• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қараша, 2019

Заңсыз тасымал тыйылмай тұр

992 рет
көрсетілді

1984 жылы Қостанайда жаңа автовокзал пайдалануға берілді. 35 жылдан бері автовокзалдың сәні кеткен жоқ. Жолаушылар үшін қазір мұнда интернет желісі де бар, автовокзалдың сайты да жұмыс істейді, үйде отырып кез келген бағыттағы автобустарға билет алуға болады.

Автовокзал жер телімін қайтара алмай отыр

Жасыратыны жоқ, бұл хан сарайындай автовокзал кейбір қалалардағы темір жол вокзалы түгіл, әуежайлардың өзімен бәсекеге бәс тігуге бар. Автовокзал ашылған жылдары Қостанай облысының барлық елді мекеніне автобус қатынайтын. Бір сағатта 800 жолаушыға қызмет көрсетілетін. Тәулігіне 10 мың адам автовокзал арқылы қалаға келіп, кететін. Алайда, 90-жылдарғы жоспарлы экономиканың нарыққа ауысар кезінде осы керемет ғимаратқа да қауіп төнді. Әсіресе, жекешелендіру деген желеумен талан-тараж басталғанда түйені түгімен жұтқандар автовокзалға да көз сұғын қадаған. Жолаушылар автобусының саны құлдырап, автовокзал күтімсіз қалғанда оны қолға алған кәсіпкер Ботагөз Бопатаева бүгінге дейін әділетсіздікпен алысып келеді. Көлік және коммуникация министрлігінің Ұлттық стандарт бойынша автовокзалдарға қойған талаптары 33 тармақтан тұрады. Автовокзал жанындағы алаңның болуы сол талаптардың ортасынан ойып орын алады.

Оған жолаушыларды күтіп алатын, шығарып салатын жеке көліктер тоқтауы тиіс. Қостанай автовокзалы салынғанда бас жобасына енген сол алаң қазір жоқ. 2014 жылы Қостанай қаласының сол жылдардағы басшылығы алаңды шетел азаматы Н.Кушнеров дегенге жер телімі ретінде сатып жіберді. Кушнеров автовокзалға қыстырып, сол алаңға «Ауди-орталық» жасау үшін, яғни шетелдік автомобильдер саудасы үшін ғимарат салды. Германиялық көліктің саудасы жүрмеген соң, Кушнеров енді әлгі ғимаратын автовокзал етіп, Қостанай автовокзалына «нарық бәсекесін» жасағысы келді. Ол Қостанай автовокзалынан шетелдік, облысаралық бағытта жүретін автобустарға көрсетілер қызметке, яғни уысы толатын пайдаға көзін сатты. Жергілікті биліктен арқасүйері болды ма, әйтеуір шетел азаматы Кушнеров біраз қиғылықты салды. «Қостанай автовокзалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ботакөз Бопатаеваның әділдік іздеп, соттан сот қоймауымен әзір автовокзал жанындағы алаң тағдыры қылдай жіпке ілініп тұр. Олай дейтініміз, Кушнеровке заңсыз сатып алған жер телімінде кәсібін жүргізуге еліміздің заңы тыйым салды, бірақ алаң автовокзалға түбегейлі қайтарылған жоқ. Жолаушыларды күтіп алып, шығарып салатын жеке адамдардың көлігі бүгінде автовокзал жанынан машиналар зуылдап өтіп жатқан жолдардың шетіне тоқтайды. Бұл жол ережесін бұзу деген сөз.

– Жолаушы тасымалы қай заманда да адамдардың әлеуметтік өміріндегі және экономикадағы маңызды қызмет болды емес пе? 90-шы жылдары автовокзал аз ғана уақыттың ішінде тозып кеткен екен. 1997 жылы мен алғанда, басқасын айтпай-ақ қояйын, күту залындағы мәрмәр еденнің төрт елі кірін зорға кетірдік. Ал қазіргі жағдайы адам қызығарлықтай екенін жолаушылар көріп жүр, – дейді Ботакөз Бопатаева.

 Автобустар да азайып барады

Автовокзалды әңгіме еткенде, тұтас өңірге тән өзекті мәселенің құ­ла­­ғы қылтияды. Жолаушы легі азай­ған жоқ, тасымал мәселесі өткір. Еліміздегі автомобиль көлігі жолаушылары тасымалының ретке кел­ті­ріл­меуі салдарынан жыл сайын Қос­танай автовокзалынан жүретін автобус бағыттары кеми түсуде. Мысалға, Қостанай қаласындағы автовокзалдың былтырғы мен биылғы мәліметтеріне назар аударайық. 2018 жылы күніне жүретін автобустар сапарының саны 120 болса, 2019 жылы бұл 100-ге түсті. Соған орай күніне жүретін жолаушылар саны да 2200-ден 1500-ге кеміді. 2018 жылы халықаралық, облысаралық, облысішілік бағыттардың барлығы 98 болса, биылғы мәліметте олар 66-ға тоқтап тұр. Қостанай автовокзалы осыған дейін 105 адамды жұмыспен қамтып отырған еді, биыл амалсыздан 88-ге құлдырады.

– Мұның барлығы жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындар санының көбеюіне байланысты болып отыр. Оларға «бұл қалай?» дейтін, жолаушы тасымалын реттейтін ешкім жоқ. Жергілікті полиция, транспорт органдарынан бақылау жұмысы жеткілікті жүргізілмейді. Таксистер кез келген уақытта жолаушыларды салып алып, ешқандай салық төлемей, көлігін техникалық тексеруден өткізбей кете береді. Олардың басым бөлігінде жолаушы тасымалымен айналысуға рұқсат ететін құжат жоқ, – дейді Ботакөз Бопатаева. Сонда 2012 жылдың 19 маусымындағы Премьер-Министрдің елімізде автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін бекіткен бұйрығы қайда қалды? Оны ешкім қаперіне алмаған ба, әлде хабарсыз ба? Кешенді шараларда елді мекендерде автовокзалдар, автостансалар, аялдамалар салу, оларға бірыңғай талаптар қою, жолаушылардың жүйесіз тасымалына рейдтік тексерулер ұйымдастыру секілді көптеген мәселе қамтылған болатын. Оның сыртында еліміздің «Автомобиль көлігі туралы» Заңы қалай орындалып отыр? Бүгін көзге ұрып тұрған нәтижесі көрінбейді.

Қазір жолаушылар автобусы жүр­мей­тін, тұрғындары облыс орта­лы­ғы­на тек таксимен қатынайтын ауылдар екінің бірі десе болар. Автовокзал, автобуспен жолаушы тасымалы ең алдымен адамдардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қостанай автовокзалында жүргізушілер сапар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі, қан қысымы, ыстығы көтерілсе жұмысқа жіберілмейді. Ал автобустың техникалық тексерісі бірінші кезектегі әңгіме. Қазір облыс­та­ғы 8 аудан орталығында автовокзал жоқ, олар баяғыда бұзылып немесе тиын-тебенге сатылып, қол ұшында кеткен. Соңғы рет Қашар кентіндегі автостанса да есігін жапты.

Таксилер тығырықтан шығармайды

Такси жол қауіпсіздігін толық қамта­­ма­сыз ете алмайды. Соны­мен қатар із-түссіз жоғалып кетіп, бақыт­сыз­дыққа ұшырайтын адамдардың да таксиге мінгені туралы немесе таксист қыл­мыс­керлер қолынан қаза тапқан оқиға­лар естіліп жатады. Жақында ғана Мәдина атты әлеуметтік желі қол­да­ну­шы Нұр-Сұлтан қаласында пойыздан кеші­гіп қалады да, сол жерде inDriver такси шақыртып, Қостанайға жеткенін жаза­ды. «Екінші рет таксиге мінбеспін, таксист түнде 180 жылдамдықпен жүрді. Қар жылымшылап еріп жатыр, жол көктайғақ, келгенше иманымды үйі­ріп отырдым» деп жазады ол. Оған Аман­гүл деген тағы бір әлеуметтік желі пай­даланушы: «Негізі алыс жолға шыққан­да таксиге мінбе, түнде сондай жылдам­дықпен жүрген жүргізушінің жол апатын жасауы әбден мүмкін. Одан да басқа сұмдықтарды естіп жа­та­­мыз ғой» деп жазды. Адамдар қауіп­сіз­дігін сақтауда ең сенімдісі сапар­ға автовокзалдан тексеріліп шық­қан рейдтік автобус екенін жұрт та сезеді.

Автокөлікпен жолаушы тасы­мал­дау­дың проблемалары уақыт өткен сайын ушықпаса, бір ретке келген жоқ.

– Біз бұл мәселе бойынша бар­лық құзырлы орындарға жазумен келеміз. Жасырын жолаушы тасы­мал­дау­шы­лар­дың салдарынан аудандық, ауыл­дық жерлердегі автовокзалдар мен авто­стансалардың барлығынан айыры­ла­тын, банкрот болатын түріміз бар. Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға талап жоғары, олардың лицензиясы, білікті мамандары, өндірістік базасы, медициналық тексеру бекеті болуы тиіс. Бұл үшін кәсіп­кер біраз қаржы жұмсайды. Жаңа көлік сатып алуға мәжбүрлейді. Кәсіп­керлер үшін бұл кәсіптің пайдасы­нан шығыны көбейіп тұрғанда, кім жаңа машина алғысы келеді? Бәрі де қаржысын есептейді. Ал осы талап­тар­дың бірі де жоқ жасырын тасымалдаушылар, таксистер салық та төлемей, тек тапқанын қалтаға басуды ғана біледі, – дейді облыстағы тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Леонид Кушнеров.

Жолаушыларды жасырын тасы­мал­дауға қарсы күресуге, бақы­лау­ға жергілікті полиция мен облыстық кө­лік бақылау инспекциясының ғана құ­зыры бар. Алайда, олар да қарап отыр­ған жоқ. Биылға дейін ұстаған, айып­пұл салған пысықайлар сотқа шағы­нып, «сүттен ақ, судан таза» болып шығып жүрді.

– Жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындарды полицей­лер­дің анықтауы, ұстауы оңай емес. Биылғы 10 айда полицейлер облыс орталығы мен аудандарға, ауылдарға жеңіл көлігімен жолаушыларды жасырын тасыған 146 таксисті анықтап, оларға 3,5 миллион теңге айыппұл салған болатын. Солардан 137 адам сотқа шағымданған екен, сот 4 істі ғана қысқартқан, қал­ған­­дары айыппұл төлейді. Бұрын олар­­дың ісі қысқарып отырды. Биыл сот­тар­дың көзқарасы өзгере бастаған сыңай­лы. Мұның өзі болашақта жолаушы тасымалы бірте-бірте реттеледі-ау деген үміт ұялатады. Бірақ қазіргі жағдай бәрібір мақтанарлық емес. Жолаушы тасымалымен заңды айналысып отырған кәсіпкерлер жасырын тасымалдаушылардың салдарынан шы­ғынға батып, кәсіпорындарын жауып жатыр, – дейді облыстық Жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының бөлім басшы­сы Гүлнар Бекмұхамедова. Автобус жүрмеген соң, алыс аудандар тұрғындарының орталықтарға жүріп-тұруы қиындайды. Таксидің де бағасы бұрын­ғыдан қымбаттайды. Онсыз да ауыл­дың қалаға үдере көшуі азаймай отыр­ғанда, бұл көшті күшейте түсетін түрі бар.

Не істеу керек?

Қазір заңды жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың иелері де, жасырын жолаушы тасы­ма­лын бақылайтын, оларға қар­сы кү­ресетін тиісті органдар да осы сұ­рақ­қа жауап таппай отыр. Жолау­шы­лар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар басшылары жасырын, заңсыз тасымалдың көбеюіне көлік бақылау, жалпы жергілікті атқару органдарын кіналайды.

– Бұл мәселені біз жазбаған құзыр­лы орын қалған жоқ. Барлығынан да сыдыртпа жауап аламыз. Біздің жа­най­қайымыз мүмкін жетпеген болар? Олар облыста қанша такси ұсталғанын, қандай айыппұл салын­ға­нын жазып, жауырды жаба тоқып, сипап жебере салады. Нақты шешім әлі көргеніміз жоқ. Бізде «Автомобиль көлігі туралы» Заң сауатты жазылған, егер жұмыс заң бойынша жүрсе, бәрі де басқаша болар еді, – дейді Леонид Кушнеров.

Жолаушы тасымалымен айналы­са­тын кәсіпкерлердің барлығы да өзде­рі­не әділетсіз бәсеке жасап отырған жасы­рын тасымалдаушылардың ісіне әбден қанық болған. Таксистер автобус жүрер алдында келеді де, жолаушыларды автобус бағасымен алып кетеді. Әрине оларға қаржысы барлар мінеді. Ал зейнеткерлер мен мүгедектерге жаса­латын жеңілдікті пайдаланғысы келгендер автобусты күтеді. Солай авто­бус 200 шақырымдағы ауданға такси­ден қалған 5-6 адамды салып алады да, салдырлап жолға шығады. Ал автобустан кешіккендер үшін келесі такси бағаны көтере қояды, үйіне жетуге тырысқан жолаушы амалсыздан таксидің сұраған бағасын береді.

– Алыс аудандарға жасырын жолаушы тасымалдаушылар әр адамнан кемінде 5 мың теңге алады, сонда бару-келуі бір адамға 10 мың теңгеге түседі. Ал автобусқа мінсе сондай қашықтыққа бар-жоғы 500-1000 теңге төлер еді. Осыған тиісті орындар неге тосқауыл бола алмайды?  – дейді Леонид Кушнеров.

Облыстық полиция департаменті мен облыстық көлік бақылау инспек­ция­сындағылар да қарап отыр­ма­ғанын көлденең тартады. 2013 жылдан бастап, жасырын жолаушы тасымалдаушыларды бақылау, оларды жолда тоқтату құзыры көлік инспекциясынан алынып тасталған болатын. 2019 жылы бақылау жұмысы инспекцияға қайта қайтарылды. Осы екі арада жасырын жолаушылар тасымалдаушылардың да, заң талабына қол сілтейтіндердің қатары да тым көбейген. Әзір заң актілері күшіне енбегендіктен, инспекция қызметкерлері жергілікті поли­цей­лермен бірлесіп жұмыс істеп отыр. Облыстық көлік бақылау инспек­циясының қызметкерлері жыл басынан бері жасырын жолау­шы тасымалдаушылардың 55 заң бұзу­шы­­лығын анықтап, өз жұмысын жергі­­лікті тиісті атқару органдарына хабар­­ла­мағандардың, рұқсат қағаз алма­ған­дар­дың ісін сотқа берген.

– Жасырын жолаушы тасымалдайтындар 8 орындық шағын автобус­пен негізінен Ресей қалаларына және облысішілік аудандарға қатынайды. «Автомобиль көлігі туралы» Заң бо­йынша жолаушы тасымалына пайдаланатын көліктің кемінде төрт есігі болуы тиіс. Ал жолаушылар мінген ша­ғын автобустардың көбіне екі есігі ғана бар. Сонымен қатар жасырын жолаушы тасымалдайтындар өз ісі жөнінде жергілікті тиісті атқару орган­да­рына хабарламай, рұқсат қағаз алмай, ешқандай талаптарды орын­дамай жолға шығады. Тағы басқа да талаптар бар. Біз осындай тасымал­даушыларды жол бойынан тоқта­тып, ереже бұзғандарға айыппұл сала­мыз, ісін жолдың қай тұсынан тоқтат­қа­нымызға қарай аудандық және қала­лық әкімшілік соттарға жолдаймыз. Аудандық соттар біздің ісімізді құп­тай­­ды, талай рет сотта ұтып, жасырын жолаушы тасымалдағандар айыппұл төледі немесе басқа да жазасын алды. Ал қалалық әкімшілік соттан үнемі жеңілеміз. Өйткені сот: «көліктің екі есігі ғана бар, яғни ол такси емес» деген уәж айтып, жасырын жолаушы тасымалдаушыларды қолдайды, істі қысқартады. Біз әрі қарай шағымданып, іске облыстық, Жоғарғы соттың назарын аударайық десек, облыстық прокуратура қолдаухат бер­мейді. Прокуратура қалалық әкім­ші­лік сот бірыңғай тәжірибеге сүйе­­ніп шешім шығарып отырғанын айтып, қолдаухат беруді негізсіз санайды. Сонда бір іске екі сот екі түрлі ше­шім шығарады, – дейді облыстық кө­лік қадағалау инспекциясының авто­кө­ліктерді бақылау бөлімінің бас ма­ма­­ны Нұрлан Жолмекенов. Әрине қала­лық әкімшілікті соттың шешімі таңғалдырады. Ал «Автомобиль көлі­гі» Заңында: «Таксимен тасымалдау­ды жүзеге асыру үшін кемiнде төрт есiгi бар, сериялы шығарылатын жеңiл автомобильдердi пайдалануға жол берiледi» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Заңның өзінде адамдар қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен ден­сау­лығын сақтауға басымдық берілгені айтылады.

Қоғам мен мемлекет үшін ең алдымен адам байлығы керек. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының арна­йы тапсырмалар аға инспекто­ры, полиция подполковнигі Айгүл Бекмағамбетованың айтуына қара­ған­да, биылғы он айда облыста 330 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза болған. Өткен жылы жолаушылар таситын 11 автокөлік жол апатына ұшыраған, екі адам көз жұмған. Айгүл Мұхаметжанқызы жол апатының саны биылғы он айда 72 пайызға, адам өлімі 50 пайызға қысқарғанын айтады. Дегенмен бұл көңіл жұбатпақ емес. Заңсыз жолаушы тасымалы қаншама елді мекенде автобустың қысқаруына, әлеуметтік деңгейдің төмендеуіне, мемлекет бюджетінің салық түсімінен қағаберіс қалуына себепші болып отыр. Адамдарға жұмыс беріп, елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайының дамуына үлес қосып отырған жолаушы тасымалымен заңды айналысатын кәсіпорындар басшыларының «не істеу керек?» деп шырылдаған жанайқайы жиілеп барады.

 

ҚОСТАНАЙ