Тоқсаныншы жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде «Нүриден Мүфтахов» деген атпен фельетон жазатын әріптес ағамыз бір күні «Нүри Мүфтах» деген авторлық қолтаңбамен газет бетінде жарқ ете қалды. Оған сол кездегі өзгерістер ықпал етті. Газеттің аты да «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Оның бас редакторы Шерхан Мұртазаев та ата-тегінен «ев» жұрнағын алып тастады. Басқа журналистер де сол үлгіге көшті.
Горбачевтің «демократиясы» да өз «жемісін» бере бастады. Бұған дейін жабық мекемелердің қатарынан саналатын құқық қорғау органдары жариялылыққа жол ашты. Сыни мақалалар әр басылымда жиі жарияланды. Міне, дәл осы тұста Нүри Мүфтах сот, прокуратура, тергеу істеріне қатысты журналистік зерттеулерді үдете жазды.
«Халық Кеңесі» газетінде құқық бөлімінің меңгерушісі болып істейтін мен де Нүри Мүфтахтан сырттай үйрене жүріп, сол кісінің стилінде мақала жазуға тырыстым. Бірақ Нүрекеңнің деңгейіне жету үшін әлі алыс еді.
Сын садағын көбінесе судьяларға қарай бағыттайтынбыз. Себебі судьялар қылмысты дәрежелеу кезінде тергеу ізімен кетіп қалатын. Қателесушілік, сараптама жұмыстарына мән бермеу, куәларды, дәлелдемелерді толық ескермеушілік тәрізді кемшіліктерге жиі жол беріп алатын. Ал арыз-шағымдарға журналистік зерттеу жүргізу барысында мұндай заңсыздықтар Нүри Мүфтақтың қырағы көзінен тыс қалуы мүмкін емес еді. Қылмыстық іс жүргізу кезінде тергеуші, судья тарапынан жіберілген олқылықтар Нүридің мақаласында егжей-тегжейлі талданып, газет арқылы көпшілік назарына ұсынылғанда, азуы алты қарыс заңгерлердің өзі тыпыр ете алмай қалғанына талай рет куә болғанбыз. Ол жайындағы әңгіме кейінірек.
Мен Нүри Мүфтахпен алғаш рет 1992 жылы Ішкі істер министрлігінің «На страже-Сақшы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып жүрген кезімде жүзбе-жүз кездестім.
Жұмыс аяғында бас редакторға кірсем, ол кісінің алдында Нүри Мүфтах отыр. Бурыл қою шашын артқа қарай тарап, қара көзілдірігін ешқашан шешпейтін Нүрекеңді баспасөз мәслихаттарында сырттай көргенім болмаса, қол алысып тұрғаным осы. Бас редактор мені таныстырды.
– Ә... Жұмабекұлы деген сен бе едің. Дұрыс бала... «Халық Кеңесіндегі» мақалаларыңды оқығам. Осы бетіңнен тайма! – деді де, екеуара әңгімелерін жалғастыра берді. Бастығыма кейін кіретінімді меңзеп, шығып кеттім. Дегенмен, мені білетініне, жазғандарымды оқитынына көңілім көтеріліп қалды.
Тағдырдың жазуымен 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауыстым. Басында сектор меңгерушісі деген, жеме-жемге келгенде Ақпарат бөліміне аға тілші етіп қабылдады. Мұнда он сегіз жылдан бері Құқық бөлімін басқарып келе жатқан Нүри Мүфтах өз қарауында екі тілшісі бола тұра, маған кейбір хаттарды тексертіп, сын мақала жазып беруімді өтінетін.
1994 жылдың 2 шілдесінде кезекті бір іссапардан кейін жұмысқа шыққаным сол еді, бас редактор шақыртты. Ол кісіден естігенім – Нүри Мүфтах Шымкент облыстық сотының «Заң және Заман» газетіне Бас редактор болып кетіпті. Кетерінде орнына мені ұсыныпты. Бас редактордың өзі де осы ұсынысты қолдайтынын жасырмады. «Құқық бөліміндегі мүйізі қарағайдай екі жігіт тұрғанда қалай болар екен?» деп күмілжи бастағам. Мұнымды ол кісі «скромность» деп түсінді білем, көзімше бұйрыққа қол қойды.
Нүрекең құқық қорғау қызметкерлерін сынаған кезде кейіпкерінің арына, жеке басына тиіспей, кемшілікті нақты дәлелдермен шырмап алатын да, соңында ешқайсысы тыпыр ете алмайтындай етіп матап тастайтын. Соған қарамастан сыналған адамдар журналистерді сотқа беруді әдетке айналдырып алды. Нүри ағамыз да талай рет соттасқанын бүгінде көпшілік біле бермейді.
Мұндай жағдайлар менің басымнан да талай рет өтті. «Өрімдей қыздың өлігін қорлап...» деген мақаламда жас қызды зорлаған, сосын қинап өлтіргендерімен қоймай, денесін шіліңгір ыстықта Қызылорда қаласынан 200 шықырымдай жерге апарып, көмбей-ақ лақтыра салған қылмыскерлер сот залында жазадан құтылып кетіпті. Арызданушылардың айтуына қарағанда, онсыз да ит пен құсқа жем болған қыздың денесін Алматы мен Қызылорда арасында сот сараптамасынан өткізу үшін қайта-қайта тасып, құқық қорғаушылар марқұмның ата-анасын қасірет құрсауынан шығармай отырған көрінеді. Осы істі әбден зерделегеннен кейін, қылмысқа қатыстылардың аты-жөндерін атап тұрып, шешім шығарған судьясымен қоса сынға алдым. Мақаланың айдарын «Бас прокуратураның назарына!» деп көрсеттім. Іс бұзылып, қайта қарауға жататынын дәлелдеп бақтым. Мұны оқыған Нүрекең сол күні Шымкенттен телефон шалып, ризашылығын білдірген.
Көп ұзамай Медеу аудандық прокуратурасынан шақырту алдым. «Өрімдей қыздың...» деп аталатын мақаламдағы жайттарға қатысты кезінде істі қараған, шешім шығарған облыстық соттың судьясы үстімнен қылмыстық іс қозғау жөнінде прокуратураға арыз түсіріпті. Келсем, прокурор нағыз қылмыскерді ұстағандай жұлқынып отыр. «Судьяның шешіміне қарсы пікір айтуға қандай хақың бар? Судьяның жеке басына неге тіл тигізесің? Анау сөзді, мынау сөзді қандай дәлелдерге сүйеніп жаздың?» деп дүрсе қоя берді. Дәлелдей алмасаң, қамауға аламын дегендей ызғар танытты. Сол жерде түсініктеме жаздым. Келесі күні тағы шақырды. Шақыру жиілей түсті. Байқаймын, қағаздар көбейіп барады. Үстелдің бір бұрышында, сыртында «Қылмыстық іс» деген жазуы бар қатырма қоржынға қараудың өзі қорқынышты. Буаз сиырдай күн сайын бүйірі бұлтия түсуде. Іс насырға шапқанын сездім. Шымкенттегі Нүри Мүфтахқа хабарласып, мән-жайды түсіндірдім.
– Бала, қорқатын ештеңе жоқ! – деп, мені біраз жігерлендіріп алды да, қай жерден қандай заңдарды, қаулыларды, комментарийлерді, тағы басқа құжаттарды қарау керектігін құлағыма құйды, біраз ақыл-кеңестер берді. Азаматтық іс болса бір сәрі, қылмыстық іс дегенің түрмеге бастар жол екені белгілі. Іштей толқып отырғаным рас еді. Соны сезіп қойған Нүрекең:
– Егер іс тіпті күрделеніп бара жатса, дереу телефон шал. Барамын! Қоғамдық қорғаушың болып іске тікелей араласамын! Ең алдымен «Егемен Қазақстан» газетінің намысын, беделін қорғау керек! – деді.
Осыдан кейін ғана мойнымнан бір жүк түскендей, бойыма қайтадан күш-қайрат құйылғандай күй кештім. Сол күш-қайраттың арқасында прокуратурадағы маған қатысты қозғалған істі «қылмыстық белгісі жоқ» деп, жапқызып тындым. Сосын дәл осы тақырыпқа қайта оралып, тағы сын мақала жаздым. Ақырында бастапқы сот шешімі бұзылып, басқа судьяның қарауына берілді. Қылмыскерлер жазасын алды.
ҚазҰУ журналистика факультетінде оқытылатын «Құқықтық журналистика негіздері» атты салалық пәндегі «апелляциялық негізде, кассациялық негізде сын мақала жазу әдістері» деген қағидаттар осы соттасу тәжірибесінен туған. Бұл әдістерді де Нүри Мүфтахтан үйренгем.
Қазіргі қазақ журналистикасындағы құқық тақырыбы аясында Нүри Мүфтах мектебі қалыптасқанын да баса айтуға тиістімін. Ал мұндай мектеп алыс-жақын шетелдерде де жоқ десем, екінің бірі сене қоймауы мүмкін. Журналистика факультетіне шетелдерден келіп дәріс оқитын құқықтанушы оқытушылармен тәжірибе алмасу барысында бұған көзім әбден жеткен. Бұл – жалғыз Нүри Мүфтахтың ғана емес, бүгінде 100 жылдығын тойлап жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің де өзіндік мектебі екендігі рас.
Нүри Мүфтахтың артында бірнеше томға арқау болатындай шығармалары қалды. Көзі тірісінде соларды кітап етіп шығаруға да қолы тимеді. «Мен кітап шығарам деп жүріп алсам, заңсыздықтан жапа шеккендердің құқығын кім қорғайды?» деп қолын бір-ақ сермегені де есімде.
Өзі дүниеден өткеннен кейін 2003 жылы жарық көрген кітабына алғысөз жазған, сол кезеңдегі Жоғарғы Сот төрағасы Тамас Айтмұқамбетов былай депті: «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы қызметінде жүргенімде Нүрекеңмен жұмыс бабында жиі араластым. Сот шешімінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деген мәселеге келгенде кез келген судьямен, тергеушімен терезесі тең сөйлесетініне талай рет куә болдым. Хат ізімен Жоғарғы сотқа да талай сауал жолдап, әділдіктің салтанат құруына күш салған. Нүрекең екеуміз қанша жерден пікірлес, жолдас болсақ та нақты іске келгенде ол өз принципінен таймайтын. «Ер шекіспей, бекіспейді» демекші, екеуміздің ренжіскен сәттеріміз де аз емес. Бірақ ол мұны тек жұмысқа қатысты деп білетін. Осы қасиеті мені тәнті ететін».
Нүри Мүфтах 2002 жылы 16 қараша күні, бар-жоғы 66 жасында жол апатынан қайтыс болды. Тағы да сол арыз-шағымдарды тексеріп, Алматыға қайтып келе жатқан беті екен...
Қабір басына жиналғандардың алдында белгілі журналист ақсақал Сарбас Ақтаев мынадай қаралы сөз айтты: «Атағы алты алашқа аян Ақан сері қайтыс болғанда қазақтың тұңғыш кәсіби экономисі Мәмбетәлі Шөбеков: «Мың кісілік Ақан аға-ай, бір кісінің өлімімен кеттің-ау!» деп жылапты. Сол сияқты жалғыз өзі жүз журналиске лайық Нүри Мүфтах та бұл жалғаннан бір адамның өлімімен кетіп барады!..»
Мен де сөйлейін деп оқталғам, бірақ ішкі дүниемді алай-дүлей еткен бір сезім салдарынан көз алдым бұлдыраған сағымға толды. Мына қалпыммен ештеңе айтып жарытпасымды білдім. Білдім де көпшілік арасынан ақырын сытылып шығып, тістенген қалпы Кеңсай қырқасында қалқиып тұрған машинама қарай кете барғам...
Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, құқықтанушы журналист