• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қараша, 2019

Инклюзивті қоғам қалыптастырудың жолдары талқыланды

883 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ мүгедектер құқықтары жөніндегі Конвенцияның орындалуын бақылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сү­лей­мен­нің төрағалығымен «Қазақстан ин­клюзивті қоғам қалыптастыру жолында» тақырыбында өткен жиынға Парламент депутаттары Айгүл Қапбарова мен Динар Нөкетаева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, мүдделі мемлекеттік орган­дарының мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Басқосу 2015 жылы ратификацияланған БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясының ережелеріне қол жет­кізу­дегі прогресті бағалаудың тәуелсіз мони­торингтік тетігін елімізге енгізу мүм­кін­­дігін талқылауға бағытталды. Бұған дейін бақылау тетігін құру Конвенцияның 33-2-бабында көзделген, алайда халық­ара­лық шарттың ратификацияланған сәтінен бастап Қазақстанда осы тетіктің қандай болуы тиіс екендігі бойынша жан-жақты пікір алмасу өтпеген болатын.

Дөңгелек үстел барысында Конвенцияға сәйкес бақылау тетігінің Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі жанындағы монито­ринг­тік механизм және жеке ұлттық мони­то­рингтік палатаны құру сияқты екі нұсқасы ұсынылды. Қатысушылар аталған нұсқаны да, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мен көтермелеумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі мен жұмыс істеуіне қа­тысты Париж қағидаттарына жауап бе­ре­тін қосымша нұсқаларын да мұқият зерделеу қажеттігін айтты.  

«Конституцияда бекітілгендей, адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­­тары мемлекетіміздің қазынасы. «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясында Елбас­ы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік кепіл­дік­тер мен жеке жауапкершілік әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері екенін және мем­лекет осы мұқтаждарға әлеуметтік қол­­дау көрсетілуі тиіс екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқа­ев биылғы Жолдауында: «Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүм­кін­дік­тер жасауға міндеттіміз» деген болатын. Соңғы кездері, әрине қоғамымызда инклюзивті қоғам, инклюзивті білім беру, инклюзивті экономика сияқты ұғымдар көп қолданылып жүр. «Инклюзив» сөзінің терминдік мағынасы – «ішке тарту» деген мағынаны білдіреді. Қазақта «іш тарту» деген ұғым бар. Алайда, біздің халық этно-психологиялық, этно-гендік, ізгілік, адамгершілік тәжірибесіне сәйкес, бала ерекшелікпен, не кемтар болып дүниеге келсе, оған Нышангүл, Қалдыгүл, Елемес деген сияқты есімдер берген. Мұның өзі қазақ даласында инклюзив ұғымының бар екендігін білдіреді», деді депутат Айгүл Қапбарова.

Депутат «Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенін, бұл өзге­рістер әлеуметтік және көлік ин­фра­құрылымының қолжетімділігін қам­та­масыз етуге, әлеуметтік саладағы қыз­мет­терді жетілдіруге, жұмысқа орналасу үшін жағдай жасауға, ақпаратқа қол жет­кі­зуге, құқықтық көмекті жетілдіруге, сон­дай-ақ мүгедектігі бар адамдардың шы­ғар­машы­лы­ғын қолдауға бағытталғанын айтты.

Ерекше тапсырмалар жөнін­дегі елшісі Үсен Сүлейменнің айтуынша, елі­мізде 690 мың мүгедек адам тұрады. Бұл рес­публика халқының 3,8 пайызын құрай­ды. Қазақстан 2017 жылдың мамырында БҰҰ-ның Мүгедектер құқығы жөніндегі комитетіне Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы БҰҰ конвенциясының орындалуы жөніндегі бірінші Ұлттық баяндамасын ұсынғанын еске салған ол: «біз комитет мүшелерімен жақын аралықта оны талқылау мүмкіндігін күтіп отырмыз. Женевада баяндаманы қорғау күнін комитет әлі белгілеген жоқ. Таяуда уақыты анықталады деген үмітіміз бар», деді.

Талқылауға Халықаралық сарапшылар ретінде БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөнін­дегі комитетінің мүшесі Маркус Шефер және Финляндиядан келген үкі­мет­тік емес ұйымның басшысы Туомас Тууре қатысты. Сондай-ақ жиынға ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, БҰҰ АҚЖКБ, Сорос қорының және Қазақстандағы АҚШ елші­лігінің өкілдері келді. Өз кезегінде Қазақ­стан­дағы АҚШ елшісінің орынбасары Теодор Линг: «жұртшылықтың мүгедектігі бар аза­мат­тар­дың қоғамға әсері мен ықпалы тура­лы көзқарастарын қатаң заңдар арқылы өзгерте аламыз», деді.

Іс-шара «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциа­циясы» ҚБ-мен бірлесіп ұйымдас­ты­рылды.