• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Футбол 25 Қараша, 2019

ҚПЛ-2019: Биылғы біріншілік несімен есте қалды?

359 рет
көрсетілді

Өткен жексенбіде 9 айға созылған футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы аяқталды. 28-ші мәрте ұйымдастырылған ел біріншілігінде 12 команда ала доптың арбауына түскен жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлап, «Қазақстан чемпионы» деген атаққа таласты.

Әдеттегідей, жыл басында чемпиондыққа «Астана» мен «Қайраттың» таласарына ешкім күмән келтірген жоқ. Сондай-ақ былтырғы маусымнан кейін құрамын бірқатар мықты футбол­шылармен толықтырған «Ор­дабасы» мен «Тобыл» сияқты клуб­тар да алтын жүлдеден үміт­ті екенін байқатты. Бірақ мау­сым соңында біз атаған төрт­тік жүрістерінен жаңылмай, тур­нир кестесіндегі алғашқы төрт орынды иеленді.

Тіпті Қостанайдың «Тобыл» клубы екінші айналымда біраз уақыт көш бастап тұрды. Бірақ Еурокубок ойындарындағы сәт­сіздіктен кейін бас бапкер Вла­димир Газзаев отставкаға кетіп, басшылық клуб бюджетін қыс­қартты. Сондай-ақ команданың бірқатар ойыншылары жарақат алып, жыл соңына дейін клуб әлсірей бастады. Алтын жүлдеден үміттенген «Тобыл» нәтижесінде төртінші орын иеленіп, Еуропа лигасының жолдамасынан тыс қалды. Қостанайлықтар кем де­генде үшінші орынға лайық бо­латын. Бірақ соңғы алты тур­да бір рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнады. Қалған үш ой­ын­да жеңіліске ұшырап, үшін­ші орынды «Ордабасы» ко­ман­дасына беріп қойды.

Ал «Ордабасы» жыл ба­сында және соңында тәуір ой­ын көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Шымкенттіктер мау­сымның басындағы бес және соңғы бес турдың төртеуінде жеңіске жетіп, бір ойында ғана тең түсті. Керек кезінде қа­жет­ті ұпайға қол жеткізген «Ор­дабасы» келесі жылы да Еуро­кубок ойындарында бақ сы­найтын болды. Ашығын айту ке­рек, биылғы маусымда шымкенттіктерді Жоао Пауло өрге сүйреді. Бразилиялық фут­болшы командаға келе салып, клуб­тың көшбасшысы және сұр­­мергені атанды. Премьер-ли­гада 31 матч өткізіп, 15 гол соқ­­ты. Сондай-ақ 4 рет коман­да­­ластарына нәтижелі пас шы­ғарған.

 Маусым басында «Қайрат» биыл чемпион атанады деген­дердің қатары көп болды. Ел бі­­ріншілігінің алғашқы ай­на­лымында алматылықтар ала-құла өнер көрсеткенімен, екін­ші және үшінші кезеңде ең үздік ойын көрсетті. Чемпионат аяқталуына 5 тур қалғанға дейін турнир кестесінде көш бастап тұрған болатын. Бірақ 30-турда «Астанадан» (1:3), 32-турда «Ертіс» командасынан 0:5 есе­бімен жеңіліп, биылғы чем­пион­дықты өз қолдарымен «Ас­танаға» ұстатты. Енді «Қай­рат» фут­бол­шылары мен жан­күйерлері әдеттегідей өздерін келесі жылы чемпион боламыз деп сендіруге тырысады. Бәл­кім, алматылықтар келесі жы­лы «Астананы» тоқ­татуы да мүмкін. Өйткені чем­пио­нат­тың соңғы турында бас бап­кер Алексей Шпилевский бас­пасөз мәслихатында келесі жы­лы жанкүйерлердің үмітін ақ­тайтынын айтты. «Ойындарға сараптама жасап, маусымаралық үзіліс кезінде тыңғылықты да­йындалып, келесі маусымды жақсы өткереміз деп сенемін. Әрине, команданы күшейту ке­рек. Біздің ыңғайымызға сай келетін ойыншыларды іздейміз. Олар қазіргі ойыншыларға қара­ғанда әлдеқайда күшті болуы тиіс. Сонда ғана бәсекелестік орнайды», дейді ол.

«Астана» алтыншы жыл қа­тарынан чемпион атанған болса да, биылғы маусымда олар өз деңгейінде ойынды көрсете алмады. Мысалы, осы жылғы біріншілікте елордалықтар 33 турдың 8 ойынында қарсы­лас­тарына есе жіберді. Ал был­тыр­ғы маусымда небәрі 4 ойын­да жеңілген. Дегенмен, «аста­­на­лықтар» алтынның ауылы алыстай бастағаннан кейін іске кірісіп, қажетті ұпайын жи­най бастады. Жалпы, Юрий Ло­г­ви­ненко кейінгі екі турда ко­мандасының маңызды екі голын соғып, алтыншы чемпиондықты әперді.

Турнир кестесіне көз таста­саңыз, үшінші айналымда 12 команда төрт топқа бөлінгенін байқайсыз. Мысалы, «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» жүлделі орындарға таласса, «Жетісу» кестедегі 5-орнын сақтап қалу үшін ойнады. «Қайсар», «Оқжетпес», «Ертіс» және «Шахтер» командалары қауіпті аймаққа түсіп қалмауы үшін және мейлінше жоғары орындарға талпынды. Ал «Та­раз», «Атырау», «Ақтөбе» ко­ман­далары барынша Премьер-ли­гада жан сақтап қалу үшін ба­рын салды. Бірақ «Атырау» мен «Ақтөбе» бәрібір жоғары лига­мен қош айтысты. Олардың орнын Бірінші лигада жеңімпаз атанған Петропавлдың «Қызыл­жары» мен Ақтаудың «Каспий» клубтары басты.

Сондай-ақ ел біріншілігінде 10-орынға тұрақтаған «Тараз» Бірінші лигада үшінші орын ал­ған Оралдың «Ақжайық» клу­бымен келесі жылы Премь­ер-лигада ойнау үшін өз­ара матч өткізіп, екі ойынның қо­ры­­­­тындысы бойынша «Та­раз» ко­мандасы жеңіске жетті. Осы­лайша «Тараз» Премьер-лигада өз орнын сақтап қал­ды.

Биылғы біріншіліктің бірқатар статис­тикалық мәліметтерін назарларыңызға ұсынсақ:

Чемпионаттағы ең көп гол биыл соғылды. Кейінгі 5 жылдағы чем­пионатпен салыстырар бол­сақ, биыл футболшылар 513 гол соққан екен. 513 голды әр тур­ға бөлер болсақ, тур сайын 15 гол­дан соғылған. Сондай-ақ 10 автогол, яғни футболшылар өз қақ­пасына байқаусызда гол соғып алған.

Биылғы біріншілікте 40 фут­болшы дубль (бір ойында екі гол соққан) авторы атанған. Сондай-ақ 4 футболшы бір ойында үш гол соқса (хет-трик), бір футболшы бір ойында төрт гол салып, покер жасады.

«Тараз» бен «Атырау» ко­ман­далары чемпионаттың ең тәр­тіпсіз командасы атанды. Жам­­был өңірінің футболшылары 33 турда 8 қызыл қағаз алса, аты­раулықтардың 7 ойыншысы матч­тан қуылған. Жалпы, осы жы­лы барлық команданың ойын­шысы қызыл қағазбен жазаланды.

«Астана» командасы қар­сылас қақпасына 67 гол соғып, ең үздік нәтижені тіркеді. Ал «Ор­дабасы» командасы өз қақпасына ең аз гол өткізген (24) ко­ман­да атанды.

Биылғы маусымда Аде­ринсола Эсеола («Қайрат») пен Марин То­масов («Астана») 19 гол соғып, үз­дік сұрмерген атан­ды. Сондай-ақ қазақ­стандық фут­болшылар ара­сынан Абат Айым­бетов («Ақ­төбе») 16 голмен үздік атанды.

Жуырда Қазақстанның кә­сіпқой футбол лигасының ресми сай­­тында 2019 жылғы мау­сым­ның қорытындысы бойынша ел бі­ріншілігінің шартты құра­масы жарияланды. Биылғы доп до­дасында өз қақпасына 24 гол ғана өткізген Дмитрий Не­по­годов («Ордабасы») үздік қақ­пашы атанды.

Қорғаушылар – Гафуржан Сүйімбаев («Қайрат»), Пабло Фон­танелло («Ордабасы»), Сер­гей Малый («Ордабасы») жә­не Ілияс Әмірсейітов («Қайсар»). Жар­тылай қорғаушылар – Иван Пешич («Шахтер»), Бауыржан Исламхан («Қайрат»), Тигран Бар­сегян («Қайсар») және Ма­рин То­масов («Астана»). Ша­буылшылар – Жоао Пауло («Ор­дабасы») мен Аде­ринсола Эсеола («Қайрат»).

Осымен Қазақстанның ке­зекті чемпионаты аяқталды. Бі­рақ елімізде футбол мерекесі әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Еу­­ропа лигасында «Ас­тана» топ­тық кезеңдегі екі ойы­нын өт­кізеді. 28 қарашада «Астана Аре­­нада» ағылшынның әйгілі «Ман­честер Юнайтед» ко­ман­да­сын қабылдаса, 12 жел­тоқ­санда сырт алаңда Сербияның «Пар­тизан» клубымен ойнайды.