Елорда ендігінен өзіне тиесілі еншісін алып, еркін жайлаған «Егемен Қазақстанның» еңселі ғимараты сырттай тыныштық құшағына сүңгіп, қаладағы көп құрылыстың біріндей өзінің қимылсыз қалпын бұзбағанымен, ішіндегі буырқанған тіршілік тасқыны шын мәніндегі шығармашылық жұмыстың жайбарақат жүзеге аспайтындығын айқын аңғартып тұрғандай. Күн сайын ояу жүректі оқырманын ойлы мақалаларымен қуантпақ ниетте жұмылған жұдырықтай жабыла еңбектенген әр қызметкердің өз жауапкершілігі бар.
Иә, газет шығару – ұжымдық жұмыс. Оны сол үдерістің ішінде жүріп, күн-түн, ерте-кеш, демалыс-мереке демей, көзін тырнап ашып, көлікке отырып, межелі жерге жетуге, оқиға орнынан салмақты, сауатты ақпарат беру жолында жанталасқан журналист пен оларды оң іске бағыттаушы басылым басшылары, жазылған дүниені газет үлгісінде жалпақ жұртқа жария етуге қызмет ететін өз ісіне жетік кәнігі кәсіби шеберлер – жауапты хатшы, фототілші, дизайнерлер мен корректорлар, координаторлар мен өзге де техникалық сала қызметкерлерінен артық сезініп, білетін жан сирек. Бір қызығы, жазудың ләззатына түсіп, қаламнан өз рақатын тапқан тілшіге де, оған жөн сілтейтін басшыға да бұдан асқан бақыт жоқ.
Әрине, кезіндегі әріпті ойып теріп, май-май болып баспахана жағалап, кезекшілік атқаратын, қойындәптерін қолтықтап, табанынан таусылып жүріп сұхбат алатын кәсіби машақаттар азайып, орнын заманауи техниканың жетістіктері жеңілдетті дегенімізбен де, журналистің интеллектуалдық білім, әріптестермен қарапайым адами қарым-қатынас тұрғысындағы жауапкершілігі титтей де кеміген жоқ. Керісінше, ұлттық жуналистикадағы дәстүр мен діл құндылығы арта түсті. Ал мұның айқын үлгісін «Егеменнің» әріптестік бауырластыққа ұласқан ұлағатты шаңырағынан көруге болады.
Редакцияға анда-санда жолы түсер қонақ тұрмақ, әр таң сайын «Егемен» есігінен имене кірер қызметкерінің өзі табалдырықта сәл аялдап барып төрге озатыны бар. Себебі қарашаңырақтың мысы басып, кіреберіс қабырғаны тұтас ала қылқалам тілінде үн қатқан тағылымға толы композиция еріксіз кідіртеді. Газеттің алғаш жарық көрген күнінен бастап шығармашылық жұмысты басқарып, бағыт-бағдар берген, төл қолтаңбасын қалдырған басшылар – қайраткер тұлғалар галереясы тарихтың күнгейі мен көлеңкесі қатар өрілген шежіресінен үнсіз сыр шертіп тұрғандай көңіл толқытады.
Әлі есте, оқу бітіре салып елордаға қоныс аударғанда, Алматыдағы журналистік ортаны сағынатынымызды білсек те, астанада ақпарат кеңістігінің алпауыты – «Егемен Қазақстан» газеті бар ғой деп бас шаһар жаққа тәуекел еткен едік. Небір ұлылардың қайталанбас ізі қалған киелі қарашаңырақтың табалдырығын бір аттап, шеберханасын көру арман болған. Сондай сәттерде журналист аға-апаларға телефон шалып, толқу мен қорқу сезімін қатар арқалап «Егеменді» бетке алушы едік. Сол кездегі газеттің бас редакторы болған Жанболат Аупбаев жылы сөйлеп, ақылын айтса, кейін бүгінгі газет басшысы Дархан Қыдырәлі талай жасты қолдап, қызметке қабылдап, «Егемен Қазақстан» мектебін көруге кең жол ашып берді. Сондағы толқынысты күйді бүгінде бір қауым елге айналған «Егеменде» қызмет етіп жатқан жастардың әрқайсысының да басынан кешіргеніне бәс тіге аламыз. Өйткені «Егемен Қазақстан» жай ғана қызмет орнынан бұрын, ең әуелі кәсібін енді бастаған жас маман үшін тағылым мен тәрбие мектебі. Мұнда сонау Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов бастаған тамаша мектептің ұлағатын ұлықтап, ағадан ініге, ападан сіңліге мұра етіп беріліп, әрбір әрекет, қимылымен, сөз саптау мәдениетімен бойға сіңіріліп отырар тамаша дәстүр сабақтасығы бар. Тағылым тынысын үзбей, үнемі айтып, нәтиже шықпаса үйретіп, білгенін жастардың бойына сіңіруге тырысып жүретін редакция табалдырығын жас кезінде аттап, еңбекпен есейген Жылқыбай Жағыпарұлы, Берік Садыр, Самат Мұса, Сұңғат Әліпбай, Қарашаш Тоқсанбай, Анар Төлеуханқызы, Александр Тасболат, Талғат Батырхан, Ғабит Мүсіреп бастаған аға буынның ұлағаты кейінгі толқын үшін ешқандай бағалауға бағынбайтын байлық деп білеміз. Оны мұндағы саналы жастың әрқайсысы сезініп, ішпен біліп, содан лайықты қорытынды да шығарып келеді.
Газеттегі адамгершілік академиясы қалай жолға қойылса, маманды шыңдау мектебі де сол биікте. Күнделікті газеттің тыныс-тіршілігі мүлдем бөлек. Әсіресе «Егеменге» дейін облыстық немесе республикалық газеттерде қызмет етіп келгендер ол салмақты да, жауапкершілікті де айқын сезінеді. Мұнда ең әуелі көз ілеспес жылдамдықпен қатар сауатты сараптай білу қабілеті де аса қажет. Егер осы екеуінің бірінен ақсасаңыз, бет қатталып жатқанда сіздің ғана материалыңызды күтіп отырған күллі ұжым алдында сүйкімсіз болдым дей беріңіз. Әрине кәсіби этикет бойынша, шығармашылық шеберхана құпиясын сыртқа шығаруға болмайтынын білсек те, газеттің ғасыр тойы қарсаңында кино тілімен айтқанда «кадр сыртындағы» кәсіби қызықтарымызбен аздап бөлісіп қоюды жөн санап отырмыз. Сол арқылы бүгінгі редакция тынысымен де жақынырақ таныстыра аламыз деп ойлаймыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, газетте ең әуелі журналистің жеделдігі жоғары бағаланады. Күнделікті газет «конвейеріне» түскенде кім-кімнің де ә дегенде абдырауы, қалыпқа түскенше біраз қиналуы заңды. Барған іс-шараңнан жазған есепті күнбе-күн тапсыру бір апта бойы ойланып-толғанып, көркем тілмен көсіліп жазуға машықтанған кейбір журналистер үшін сынақ, тіпті жеделдікке баулу мектебі десек те болды. Материалды кешіктіріп тапсыруыңның салдарынан бір қауым елдің сені ғана күтіп отырғанын көргенде, іштей ыңғайсыздық қысып, тіпті көзіңнен мөлтілдеп жастың қалай шығып кеткенін байқамай қалатын сәттер де жиі кездеседі. Сондай кездерде бөлім басшысының, одан әрі редактораттың қас-қабағына қарайлай бересің. Ал бас редактордың соңғы сөзі негізінен хатшылықтың көңіл-күйіне тікелей байланысты. Ол жақтың қабағы қатулы болса, жағдайың қиын. Ал ондай «хәлге» бір түскен журналист, келесіде жазуына қалай жылдамдық қосқанын өзі де байқамай қалады.
Мысалы, өзім істейтін «Мәдениет және руханият» бөлімінің тәжірибесін тілге тиек етсем біраз жайға қанығуға болады. Әсіресе, жетекшіміз – Ғабит Іскендерұлы, бөлім басшымыз Талғат Батырхан болып тұрған кезде «Руханияттың» жастары әжептәуір шыңдалып үлгерді. Талғат аға жадырап, жарқырап жүргенімен, жағдай тығырыққа тірелген кезде батырып айтып жібереді. Бірден жиналасың. Ал Ғабит ағаның жөні бөлек. Дауыс көтермейді. Алайда жұмысыңа көңілі толмағанын көзқарасымен-ақ жеткізеді. Ал ол көзқарас ұрысқаннан да ауыр. Ондай кезде барлық тілші тыпыршып кетеді. Ендігі сәтте ағайдың кейігенін көрмес үшін жазарыңа күн бұрын қамдануға, ертерек дайындалып қоюға тырысасың. Ал мұны жас журналист үшін мектеп демей көріңіз?!
Жұмыс барысындағы басты қауіп – хатшылықта. Бет қаттаушылар мен корректорлардың көңіл күйін бағамыз. Бұл – редакциядағы барлық журналистке тән ортақ алаң. Жазбаңды кешіктіру немесе бет қатталып болғаннан кейін материалыңды өзгерту, яки қысқарту – мұндағылардың ең ұнатпайтын дүниесі. Әрине ол кісілерді де түсінуге болады. Күні бойы ондаған, тіпті жүздеген жазбаны қатеден тазартып, бетке әдемі етіп шығарып қойғанында, орта жолдан келіп бар жұмысын быт-шыт етесің. Ал мұндай тірлік кімге ұнасын?! Сондай тығырыққа тірелген сәттерде өтінішімізді жерге тастамайтынын біліп, газет жұмысын бес саусағындай білетін кәнігі маман, жауапты хатшымыз Самат Мұсаға айтып, еркелейміз. Аға жастарға көп ұрыспайды. Еркелігімізге сай мейіріммен жауап береді. Өтінішіміз де оң шешімін тауып, хатшылықтан риза болып тарқасамыз сөйтіп.
Бұл әрине газет баспаға кетер алдындағы қарбалас тудыратын қиындық пен түрлі қызықтардың бір парасы ғана. Ал саяси немесе қоғамдық маңызды оқиғаларды жедел жеткізу жолындағы саясат, экономика, әлеумет бастаған айтулы бөлім журналистері мен жалпы газет шығару процесіне атсалысатын шығармашылық топ еңбегі тіпті ересен. Кейде түн жарымға дейін жалғасатын бет қаттау процесінде газет қызметкерлерінің жұмысы шын мәнінде зор құрметке лайық.
Тарих беттерін парақтап отырып түйгеніміз, ғасыр тарих куәгерінің ұлан «Ұшқыннан» бүгінгі ақсақал «Егемен Қазақстанға» жеткенге дейінгі тарихында газет басшылығында да, шығармашылық қызмет қатарында да небір жүйріктер мен дүлдүлдер, талантты тұлғалар қызмет етіпті. Газет беттерінде сол ұлы қайраткерлер қолтаңбасында әр дәуірдің өз үні, тынысы, өрнегі тасқа басылып қалды. Демек, басылымның әр саны – тарих қойнауына енген соңғы жүз жылдағы әр күннің бұлтартпас куәгері.
Иә, жүз жылдық жылнама жеткізген деректерге үңілсек, газеттің алғашқы саны жарық көрген кездерде «Ұшқынға» редакторлық еткен Бернияз Күлеев, газеттің одан кейінгі жетекшілері Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин бастаған Алаш арыстары небәрі 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер екен. «Оян, қазақ!» (М.Дулатов. – авт) деп, «қараңғы қазақ көгіне күн болуға» (С.Торайғыров. – авт) ұмтылған жалынды жастардың алдында сенетін серкесі, бағыт түзейтін бағбаны болмады. Сондықтан да олар тек өзіне сеніп, кемел келешекке қадам басты. Болашаққа бой түзер зор бағдар қалдырды. Ол – бір ғасыр бойы «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) болып келе жатқан еліміздің бас газеті, ұлт мерейі – «Егемен Қазақстан»! Алаш арыстары аманат еткен ғасыр ғибратын бүгінге жеткізген газеттің басы-қасында жүрген әрбір тұлғаның уақыт-ағзам алақанында қалдырған өз бедері бар. Ендеше сол өрнекті өшірмей, келешек ұрпаққа табыстау – жүз жылдық жылнама – «Егемен Қазақстанның» тағылымды ғасыр тоғысына куә болу несібесі бұйырған бақытты ұрпақ – бізге аманат!