Қызылжарлықтар 4,8 млн тонна дәнді дақылдар жинаса, соның 3,3 млн тоннасы – бидай. Орақ науқанының сәтті аяқталуына орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат ТАСМАҒАНБЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Марат Иманбайұлы, биылғы орақ науқаны қалай аяқталды?
– Орақ науқаны биыл да жеңіл болған жоқ. Жаз өте ыстық болып, көп уақыт бойы ылғал болмады. Орақ басталғанда ауа райы бірден қысып, жауын үзілмей жауды. Мұндайда астық жинау мүмкін емес. Бірақ әйтеуір, кейін күн ашылып, диқандардың еңбегі жанды. Біздің облыс елімізде жиналатын барлық астықтың төрттен бірін береді. Биыл да сол межеден шығып отырмыз. Облыста жиналған барлық дәнді дақылдар 4,8 млн тонна, соның ішінде бидай – 3,3 млн тонна. Сөйтіп елдің азық-түлік қауіпсіздігіне сүбелі үлесімізді қостық деп айта аламыз.
– Гектар берекесі бойынша қай аудандар алда болды?
– Бізде жерінің құнары мен еңбекті ұтымды ұйымдастыру бойынша үнемі алда жүретін аудандар бар. Биыл да олар алдыңғы орындарға шықты. Атап айтатын болсақ, қызылжарлық диқандар гектарынан 22, мамлюттіктер 19,1, ақжарлықтар 19 центнерден алды. Қалған аудандарда, негізінен ауа райының қолайсыз болғаны себепті гектар берекесі төмендеу болды.
– Астық жинау, тасымалдау, сақтау техникалары, басқа да қажеттіліктер диқандардың еңбегіне қолбайлау жасаған жоқ па?
– Бұл жағынан кемшілігіміз жоқ деп айтуға болады. Биылғы ораққа 7,5 мың комбайн қатысса, жартысынан астамы жоғары өнімді техника. Астық тасымалдауға 6 мыңнан аса жүк машиналары қатысты. Жанар-жағар май жетіспеушілігінен кідіріс болған емес, қажет отынмен толық қамтылды.
Астықты қабылдайтын және сақтайтын орындардың сыйымдылығы 6 млн тоннадан артық. Бұл астығымызды қабылдауға толық жетеді.
– Астықтың биылғы бағасы да диқан еңбегінің есесін ақтауға толық жететін сияқты?
– Рас, биыл «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ 3-сыныпты, ақуызы 23% болатын бидайдың бір тоннасын 85 мың теңгеден алып жатыр. Бұл диқан еңбегінің толық өтемі деп айтуға болады. Мұндай баға олардың көңілдерін көтеріп, еңбекке деген құлшыныстарын арттыра түсті. Қазір диқандармен кездескенде олардың жарқын жүзбен жүргенін көреміз.
– Диқандарға мемлекет тарапынан берілетін көмектің тиімділігі қандай?
– Мемлекет тарапынан берілетін субсидия түріндегі көмектің тиімділігі өте зор. Жоғары сұрыпты тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдікті қорғау құралдарын сатып алуға молынан мүмкіндік беріліп отыр. Осының өзі диқандардың еңбекке ынтасын арттыра түсуде. Олар өз тарапынан ауыспалы егіс нормаларын сақтап, парлар қалдырып, агротехнологияларды қолдануға құлшыныс танытты. Шаруашылықтар агротехнологияның талаптары толық сақталғанда жетістікке қол жеткізуге болатынына көз жеткізді.
Диқандар минералды тыңайтқыштар қолдануды жыл сайын арттырып келеді. Егер 2017 жылы 1,5 млн гектар егіс алқабына барлығы 91 мың тонна минералды тыңайтқыш себілсе, биыл 2 млн гектар алқапқа 115 мың тонна себілді. Сөйтіп өсім 26%-ды құрады. Бүгінгі таңда диқандар егіс алқаптарын келесі егіске дайындауға қызу кірісіп кетті. Қазірдің өзінде 3 млн гектар жердің сүдігері жыртылды.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың берген нақты тапсырмасының шеңберінде 2012 жылдан бастап егістікті әртараптандыру, майлы дақылдарды молынан егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жердің құнарлылығын сақтауға, кейде оны арттыруға да үлкен әсер етеді. Бұл халықаралық бәсекелестікке төтеп бере алатын табысқа қол жеткізетініне диқандарымыздың көзін жеткізіп келеді.
– Майлы дақылдар демекші, оның облыстағы көлемі қандай?
– Біз биыл 970 мың гектар жерге майлы дақылдар ектік. Бұл барлық егіс алқабының 23%-ы. Соның ішінде рентабельдігі жоғары соя дақылының үлесі 20 мың гектар жерге жетті. Майлы дақылдарды жинау кешірек басталады, әлі күнге оны толық аяқтаған жоқпыз. Әзірге, 752 мың тонна өнім алынды. Алдағы болжамдарға қарағанда, биылғы ауа райы оны толық жинап алуға мүмкіндік беруге тиіс. Майлы дақылдардың экономикалық тиімділігі өте жоғары, қазірдің өзінде рентабелділік 50%-дан асып отыр.
– Ал жемазық, картоп, көкөністер толық жинап алынды ма?
– Барлығы толық жиналып, қамбаға үйілді. 2020 жылғы тұқым да толық тазаланып, қамбаларда сақтауға қойылды. Жемазық үшін биыл 799 тонна пішен, 202 мың тонна пішендеме, 191 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұл да белгіленген межеден артық.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы