«Батыс» Өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік даярлықты жетілдірудің, әскери мен құқықтық тәртіпті нығайтудың, әскери қызмет пен күнделікті тіршілік ету мәселелерін жақсартудың негізгі бағыттары бойынша оқу-әдістемелік жиын өткізеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау қаласының әскери бөлімдері базасында Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы әскери бөлімдерден тұратын өңірлік қолбасшылықтың басшылық құрамымен оқу-әдістемелік жиындар өтуде.
Жиынға қатысушылар үшін жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру пәндері бойынша сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ командирлер дене дайындығы бойынша сынақ тапсырып, топ бойынша әр түрлі сабақтарға қатысады.
«Каработан» оқу полигонында әскери қызметшілер жауынгерлік машиналарды жүргізуді ұйымдастыру, әскери техниканы тиеу және тасымалдау, жауынгерлік атыстарды ұйымдастыру және қол гранатасын лақтыру тәртібі бойынша сабақтарға қатысады.
«Жиындардың басты мақсаты – жауынгерлік дайындық іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуде командалық құрамның әдістемелік дағдыларын жетілдіру, әскери қызметтің мәселелерін жақсарту және 2019 оқу жылындағы өңірлік қолбасшылықтың жұмысын қорытындылау. Биылғы жыл жауынгерлік дайындық пен күнделікті өмір сүру тұрғысынан мазмұнды болды, үлкен жұмыстар атқарылды», деп атап өтті «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров.
Жиын соңында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің барлық бағыттар бойынша атқарған жұмыстары қорытындыланады.