• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қараша, 2019

Ақын-жазушылар Ақтөбеде бас қосты

982 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлер Ақтөбеде бас қосты.

Кез-келген үлкенді-кішілі кездесудің арқа тұтар белгілі бір қазығы мен тоқайласар тұсы болатыны табиғи жәйт. Осы орайда «Әдебиет.Рух.Қоғам» атты республикалық әдебиет форумы Ақтөбеде өткізілген іргелі жиынның басты бағыты мен жолын айқындап берді деуге әбден болады. Оның ашылу салтанаты кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин рухани құндылықтарды бағалай білудің басты жолдарының бірі әдебиет пен өнерге көрсетілетін қолдау және ел қаламгерлерінің шығармашылық қызметіне жанашырлық таныту екенін атап көрсетті. Бұдан әрі өңір басшысы Ақтөбеде республикалық деңгейде ұйымдастырылған әдеби жиын осы ниет пен мақсаттан бастау алғанын айта келіп, бұл қадам жас ұрпақтың бойында көркем әдебиетті сүйе білу мен оны оқу дағдыларын қалыптастыруға ықпал жасай алатынын жеткізді.

      Содан соң Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет заманалар зымырап өтетіні, дәуірлер ауысатыны, оның бәрі де өткінші екендігі осындайда сөз, соның ішінде көркемсөз еш уақытта өлмейтіні жөнінде ой толғады. Әдебиеттің қадір-қасиеті мен қоғамда алатын рөлі жөнінде сара сөз, қаламгерлердің осындай басқосуында айтылмағанда қандай жерде айтылады. Бұл тұрғыда қай кезде де таланттарға кенде болып көрмеген Ақтөедегі өкілетті орган жетекшілерімен әдебиет жанашырлары тағылым тұтарлық іске бастамашы болып отыр. Сол үшін оларға барлық республика қаламгерлерінің атынан ризашылық пен алғыс сезім білдіремін деп түйіндеді өз ойын Ұ.Есдәулет. Сондай-ақ республикалық әдебиет форумының ашылу рәсімі кезінде қазақтың белгілі ақын қызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның жүрекжарды лебізі де ықыласпен тыңдалды. Бізге бабалардан қалған ең үлкен мұра –халық ауыз әдебиеті яғни өлең мен мақал екенін ұмытпауымыз керек. Өмір- ананың әлдейімен басталып, жоқтауымен аяқталады. Мұның екеуі де құйылып тұрған өлең. Бүгінгі күні біз өзіміздің рухани құндылықтарымыздан алыстап, жастарға берілетін тәрбие солғын тартқан тұста әдебиет пен қазақтың қаламгерлерін қолдауға бағытталған қадамдардың қолға алынуы – құптауға тұрарлық іс деп сабақтады ол өз ойын.

   Үш күнге созылған жазушылар форумының бағдарламасы саналуан түр мен мазмұнға толы болды. Оның аясында Ақтөбе аймағынан шыққан кесек талант иелері Ізтай Мәмбетовтың 90, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтың туғанына 85 жыл толуына орай оларды еске алу шаралары іске асты. Сонымен бірге әдебиет пен өнерді қолдау мақсатында Ақтөбе аймағында қолға алынған бірқатар тың жобалардың тұсау кесері өткізілді. Бір сөзбен айтқанда Ақтөбеде өткізілген республика қаламгерлерінің форумында туған әдебиетіміздің бүгіні мен ертеңі туралы пайымды түйіндер жасалды. Сонымен бірге қоғам мүшелерінің бойына рухани адамгершілік дәнін сіңіруге қатысты әдебиеттің баға жетпес орны жөнінде толымды да толғақты ой-пікірлер ортаға тасталды.

АҚТӨБЕ