Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылы табиғи газға қосылды. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының 33 млн теңге болатын инвестициялық жобасының нәтижесінде ауылдағы 300 үй көгілдір отын игілігін көре бастайды.
Осыған орай өткізілген салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғам өкілдері тұрғындарды көптен күткен жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтады.
Жалпы, қала аумағындағы елді мекендерге ауыз су жеткізу, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Оның ішінде елді мекендерді газдандыру бағытындағы бастамалар нәтижесі қуантарлықтай.
Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты 2 кент және 3 ауыл толық газбен қамтылған. Қалған 4 ауылға алдағы уақытта газ құбыры тартылады.
Осыдан төрт жыл бұрын Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде 5 мыңнан аса тұрғын үй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан көгілдір отынға қосылса, 2016 жылы мұндай игілік Талсуат ауылдық округіне жетті. Ал екі жыл бұрын Белкөл кенті тұрғындары газбен қамтылды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 3 млрд теңгеге жуық қаржы тартылған. Осының нәтижесінде қазір қаланы газдандыру көрсеткіші 95 пайызға жетті.
Келер жылы Ақсуат ауылдық округіне де газ құбыры тартылады. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен бөлінген 100 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды.
ҚЫЗЫЛОРДА