• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қараша, 2019

Қостанай филармониясына 75 жыл толды

366 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Жастар сарайында өнер отауының 75 жылдығы мерекелік концертпен аталып өтті. Концертті Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі белгілі өнер майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың дирижерлігімен бастады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов филармония ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтады.

«Қазақ өнерінің хас шеберлері Елубай Өмірзақов, Ехсан Есетов, Бақытжан Байқадамов, Қазбек Әбенов іргесін қалаған ұжымның аты қазірде алысқа тараған. Өнер шаңырағының беки түсуіне ұжым ардагерлерінің қосқан үлесі қомақты. Олар Владимир Рыдченко, Александр Калугин, Александр Евсюков, Анатолий Заруба, Геннадий Стаканов, Гүлбану Абдуллина, Серік Әбілев, Қадыр мен Майра Қаржауовтар, тағы басқа да көптеген өнерпаздар болатын. Облыстың айнасындай өнер ұжымындағы қазақ және орыс ұлт аспаптары оркестрлерінің, ансамбльдердің өнерін тек облыс көрермендері ғана емес, алыс, жақын шетелдерде тамашалады» деді Архимед Бегежанұлы. Мұнан кейін облыс басшысы филармония әртістерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Мәдениет және спорт министрінің, облыс әкімінің грамоталарымен марапаттады.

Облыстық филармонияны мерекесімен еліміздің өнер жұлдыздары да құттықтап келіпті. Қазақ және орыс ұлт аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен ән әлемінің жұлдыздары Береке Еңсебаева, Сүндет Байғожин ән шырқаса, белгілі қобызшы Жанар Жүсіпбекова қостанайлық әріптесі қобызшы Батырбек Байназаровпен бірге шығарма орындады. Сонымен қатар көрермендер Қостанай филармониясының әншілері Манапбек Қадіровтың, Гүлбану Абдуллинаның, Гүлмира Үмбетованың, Талғат Молдағалиевтің, тағы басқалардың өнеріне қол соқты.