• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қараша, 2019

Еңбек қауіпсіздігі: түйткілді мәселенің түйіні тарқай ма?

368 рет
көрсетілді

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем бо­йынша өндірістегі қауіпті факторлардан жыл сайын 2,3 миллионға жуық адам қаза табады. Яғни, бұл Латвия халқының санымен бірдей деуге болады. Бұл дүние жүзі бо­йынша жүрек-қан тамырлары және онко­ло­гиялық сыр­қат­тардан көз жұматындардан кейін үшінші орында тұр. Сондай-ақ адам қазасымен аяқтал­ған жазатайым оқи­ға­лар жас және тәжіри­бе­сіз қызметкерлер арасында жиі орын алатын көрінеді.

Жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты

Елімізде соңғы бес жылда өндірісте жарақат алу 22%-ға, оның ішінде қайтыс болған адамдардың саны 40%-ға дейін төмендеген. Дегенмен Ста­тис­тика комитетінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жұмыскерлердің 23%-ы, яғни 700 мыңға жуық адам зиянды өндірістік ортада еңбек ететін көрінеді. Ал жыл сайын 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс кезінде жазатайым жағдайға тап болса, оның 300-дейі өмірімен қоштасады екен. Сондықтан да биыл наурыз айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік серіктестерімен, атап айтқанда кәсіподақтармен, жұмыс беру­шілермен бірге «Қауіпсіз еңбек» атты ақпараттық науқанды жүргізіп жатыр. 26 маусымда Үкі­меттің №441 қаулысымен өн­дірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Соған сәйкес министрлік биыл 4 семинар өткізуді жос­пар­лаған. Бірінші семинар батыс өңіріндегі 200-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Ақтөбе облысында өтіп, кәсіп­орындардағы қауіпсіздік дең­гейін төмендету мәселелерін тал­қылаған болатын. Жақында елордада бес өңірден келген делегаттардың қатысуымен өткен екінші семинарда журналистерге сұхбат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Еңбек, әлеу­мет­тік қорғау және көші-қон коми­теті төрағасының орынбаса­ры, Қазақстанның Бас мемле­кеттік еңбек инспекторы Төле­ген Оспанқұлов ендігі екі бас­қо­су Алматы және Павлодар қа­ла­ларында өтетінін айтты.

Осы семинарда сөз алған Төлеген Оспанқұлов Қазақстан 2006 жылдан бері халықаралық еңбек ұйымының мүшесі екенін, 2011 жылы ТМД ел­дері арасында өңірлік еңбек инспектор­лары альянсын құрғанын айта келіп, өндірісте жарақат алу ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін атап өтті. «Биылғы статистика бойынша, 1069 жұмысшы өндірісте жарақат ал­ды. Өкінішке қарай, 111 адам қай­тыс болды. Өткен жылдармен салыс­тырғанда бұл 13%-ға төмен», деді ол.

Сондай-ақ еңбек инспекторы көп­теген кәсіпорындарда жұмыс­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қолға алынбағандықтан жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты екенін жеткізді. «Жазатайым оқиғаға жұмыс беруші кінәлі ме, әлде жұмысшы кінәлі ме? Бұл жерде қатенің қанша пайызы жұмыс берушіден кеткенін, қанша пайызы жұмысшыдан кеткенін комиссия мүшелері анықтайды. 2013 жылдан бері еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Алайда, жазатайым оқиғалар бол­ған жағдайда тек жергілікті ат­қару­шы органдар ғана емес, мем­лекет­тік еңбек инспекторының төра­ға­лығымен тексеріс жүргізіледі. Ол бір өзі тексеріс жүргізбейді, оны комиссия жүргізеді. Комиссия құра­мына жұмыс берушінің де, жұмыс­шының да өкілдері кіреді. Комиссия мүшелері үш не бес адамнан тұрады. Жиналған деректерге қарап комиссия мүшелері шешім қабылдайды», дейді Т.Оспанқұлов.

Еңбек инспекциясы орталық органға бағынуы керек

Алайда, мәселенің бәрі еңбек инс­пек­циясының жергілікті атқарушы органдарға берілуінде болып отыр. Осы пікірді көлденең тартқан «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК бас директоры Серікқали Бисақаев еңбек инспекциясы орталық органға, яғни министрлікке бағынбайынша статистиканың шынайы болмайтынын айтады. «Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының №81 және №129 екі конвенциясын қабылдадық. Онда еңбек инспекциясы орталық орган­ға ғана бағынуы керек және олар кез келген уақытта мекемеге жұмыс беру­шіге ескертпей-ақ тексеру үшін кіре алады делінген. Ал бізде еңбек инс­пе­кциясының тізгінін жергілікті атқарушы билікке ұстатып қойды. Мұн­дай жағдайда бәрі түсінікті. Олар кімді тексеріп, кімге айыппұл салу керектігін өздері шешеді деген сөз. Екіншіден, Кәсіпкерлік кодексте еңбек инспекторлары жұмыскерлерден арыз түскен жағдайда Бас прокуратураның статистика мекемесіне тіркеліп, алдын ала жұмыс берушіні ескертіп ба­рып қана тексере алады. Демек то­сын­нан тексеруге жол жоқ. Ал жұ­мыс­­керлер болса жұмысынан айыры­лып қалуы­нан қорқып, арыз жазбайды, сон­дықтан тексеріске негіз де болмайды.

Мемлекеттің заң шығару және оның орындалуын бақылау сынды екі негізгі міндеті бар. Соған байланысты еңбек заңнамаларын бақылау үшін Қазақстанда еңбек инспекциясы құрылды. Қабылдаған конвенция­ның дәрежесі Конституцияда жазыл­ған. Яғни, оны Еңбек кодексінен де жоғары деп есептеуге болады. Халықаралық ұйымға кіргеннен кейін оны орындауымыз керек», дейді техника ғылым­дарының докторы С.Бисақаев.

Серікқали Бисақаевтың айтуынша, көптеген мәселе жұмыс беру­ші­­нің де, жұмыскердің де Еңбек кодексі­нің талаптарын толық орындамауы­нан туындайды. «Қазақстанда мемле­кет­тік инспекциясы барлық облыстар­да бар. Ол бар болғаны 250-дей ғана адам. Қазақстанның әрбір жері­не инспектор қоя алмайсың. Аз ғана еңбек инспекторының бәрін бақы­лап тұруға мүмкіндігі де жоқ. Соған бай­­ланысты Еңбек кодексінде көрсе­тіл­­ген мекемелердің ішкі, техни­ка­лық және қоғамдық инспекторлары бар. Негізгі міндеттерді солар атқаруы керек. Яғни, әрбір мекеме­де қауіп­сіз­дік­ті бақылайтын, қада­ға­лай­тын, ере­­­же­лерді күнделік­ті үйре­те­тін қыз­­мет­тер құрылған. Бірақ олар өзі­нің мін­­дет­­терін толық атқара ал­май жатыр. Біз­де қауіпсіздік жағ­дайын жа­сай­­тын­­дай ереже де, мүмкін­шілік те бар. Алайда, біздің жұмыс­керлері­міз­­дің ара­­сында, қайғы­лы жағдайға әке­­ліп соқ­­ты­ратын жал­­ған батырлық көп­­теп кез­­де­седі. Сон­дықтан жұмыс беру­ші­лер ба­қы­­лауды күшейткендері дұрыс. Егер жұ­мыс­шының ережені дөрекі бұз­ға­ны анықталса оны жұмыс­тан шы­ға­рып жіберуге дейін бару керек», дейді ол.

Кәсіптік аурулар көбейіп барады

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтау және кәсіп­тік аурулар орталығының 2018 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, республикада жалпы 330 науқасқа кәсіптік ауру диагнозы қойылған екен. Сондай-ақ кәсіптік сырқаттың өршіп тұрған өңірі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары болған. Онда 10 мың жұмысшыға шаққанда 2,34% пайызды құраған.

 «Статистика жөніндегі уәкілетті органның мәліметтеріне сүйенсек, былтыр сауалдамаға қатысқан кәсіп­орын­­дардың 1,6 миллион қыз­мет­кері­нің 373 мыңы немесе төрт­тен бірі зиянды және қауіпті еңбек жағ­дайларында жұмыспен қам­тылған. Өткен жылы 676 мың жұмыс­шы зиян­ды еңбек жағдайындағы жұмы­сы үшін әртүрлі өтемақы алды. Бұл үшін жұмыс берушілерге 116,3 млрд теңге бөлінді, бұл 2017 жылмен салыс­тырғанда 8%-ға көп», дейді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Т.Оспанқұлов.

Кәсіподақтар федерациясы Әлеу­меттік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Гүлнар Жұмагелдиеваның айтуынша, Кәсіподақтар федерация­сы кәсіпорындардағы еңбек жа­ғ­дайына талдау жүргізген. Нәти­же­сінде жұмыс берушілердің жұмыс­шыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етпегені белгілі болған. Сондықтан да ол үкімет пен әлеу­мет­тік серіктестерді тиісті шаралар қабылдауға шақыратынын айтты. «Қазір 18 мыңнан астам техникалық инспектор осы бағытта жұмыс іс­теп жатыр. Былтыр олар 140 мың­­нан астам бұзушылықтарды анық­тады. Тексеріс кезінде жұмыс беру­шілер­дің кәсіптік ауруларға қатысты жағдайларды да жасырып қалатыны бай­қалған. Кәсіподақтар федерация­сы Еңбек кодексіне мынадай өзге­ріс­тер енгізуді ұсынды: ең алдымен өнд­ірістік кеңестерді құруды міндет­теу, екіншіден, әкімшілік құқық бұзу­шылық болған жағдайда өндірістік кеңестің шешімін орындамағаны үшін жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да айыппұлдар белгілеу», деді ол.

Оның айтуынша, жұмыс беруші мен кәсіподақтың келісімі арқылы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағ­дайын қамтамасыз ету үшін өндірістік кеңес әр кәсіпорында құрылуы керек. «Бүгін­де еліміз кәсіпорындарында 11 754 өндірістік кеңес құрылды, олардың 79,4%-ы кәсіподақтардың бас­тамасымен өз жұмысын бас­тады. Елде 120 мың кәсіпорын барын ескерсек, онда бұл әлі де жеткі­лік­сіз. Өндірістік кеңес жұмыс бер­у­ші мен кәсіподақтың келісімі ар­қы­лы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағ­­­дайын қамтамасыз ету үшін әр кәсіп­­орында құрылуы керек. Қазір біз кәсіп­орындарға өндірістік кеңес құруды міндеттеуді қолға алып отыр­мыз. Себебі міндеттелмегеннен кейін, жұмыс берушілер ондай кеңес құру­ға мүдделі емес. Ал өндірістік кеңес­терді құру, әсіресе адам өмірі мен денсау­лығына қауіпті аймақ болып табылатын нақты сектордағы кәсіпорындар үшін маңызды», деді Г.Жұмагелдиева.

Сондай-ақ кәсіптік аурулардың көбейіп бара жатқанын және оның дер кезінде алдын алу керектігін айтқан Гүлнар Жұмагелдиева былай деді: «Елімізде жыл сайын 1000-ға жуық адам кәсіптік аурулардың алғашқы кезеңімен тіркеледі. Олардың жартысынан көбі тұрақты еңбекке қабілеттілігін жоғалтады. Ал кәсіптік аурулардың 50%-ы кейінгі кезеңдерде анықталып отыр. Қазіргі уақытта кәсіптік аурудың асқынған деңгейі көп тіркелуде. Оған қолайсыз еңбек жағдайлары, ауыр физикалық жұмыс, еңбек және тынығу режімдерінің бұзылуы, профилактикалық меди­ци­налық тексерулердің нашар жүр­гізілуі, денсаулықтың төмендеуі секілді мәселелер себеп болып отыр».

Қалай дегенмен де біздің елдегі еңбек қауіпсіздігінің сақталуы әлі де болса оң шешімін таба қойған жоқ. Еңбек қауіпсіздігі бойынша Қазақ­стандағы көрсеткіштің 1000 адамға шаққандағы деңгейі дамыған Еуропа елдеріне қарағанда 2-3 есеге дейін артық екенін ескерсек, алдағы атқарылар жұмыстың да аз емес екенін байқаймыз.