• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2019

Күй құдіреті араб әлемін мойындатты

402 рет
көрсетілді

Жуырда Тойкен Күдерова құрған Петропавлдың «Күдер» домбырашылар ансамблі Дубай қаласында өткен «Jumeirah Sounds» жасөспірімдердің халықаралық конкурсында өнер көрсетіп, елімізге бас жүлдені алып келді.

Қазақ күйінің құдіретін араб әлеміне танытқан жас күйшілердің арасында Расул Өмірзақов гран-при жүлдесін жеңіп алды. Тағы бір өнерпаз қызымыз Кәмила Мақпоз жеке орындауда бірінші орынды иеленді. «Күдер» домбырашылар ансамблі көрермендерге М.Әубәкіровтің «Талас», Т.Момбековтің «Салтанат» және т.б. күйлер ұсынған еді.

«Күдер» ансамблін Тойкен Күдерова 1995 жылы құрған. Ол кезде қазақ өнеріне деген салқын көзқарастан Петропавл әлі ары­ла алмаған болатын. Өзге ұлт түгілі орыс­танып кеткен қандастарымыздың арасында домбыраны менсінбейтіндер көп еді. Соның бірі өзі басқаратын мәде­ни мекеменің мерейтойлық концертін ұйым­дастырғанда «только домбру не надо» дей­тін қазақ әйелі әлі де ат үстінде келе жатыр.

Осындай қарсылықтарға, мұрын шү­йір­улерге қарамай Тойкен Күдерова ерен табандылықпен домбырашылар ансам­блін құрып, оның жұмысын бүгінге дейін жалғастырып келеді. Домбыраның құдіретін ол алдымен туған жерінде танытты, ал қазір Тәуелсіздіктің арқасында алыс шетелдерді де мойындатуда.

Күйші әрі өнердің ғаламат ұйымдас­тырушысы бүгінгі күні ақ бата мен ақ тілек­тің арқасында өнердің шыңдарына көтеріліп келеді. Мәселен, қазан айында ғана оның шәкірттері Көкшетау қаласында болған «Жаңа формат» атты халықаралық домбырашылар фестиваліне қатысып, түрлі номинация бойынша екі гран-при мен 3 екінші орынды қанжығаларына байлап қайтқан.

Тек осындай жетістіктерді жергілікті басшылар да мойындап, лайықты бағалап жатса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, алпыс жылдығын тойлағанда Т.Күдерованың тек «Мәдениет қайрат­кері» деген ве­домство­­лық атағы ғана бары білінді... Отыз жыл­дай өнер майданының өтінде болып және облыс қана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен нәтижелер көрсетіп жүрген жанның еңбегіне лайықты баға беру керек-ақ...

 

ПЕТРОПАВЛ