Бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың бесеуінде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.
«12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі. Қазіргі уақытта бізге, лицензия беретін орган ретінде, міндеттеріне жауапсыз қарайтын жоғары оқу орындарының лицензияларын өз тарапымыздан кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу жоспарлануда. Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болды», деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну керектігін еске салды.
«Қазіргі уақытта лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын», деп жазды ол.