«Алматыдағы Мәскеу күндері» мәдени бағдарлама аясында Алатау баурайындағы әсем шаһарда орналасқан «Алматы Арена» спорт кешенінде тамаша спорттық шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, бокстан жоғарыда аталған қос қаланың жасөспірімдер құрамасы матчтық кездесу өткізді.
Айтулы жарыста 2004-2005 жылдары туған балғын былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Олар 12 салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста мықтыларды анықтады. Қатысушы командалардың сапында жас болса да, біраз белесті бағындырып үлгерген сайыпқырандардың аз емес екен. Мәселен, Мәскеу құрамасы өз жас ерекшеліктері бойынша Еуропа және Ресей біріншіліктерінде жүлде алған жас өрендерден жасақталды. Алматы командасы да осал емес. Қаладағы №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі түлектерінің түрлі деңгейлі додаларда жүлде алып жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Осындай жарыстар өткізу екі жаққа да тиімді. Өйткені, бір-біріне ұқсамайтын мүлде бөлек бокс мектептерінің түлектері өзара күш сынасу арқылы мол тәжірибе жияды. Өз артықшылықтарын аңғарып, кемшіліктерін байқайды. Оның үстіне, бұл – командалық бәсеке. Яғни, шаршы алаңға шыққан әрбір спортшы иығына қандай жауапкершіліктің артылғанын анық сезінеді. Егер ол ұтылса, командасының жалпы есепте жеңіске жетуіне кесірі тиетінін жақсы біледі. Спортшы сол сезім және сол рухпен айқас алаңына «бес қаруын асынып»шығады. Осы жайттың барлығы да жастарды жігерлендіреді. Намысын қамшылайды. Бір сөзбен айтсақ, бұл – үлкен тәжірибе мектебі. Десек те біз осы бір ғана шарамен шектеліп қалмауымыз керек. Әрбір жақсы дәстүрі жалғасын табуға тиіс. Сондықтан да мен қала спортының басшысы ретінде жуырда Ресей астанасына іссапарға баруды жоспарлап отырмын. Сол жақта Мәскеу қаласы спорты департаментінің жетекшілерімен кездесіп, спорттың бірнеше түрі бойынша матчтық кездесулер өткізуді дәстүрге айналдыруды ұсынғым келеді. Осындай бәсекелердің қос тарапқа да берері көп, – дейді Алматы қаласы Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов.Ал шаршы алаңдағы сайыстарға келер болсақ, өз салмақ дәрежелерінде алматылық Мейіржан Кәрбөз (46 кило), Владислав Вайцель (48 келі), Нұрғали Кенгесбаев (52 кило), Әли Кеменбаев (60 кило), Абылай Сман (63 кило) және Ерасыл Әлиев (75 кило) жеңіске жетсе, мәскеуліктер арасынан Антон Авдиенко (50 кило), Борис Ерошкин (54 кило), Данил Мова (57 кило), Ярослав Шихов (66 кило), Теймур Тагиев (70 кило) және Вадим Пановтың (80 кило) мерейі үстем болды. Нәтижесінде бұл матчтық кездесу тең аяқталды. Есеп – 6:6.
Сөз орайы келгенде, Алматыда өткен айтулы жарыстың ұйымдастырылу деңгейі жоғары болғанын айта кетуге тиіспіз. Балғын былғары қолғап шеберлерінің бәсекесін тамашалау үшін Болат Нүрпейісов, Борис Цхвирашвили, Эдуард Габдулов, Хамит Бараев, Виктор Демьяненко, Тұрсынғали Еділов, Болат Манкенов, Кәрімжан Әбдірахманов, Серікжан Ешмағамбетов сынды бокс ардагерлері «Алматы Аренаға» арнайы ат басын бұрды.
Суретті түсірген Сержан Жиренбай