• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қараша, 2019

Дерек пен дәйектің дегдары

487 рет
көрсетілді

Жер жүзіне мыстың мол қорымен танылған Жезқазған деген шаһар бар. Биыл, сол болмысы - берік, байлығы - бекем Жезқала 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Кенді ошақтың тарихы қалалық «Дидар» телеарнасымен тікелей байланысты. Ұлы даланың жаршысына айналған телеарнаға 60 жыл толып отыр. Үкімет Қаулысымен жекеменшікке сатылып кеткен  «Дидар» ұжымның табандылығының арқасында сот шешімін бұзған жалғыз ақпарат құралы. Осы мақсатта, тарих пен тағылымды, тынымсыз еңбек пен тұлғалы ерін дәріптеген «Дидар» телеарнасының соқтықпалы-соқпақты еңбек жолын директоры Базарбай Әлеуханұлы баяндап берді.

-Ұлытаудың етегінде орналасқан ұлағатты «Дидар» телеарнасының негізін  металлургтар құрған дейді. Осы рас па?

-Негізін ұлы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаев қалаған Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының Б.А.Длугач, А.А.Трошин бастаған бір топ инженерлері 1959 жылы әуесқой студия ұйымдастырады. Сөйтіп, сол жылы қыркүйектің бесі күні металлургтердің Мәдениет үйінен жергілікті студия арқылы кино көрсетілді. Кейінірек Қазан Төңкерісінің 42 жылдығын, ССРО Конституциясы күнін арқау еткен хабарлар шықты. Қалалық партия комитеті бұл бастаманы қызу қолдап, жоғарыдан жәрдем сұрайды. Нәтижесінде, 1960 жылы 20 ақпанда Республикалық телевизия және радио хабарын татарту мемлекеттік Комитетінің Жезқазған телестудиясын құру туралы бұйрығы шығады. Сонымен, 1960-1964 жылдары студияның алғашқы директоры болып Керімбай Көпбаев қызмет істеді. Студияны 1964-1970 жылдары Зиновий Львович Шкундин, 1970-1985 жылдары Рақымбай Жұматаев басқарды. 1985 жылдың маусымынан аталған Комитеттің басшылығына Сәбит Жүнісбекұлы Байдалин келді. Комитет 1991 жылы Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясы болып қайта құрылды. С.Ж.Байдалин осы қызметті 1997 жылға дейін, яғни Жезқазған облысы тарап, осыған байланысты облыстық телерадиокомпания жабылғанға дейін атқарды.  Осы жылы (1997ж.) Жезқазған қаласының әкімі Ж.Ибадилдиннің Қаулысымен «Жезқазған қалалық телерадиохабарын тарату дирекциясы» коммуналыдқ мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны құрылды. Директоры болып Валентина Черницина тағайындалды. 1999 жылдан бері бұл қызметті мен жалғастырып келемін. «Дидар» телеарнасы 2012 жылдан бері 100%-дық мемлекеттік үлеспен жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) болып қайта рәсімделді.

-«Дидардың» алғашқы қадамы қалай болды? Заман ағымына ілесе алды ма? Нарықтық экономиканы қалай меңгердіңіздер?

1999 жылы телеарнаның директоры лауазымына конкурс жарияланды. Кадр саясатында мұндай жариялылық бұрын-соңды болмаған. Ұжым қажып тұр. Конкурстың басты шарты телестудияны тығырықтан алып шығуға арналған бизнес-жоспар ұсыну. Байқауда комиссияның көңілінен шыққан бизнес-жоспармен директор болып тағайындалдым. Құлазыған ғимарат пен кетеуі кеткен құрал-жабдық, сеңдей соғылысқан журналистер айлап жалақы алмаған. Әкім жаңа қызметіме сәттілік тілей отырып, менен ақша сұрама деді үзілді-кесілді. Ашынып ақша іздедім. Шығынды азайтудың жоладарын қарастырдым. Халықтың сұранысын зерттедім. Шығармашылық және техникалық топқа бөлініп отырған ұжымды бір ғимаратқа орналастырдық. Босап қалған ғимаратты «Қазақмыс» корпорациясына өткізіп, орнына бейнекамералар, монтаждау үстелдерін және тағы басқа құрал-жабдықтар алдық. Бұл коммуналдық шығынды екі есеге азайтуға себеп болды. Көрерменнің көңілі қалаған бірнеше ақылы бағдарламалар дүниеге келді. Кәсіпорын, ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Кез келген жаңа іске жарнаманың қажеттілігін дәлелдедік. Маған дейінгі директор, Валентина Черницына орынбасарым болып қалды. Бас инженер Махмут Сексембаев, тәжірибелі тәлімгерлер Петр Севостьянов, Тоғанбай Құлманов, Бақыт Мәукенова, Аманкүл Арымбекова, Жамбыл Бекжанов, Эльвира Минчук, бейнеоператор Мақсұт Сексембаев, режиссер Дулат Әбілдин т.б. білек сыбанып іске жаңаша кірісті. Сөйтіп, нарыққа бейімделе бастадық.

«Дидардың» қалыптасу кезеңіне тоқталсаңыз?

-1997 жылы кәсіпорынға «Дидар» деген әдемі атау қостық. Уақыт озған сайын қаланың ғана емес, бүкіл аймақ тұрғындарының дидарласу орталығына айналған телеарна, бастауын сонау 1959 жылы алған Жезқазған телевизиясының тарихи жалғасы болып, қызметін дөңгелетіп ала жөнелді. Осы аралықта мен телевизия ардагерлері Ескен Хасенов, Жанбау Бірманов, Галина Петровна Драговоз, Сара Ысқақова, Рая Баймагамбетова, Аманжол Усенов, Шұға Нұрмағамбетова, Әсия Айдарханова, Нескен Битенова, Валентина Головинаны жұмысқа тарттым. Ес жия бастағанда лицензияларың жоқ екен, жабыласыңдар деген жамант хабар дүңк ете қалды. Сөйтсек, Жезқазған облысы таратылған тұста Жезқазған облыстық телерадио  компаниясының «Қазтелерадио» ұстайтын лицензиясы күшін жойыпты. Ұлы даланың маңдайына біткен жалғыз телеарнасына «Дидарға» тікелей жабылу қауіпі төнді. Жан-жақты тергеу басталды. Ұжымды үрей жайлады. Қарағанды, Астана, Алматы кеңселерінің табалдырығын тоздырдық. Қайтсек те «Дидарды» сақтап қалуымыз екерек. Жан алқымға келгенде сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовке жүгінуге тура келді. Өйткені, құжат тапсыру «мерзімі» аяқталып қалған еді. Іле-шала құрамында министрліктер өкілдері, Сенат, Мәжіліс депуттаттары бар беделді комиссия құрылды. Комиссия мүшелері біздің өтіншімізді бір кісідей қолдап, қолымызға Мемлекеттік Лицензия ұстатты. Қазақстан Республкасы Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың қолымды алып құттықтап. Жезқазғанда теларна болуы керек дегені әлі есімде.

Елу жылда ел жаңа, жалпы «Дидардың» өрлеу кезеңі қалай болды?

Мемлекеттік лицензия қолға тіиісімен (2001 ж) алаңсыз іске кірістік. Қарыздарымызды түгел жауып, уақытымен жалақы ала бастадық. Тәулігіне 16-17 сағат эфирге шығатын болдық. Коммерциялық қызмет түрлері жолға қойылды. Орта жасы отыздан аспайтын, бір үйдің ұл-қыздарындай тату ұжым қалыптасты. Кәдімгідей кіріс санайтын дәрежеге жеттік. Сөйтіп, өмірі сылап-сипау көрмеген ғимаратымызды, жылу, су, электр жүйелерін толық жаңарттық. Баспалдақтан бастап күрделі жөндеу жүргіздік. Баспасөз клубын аштық. Мұның сыртында қаншама құрал-жабдық жиһаз алып ұжымның өңі кіріп қалды. Қызметкерлеріміз жаяу жүрмейтін болдый. Көліктер алдық. Әлеуметтік жағдайға баса назар аударатын  халге жеттік. Кірістен түскен қаржыдан  пайызсыз «ішкі несие» қорын ұйымдастырдық. Ұжымның басым бөлігі жастар болғандықтан, бұл қарекетіміз іске жарап тұр. Біреулер пәтер алуға қажетті алғашқы жарналарын, басқа да керек-жараққа деген қаржыны осы қордан алады. Өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүретіні белгілі. Мұндайда материалдық көмек көрсетіледі. Бірге қуанып, бірге қайғырамыз.Ұжымда 50-ге жуық қызметкер бар. Демалыстағы 13 жас ананың орнына жастар алып, тәрбиелеудеміз. «Дидар» телеарнасы аналогты, сандық таралыммен жұмыс істейді. Жеке сайтымыз бар. Соңғы жетістігіміз - IDTV жүйесіне қосылдық. Демек, байланыстың талшықтық оптикалық сызығы  арқылы республикаға хабар таратудамыз. Бұл кәсіби мамандар қашанда қажет деген сөз. IDTV жүйесіне арналған жаңа жобалар әзірленді. Осыған орай  аудан, қалалармен тікелей байланыс орнатпақшы ойымыз бар. Сондықтан, көрермендеріміздің құлағы түрік жүрсе екен дейміз. Бірнеше жыл бұрын ашылған сайтымыз www.didartv.kz Жезқазған-Ұлытау аймағы туарлы үзбей ақпарат таратып келеді. Елмен бірге алыс-жақын тарихи отанына көшкен, бұрыyғы жерлестеріміз де хабарласып жатады.

Аймақтық телеарнаның қандай мәселелері бар?

«Дидар» телеарнасы мемлекеттік тапсырыс та орындайды. Әр көрерменді әріптесіміз деп санаймыз. Өйткені, олардың басым көпшілігі біздің ақылы мәліметімізді пайдаланушылар. «Жұмадағы жүздесу», «Жезкиік», «Шыңдағы шынар», «Көкейтесті», «Салмақты сөз», «Мерей», «Рухани қазына» және т.б. танымдық хабарлар бар. «Дидар» телеарнасы эфирге 8:00-24:00 сағат аралығында 5 мәрте жаңалықтар топтамасымен шығады. Мұның біреуі сурдоаудармамен. Сонымен бірге облыстық және кейбір республикалық телекомпаниялармен әріптестік қарым-қатынасымыз бар. Жезқазған аймағынан жаңалық сұраса жанымыз қалмай жәрдем береміз.

-Теларнаның жеткен жетістіктері қандай?

Бірде әлемнің біраз елдеріне тарайтын ресейлік НТВ телеарнасынан тапсырыс келіп түсті. Әйгілі актер Олег Янковский қайтыс болыпты. Материал керек. Сол кездегі редактор марқұм Құнанбай Төлеуов бастаған түсіру тобы бір тәуліктің ішінде атақты жерлесіміздің тамыр-таныстарын іздеп, тіпті үйінің орнына дейін тауып салмақты, бес минуттық сюжет дайындап берді. Янковскилер отбасы отызыншы жылдары Жезқазғанға жер аударылған екен. Сол сюжет мінсіз жасалғаны сонша іле-шала НТВ жаңалықтарынан еш өзгеріссіз берілді. Ұжымда қатарының алды болып еңбегінің жемісін көріп жүргендер аз емес. Олар, Төлеш Асанов, Мақпал Орынбетова, Елдос Көкенов, Маржан Ғабсаттар, Гүлшаһира Серекбаева, Бақытгул Акпарова, Нұрлан Исмайлов, Думан Оразов, Нұрбол Үздікбаев, Таңат Ысқақов және т.б. «Дидардың шекпенінен шыққан біраз қыз-жігіттер ел аузына ілігіп, жан-жақтан шақыртулар алды. Ләйлә Нұрғалиева «Қазақстан-Қарағанды» экранының шырайын кіргізсе, Гүлнұр Жәкен «Бірінші Қарғанды» арнасында дикторлық қызметте. Мақсұт Сарыбаев «Евразия бірінші арансы» телеарнасының Қарағанды облыстық бөлімшесінде жұмыс жасайды. «Хабарда» Дамир Галиев, «Қазақстанда» Нұрлан Әбілдин еңбек етсе, «КТК-да» Нұрболат Құлманов қызмет істеді. Олардың бірі редактор, бірі хабар авторы, бірі беделді бейнеоператор. Тәулік бойы ақпарат тарататын «24KZ» телеарнаында Арман  Әмен бар. Телеарна жұмысының жілігін шағып, майын ішкен Ерсін Мұсабеков бүгінде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары. Биыл журналистер мееркесі қарсаңында Қарағанды облысындағы 200-ге жуық бұқаралық ақпарат құралының ішінде облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының бас жүлдесі – 1 миллион теңгені «Дидар» телеарнасы жеңіп алды.

«Дидар» телеарнасының жекеменшік қолға сатылуы республикада үлкен резонанс тудырды. Телеарнаны неге сатылымға қойды? Неге ол қоғамда үлкен толқу туғызды?

Жоғарыда «Дидар» телеарнасының шаруашылығы мен шығармашылығынан қысқаша дәйек келтіріп, шолу жасаған болдық. Осылай өз күнін өзі көріп келе жатқан «Дидар» телеарнасы соңғы жылдары 2-3 мәрте кәсіпкерлерге сатылып кете жаздады. «Дидар» мемлекеттік лицензиясыз қалып, жабыла жаздағанда, құрал-жабдыққа зар болып, жалақыға жарымай жүргенде жалғыз тірек ұжым болды. Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен 2014-2016 жылдары 35 бұқаралық ақпарат  құралы жекешендіріледі. Сол тізімнің өкпе тұсында Ұлы даланың «Дидары» болды. Осы Қаулы негізінде Жезқазған қаласының әкімдігі «Дидар» телеарнасын 2016 жылдың 30 желтоқсанында сатып тынды. Содан бір жылдан астам соттасып, Қарағанды облыстық соты сауда-саттықты заңсыз деп тапты. Бұл шешім Жоғарғы сотта бекіді. Бір өкініштісі, осы аралықта ұжымның шығармашылық қызметі біршама тоқырап қалды. Ойдағы хабарлар орындалмай қалды. Сол ахуалды әлі түзеп жатырмыз.

Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізде сәттілік болсын!

Қоғам қопарылған Қазан төнкерісі тұсында «күн көсем» В.И. Ленин  әуелі телеграф пен пошта байланысын басып алуды көздеген екен. Нарық заманында өңірдегі ақпарат саласының көшбасшысы болып, бәсекелестікке төтеп беру оңай дүние емес.  Алпыстың асқарына көтерілген «Дидар» арнасы ақпарат айдынында өңірдің өндірісі мен өнерін, өнегесі мен өмірін айшықтап келеді.

Ләззат Қожахметова

Қарағанды облысы