Желтоқсан айында Англияның бас шаһары – Лондонда 69-рет ұйымдастырылатын халықаралық «Әлем аруы» байқауы өтеді. Әлемнің сұлулары бақ сынайтын додада осы жылы «Қазақстан аруы» атанған отандасымыз Мәдина Батық та бақ сынайды. Болашақ туризм саласының маманы «Әлем аруы» байқауында өз өнерін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның көз тартар көрікті жерлерін таныстырады.
Осыған орай жуырда Мәдениет және спорт министрлігі және «Kazakh Tourism ҰК» мұрындық болуымен «Бурабай» курорттық аймағында БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистерге еліміздің тұмса табиғатының сұлулығын, тарихын, халқымыздың қонақжайлығы мен ұлттық дәстүрінен сыр шертетін көп сериялы Kórіktі Qazaqstan фильмі көрсетілді. Дәл осы бейнеролик алдағы уақытта «Әлем аруы» байқауында шетелдіктердің назарына ұсынылады.
Фильмнің түсірілімі барысында Мәдина «Қазақ аруы» ретінде еліміздің бірқатар көрікті жерлерін аралап шыққан. Атап айтар болсақ, Маңғышлақ түбегіндегі қиял ғажайыпқа толы Бозжыра шатқалы, Іле Алатауы бөктеріндегі әлемге әйгілі Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі мен ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары – Сауран қаласы, «Ассы» үстіртіндегі әлемге әйгілі обсерватория, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, құпияға толы Ақмешіт үңгірі, тыныштықтың шексіз көрінісі – Каспий теңізі, сондай-ақ ультразаманауи шаһар, ел астанасы Нұр-Сұлтанды аралап шықты.
Кейіпкеріміздің айтуынша, түсірілім экстремалды режимде өтіп, өмірге қауіп төндіретін сәттер де болыпты. Мәселен, Мәдина Бутаков шатқалында үстіне салмағы 20 кило тартатын киіммен атқа мініп тау беткейіне көтерілген. Сондай-ақ белсенді туризмнің бір түрі саналатын рафтингшілер командасымен бірге Түрген өзенінің қатты ағысына төтеп беруіне тура келген.
14 желтоқсанда Лондонда өтетін «Әлем аруы» халықаралық байқауында Мәдина Батыс Қазақстан өңірінің намысын қорғап, Kórіktі Qazaqstan жобасын таныстырады. «Әлем аруы» байқауының алаңын тиімді пайдаланып, Қазақстанның өзге елдер арасында танымалдылығын арттыруға болады. Себебі «Әлем аруын» сол күні 200 елден 2,8 миллиардтан астам адам тамашалайды деп болжануда.