Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша сатып алу құқығынсыз жұмыс жасайтын жастарға жалға берілетін тұрғын үйлер туралы брифинг өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы Мемлекеттік бағдарламасының 3 тармағы мен 5.1 тармағында жұмыс жасайтын жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтер алу үшін қойылатын талаптар көрсетілген.
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев жалға пәтер берудің бірінші пулында Алатау ауданының «Көкқайнар» ықшамауданында орналасқан 249 пәтерге өтініш қабылдау 30 қазан мен 12 қарашада жүргізілгенін атап өтті.
Жұмыс істейтін жастардан өтініш пен құжаттарды қабылдау үшін арнайы www.almaty-jastary.kz сайты ашылды. Бүгінгі күнге дейін аталған сайтқа 1244 өтініш түскен.
Айбек Сайделдаев қазіргі кезде жалға үй берудің бекітілген ережесі бойынша құжаттардың толықтығы мен сәйкестігіне, баллдарды есептеуге және жалға пәтер алатын үміткерлердің тізімін жасауға қатысты жұмыстардың жүріп жатқанын айтты.
Балл есептеу баллдық жүйе бойынша атқарылады:
1)Өтініш беруші мамандық нарығының тізімі бойынша өте қажет 100 (жүз) мамандықтың Үкімет 2018 жылы 13 қарашада №746 қаулысымен бекіткен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, құзырлы орган бекіткен мамандықтың бірін игерсе - 10 балл;
2) Отбасы болса – 5 балл, некеде тұрған әр жылы үшін – 2 балл;
3) 1 (бір) баласы болса – 1 балл, одан кейінгі әр бала үшін – 2 балл;
4) кем дегенде 1 жыл ішінде кәсіпкерлікпен айналысса – 5 балл, әр жыл үшін – 1 балл;
5) өтініш берушінің әр саладағы жеке жетістігі үшін – 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдарда атқарған қызметі (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар) үшін – 5 балл, өтілінің әр жылы үшін – 1 балл;
7) екінші деңгейлі банктерде жинақтаушы есебі (депозиттер) болса – 2 балл.
Баллдар тең болған жағдайда көрсетілген мерзім бойынша өтінішті ерте берген үміткерге басымдық беріледі.
Жинақталған баллдар есептелген соң сайтта бағдарламаға қатысушылардың жалпы тізімі жарияланады, одан соң жалға пәтер алуға өтініш берген әрі жоғары балл жинаған үміткерлермен тұрғын үйді жалға беру туралы келісім – шарт жасалады.
Брифинг барысында Айбек Сайделдаев ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 1000 пәтер бөлінетіндігін, аталған бағдарлама бойынша өтініш қабылдау одан әрі жалғасатынын атап өтті.