарыарқаның сайын даласының төрінде сан ғасырдан бері көненің көзіне, алтын аңыздың сөзіне айналған бұл аруақты ескерткіштің қастерлі қазақ даласының Алтын Орданың мирасқоры екенін әйгілеп тұрғаны анық!», дейді ол.
Ұлт ұясы Ұлытауда болғанында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанынан көп жұрттың бейхабар екеніне қынжылыс білдіріп, «Ата-баба аманатына адал болу – бізге сын», деген жоқ па?! Алтын Орданың тікелей мұрагері саналатын мемлекеттің басшысы осылай деп отырса, онда мұны өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, Ұлы дала төсіндегі ұмыт қалған жәдігерді жалпақ әлемге жария қылатын күн туды деп қабылдаған жөн шығар.
Яғни, сөзімізді түйіндер болсақ, Алаша хан, Жошы хан мазарларындай баға жетпес мұрасы бар Ұлытау жерінің алыстан аттың терін аямай келетін адамзат баласы үшін өркениет руханиятымен қауышуына мүмкіндік беретін ұлық мекенге айналса деген ұлы арман бар.
Қарағанды облысы