Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен Qyzyljar арнайы экономикалық аймағына инвесторлар тартуға арналған өңірлік кеңес болып өтті. Кеңесте ұсынылған перспективалы жобалар туралы айтылып, инвестициялық климатты жақсарту мәселелері талқыланды.
Кезінде, өз Тәуелсіздігін алған Қазақстанға түрік бизнесмендері алғашқы инвестор болып келгені сияқты бұл жолы да көшті түрік ағайындардың өкілі бастап отыр. Түріктің YDA Holding атты компаниясы Qyzyljar АЭ аймағындағы «Шығыс» шағын ауданына көп салалы аурухананың құрылысын салуды бастады. Оның іргетасына Қызылжарға келген сапарында Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен капсула көмілген еді.
Айта кететін жайт, осы компания Түркістан облысында да осы тәріздес көп салалы аурухана салмақшы. Бұл туралы YDA Holding компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаз айында келісімге қол қойған еді. Солтүстік пен Оңтүстікке салынатын медициналық нысандарға компания жалпы көлемі 50 млрд теңгені құрайтын инвестиция құймақ. Айта кететін болсақ, бұл жобалар Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалы жоспарлары шеңберінде іске асырылады.
Кеңестегі сөзінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов: «Біздің мақсат қазіргі және болашақ инвесторларға мейлінше дұрыс жағдай жасап, көмек көрсету. Сонда олардың жұмысқа деген ынтасын арттыратын боламыз. Қазір экономикалық аймаққа кіру туралы Германияның Claas және Alageum Electric компаниялары да қалауын білдіріп отыр. Біз олармен де трансформатор зауытының құрылысын салу бойынша келісімге келдік», - деді.
Сонымен қатар өткен аптада тұрмыстық химия өнімдерін жасайтын фабриканың өндірісі де өз жұмысына кірісті. Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде іске қосылды. Сонымен бірге «Киров атындағы зауыттың» негізінде тұрмыстық техникаға арналған көп қабатты плат өндіру де іске қосылғанын бұрын жазған болатынбыз.
Сөйтіп, терістіктің өндірісі жандана бастады. Өнеркәсіптің барлық саласына да кадрлық әлеуеті кезінде зор болған өңір осылайша қайтадан бас көтеруде. Тек істеріне Алла сәттілік берсін.
Солтүстік Қазақстан облысы