Пәкістан мен Үндістан теннисшілері арасындағы Дэвис кубогының іріктеу турнирі үстіміздегі жылдың 29-30 қараша аралығында Нұр-Сұлтанда өтеді.
Жоғарыда аталған қос мемлекет арасындағы саяси жағдайдың талай жылдан бері ушығып тұруы Халықаралық теннис федерациясының осындай шешім қабылдауына түрткі болды. Сол себепті де айтулы ұйым Пәкістан мен Үндістан құрамаларының өзара бәсекесін бейтарап елде, яғни Қазақстанда өткізуді құп көрді. Ал Азия мен Мұхит жағалауы елдерінің іріктеу турнирінде топ жарған команда осы жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алу үшін келесі жылы Хорватия теннисшілерімен шеберлік байқасады.
Сонымен қатар, 2020 жылы өтетін Дэвис кубогы жолындағы жарыстың іріктеу турнирінде Қазақстанның өрендері қайта Голландия құрамасымен кездесетін болды. Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана айтулы доданың финалдық кезеңінде дәп осы команданы біздің жігіттер 2:0 есебімен жеңген еді.