• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Қараша, 2019

Ақылы тұрақтар бюджетке 1,7 млрд теңге түсірді

300 рет
көрсетілді

Алматы қаласында үш жылдан бері AParking белгісі бар паркомат­тар жұмыс істейді. Әрине, үлкен инвестиция салынған бұл жо­баның артықшылықтарымен қоса, бірқатар түйткілді мәселелерді туын­датқанын білеміз. Жүргізушілерден жол жағалағандар бұрынғыдай 100 теңгеден жабайы түрде жинап жүрмейтіндіктен, негізінен орталық көшелерде көлік қою тәртібі айтарлықтай реттелді. Және бұл бюджетке де тиын болып үздіксіз тамып жатыр.

Сонымен қаланы абат­тандыруға және көлік көп жиналатын көшелерді босатуға қатысты Алматы қалалық әкімдігі орталықтағы бірқатар кө­шелердің жиегін ақылы тұрақ орнына айналдырған болатын. Алайда әлі де паркоматтарға қатысты реттелуге тиісті мәселелер табылады.

Осы мәселелерге орай, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілдері Қазақстанның оңтүстік астанасының бірыңғай автоматтандырылған ақылы тұрақ жүйесінің жұмысын тексерді және жобаның жалпы қаладағы көлік жағдайын оңтайландыруға әсерін атап өтіп, «А-Паркинг» жобасының қызметіне оң баға берді.

Жұмыс кездесуі барысында Қо­ғамдық кеңес өкілдері мен «А-Паркинг» жобасының басшы­лығы тротуарлық және алаңдық үлгідегі ақылы автотұрақтар ай­ма­­ғының жұмысымен таныс­ты, «А-Паркинг» жобасының жаяу инспек­торлары мен «Дозор М» ав­то­көліктерінің жұмысын, сондай-ақ Алматы қаласының бірыңғай автоматтандырылған тұрақ кеңіс­тігінің деректерін өңдеу орталығын тексерді.

Инспекция қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес өкілдері «А-Паркинг» жобасы іске қосылған сәттен бастап үш жыл ішінде қала жолдарындағы жағдайды жақсартуға септігін тигізген үлкен жұмыстар ат­қа­рылғанын айтты. Атап айтқанда, ақылы автотұрақ аймақтарында қозғалыс жылдамдығы 12 пайызға артты, қала орталығындағы көлік саны 15 пайызға азайды, тұрақтың орташа уақыты 50 пайызға қысқарды.

Инспекция барысында Қоғамдық кеңес мүшелері еліміздің ірі қала­сында ақылы автотұрақтардың бір­ыңғай автоматтандырылған жүйесі – әлемдік деңгейдегі күрделі заманауи компьютерлік платформа құрылғанын, оның жұмыс іс­теуі мен дамуын отандық ма­ман­дар­дың кәсіби командасы басқа­ратынын атап өтті. Бұл команда мегаполистің тұрақ кеңістігін тиімді басқару мәселелерінде елі­міз үшін бірегей тәжірибе мен бірқатар кәсіби құзыреттілікке ие болды. «А-Паркинг» мамандары шетелдік әріптестердің ең үздік тәжірибесін игеріп қана қоймай, оны жергілікті жағдайға бейімдеді, сонымен қатар әртүрлі жағдайлар үшін жүйе әрекетінің жеке алгоритмдерін құрды.

– Біз қаланың ақылы авто­тұрақтары жүйесінің жұмысымен егжей-тегжейлі таныстық. Бізде бұл жұмыстың ерекшеліктері мен өзін­дік қыр-сырлары туралы толық түсінік қалыптасты. Мен ғылым докторы, информатика бойынша профессормын, әртүрлі жүйелерді көрдім. Қазақстанда осындай басқа жүйе жоқ деп айтқым келеді және муниципалдық деңгейде осындай қуатты, заманауи ақпараттық жүйені құру – өте күрделі техникалық және зияткерлік міндет. Жоба төлемді әртүрлі қолма-қол ақшасыз арналар арқылы біріктіріп, Алматы қала­сы мемлекеттік кірістер депар­таментімен және Алматы қаласы Полиция департаментімен онлайн режімінде қаланың әртүрлі бөліктерінен байланыс жасай алады. Алматы қаласы үшін бұл – тас дәуі­рінен қазіргі ғасырға секіру, бірақ қалалықтардың менталитеті әлі қалыс келеді. Сондықтан бұл алшақтық әлі де көптеген мәселелерді туындатады. Біз өз қаламыздағы кез келген оң өзгерістерді қолдаймыз, соның ішінде жеке инвесторлардың қаражатты салуы да бар, – деді жұмыс кездесуі барысында кәсіпкерлік, экология және қалалық ұтқырлық мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, Қазақстанның «ҚазРЕНА» ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры Борис Жапаров.

Іс-шарада атап өтілгендей, Ал­ма­ты қаласының бірыңғай автомат­тандырылған тұрақ кеңістігін да­мытуға инвестиция көлемі бүгінгі таңда 3,96 млрд теңгені құрайды. Оңтүстік астананың тұрақ кеңістігін ұйымдастыру жөніндегі барлық реформалар жеке инвестор есебінен жүргізілді, бұл қала билігіне осы мақсаттарға муниципалдық бюджеттен қомақты қаражат бөлмеуге, оларды қаланың маңызды экономикалық және әлеуметтік міндеттерін шешуге бағыттауға мүмкіндік берді.

Алматы қаласында ақылы авто­тұрақтар жүйесінің жұмысы барысында бюджетке барлығы 1,7 млрд теңге түсті, оның ішінде 561 млн – салық аударымдары, 267 млн – көлік тұрағы үшін төлемдер, 247 млн мемлекетке міндетті төлем­дер, сондай-ақ 622 млн теңге ЖҚЕ ережелерін бұзғаны үшін айыппұл түрінде қала бюджетіне түсті. Бұл қаражаттың барлығы мысалы, қа­лалық билікке 30 жаңа автобус сатып алуға немесе 340 жаңа балалар алаңын салуға мүмкіндік береді. Мегаполис тұрғындары мен оның қонақтары соңғы жылдары қаланың қоғамдық көлік паркі айтарлықтай жаңарғанын, жинақы көшелерде жаңа автобустар жүретінін, ал қалалық аулалар, орталық алаңдар ғана емес, периферияларда жаңа заманауи балалар алаңдарымен толыққанын атап өтуде.

Сондай-ақ кездесу барысында қаланың Қоғамдық кеңесінің өкілдері қала тұрғындарының ақылы автотұрақтарға қатысты ұшырасатын проблемалық мәселелерді де атады. Мәселен, Алматының көптеген автоәуесқойларын толғандыратын тұрақ орындарының қауіпсіздігі. Жүргізушілер көліктерін ақылы тұрақта қалдыра отырып, тұ­рақ ере­желерін бұзудың даулы жағ­дай­­ларына, болмаса жол оқи­ға­ларына сенімді болу үшін олардың бейнетіркеу жадында жазылуын қалайды. «А-Паркинг» жобасының жетекшісі Марат Пірінбеков атап өткендей, жоба аясында алаңдық типтегі барлық қалалық саябақтарда бейнекамералар орнатылған, онда камера көрінісін тұрақ аймағымен шектеуге болады. Алайда, егер тротуарлық типтегі тұрақтарда бей­­нетіркеу камераларын орнатқан жағ­дайда камералардың көру ала­ңына қалалықтардың жеке өмірінің үлкен секторы ілігеді. Кім, қайда және сағат қаншада тұрақтайды, кім қайда барады, қай көлікке оты­рады сынды жайттар құқық қор­ғаушылардың пікірлері бойынша адамның жеке өміріне араласу ретінде бағалануы мүмкін. Ал оған заң бойынша қолсұғылмауы тиіс. Пікірталасқа қатысушылар атап өткендей, бұл мәселені шешу мүмкіндігі қоғамдық орындардағы мемлекет сертификаттаған «Сергек» жүйесінің ақылды камераларының санын арттырумен байланысты болып келмек, алайда бейнебақылау мәселесі міндетті түрде шешілуі тиіс.

Сондай-ақ кездесуде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған барлық тұрақ орындарында тоқтауға және көлікке мініп-түсуге ыңғайлы жағ­дайлар бірдей жасалмағаны туралы мәселе көтерілді. «А-Паркинг» өкілдері қалалық мүгедектер қоғам­дарының өкілдерімен бірлесіп, жоба командасы «Инватакси» ав­токөлігінде ақылы автотұрақтың ең тығыз аймақтарымен айналып өтіп, сол жерлерде орын алған мә­се­лелерді анықтағанын хабарлады. Қазіргі уақытта ескертулер жол полициясының күшімен бір­­ге жойылуда. Атап айтқанда, ақы­лы автотұрақ аймақтарында мүгедектерге арналған белгілер мен жол белгілерін салу, сондай-ақ тұрақ орындарының нысандарын өзгерту және жолаушыларды отырғызу мен түсіру аймақтарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу барысында «А-Паркинг» өкілдері автоматтандырылған тұрақ кеңістігінің әрі қарай дамуы мен сәтті жұмыс істеуі үшін қала мен оның уәкілетті органдарының тарапынан тұрғындардың мүдделеріне сай келетін қолдаушы шешімдер қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, диф­ференциалды төлем тарифін енгізу жоспарында тұрақ ережелерін пысықтау, қоғамдық көлікке жаппай отырғызу орындарында «іліп әкететін» көп деңгейлі паркингтерге жер учаскелерін бөлу, заңсыз «кеудешелі тұрақшылармен» және «А-Паркинг» камераларына тіркеуде нөмірлік белгілерін жасыратын айлакер жүргізушілермен күрес жүргізу қажет. Сондай-ақ мекен-жай анықтамаларын алып тастау мәселесі көтерілді, оның салдарынан қала тұрғындары нақты тұрақ аймағында тұру фактісін растау мүмкіндігінен айырылды. Барлық осы мәселелер Қоғамдық кеңес пен «А-Паркинг» жобасы мамандарының қалалық билікпен бірлесіп өткізетін келешектегі кездесулерінің мәніне айналмақ.

Кездесу соңында Қоғамдық ке­ңес өкілдері жоба басшылығына «А-Паркинг» жобасының қызметін жариялап және проблемалық мәселелерді түсіндіріп отыру үшін, халықпен одан әрі жұмыс істеу мақ­сатында қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақты ақпараттық жұмыстарын жүргізу туралы өті­нішін білдірді.