Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Қазақстанда аккредиттелген шетелдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесудің жақсы дәстүрге, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтатын маңызды шараға айналғанын атап өтті.
– Осы басқосуда Қазақстанның даму бағдарына, ішкі-сыртқы саяси басымдықтарына баса мән бергіміз келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 70 елшілік және 30 халықаралық ұйым өкілдігі бар. Еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер алдағы уақытта да көбейе түседі деп үміттенеміз. Осы орайда Беларусь және Оңтүстік Корея елшіліктері жаңа ғимаратқа көшкенін атап өткім келеді. Елорда төріндегі жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Дипломатия саласында көп жыл еңбек еткендіктен, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін өте жақсы білемін. Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймын. Қазақстанға деген ізгі ниеттеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы бұл кездесудің Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні сияқты маңызды мерекелер қарсаңында өтіп отырғанын, алда Рождество мен Жаңа жыл демалыстары да жақындап қалғанын айтты.
– Бұл – өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындайтын кезең. 2019 жыл Қазақстан үшін өте маңызды болғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуі үшін тарихи шешім қабылдады. Өткен Президент сайлауы саяси жүйеміздің тұрақтылығын және демократиялық даму жолымыздың мызғымастығын бүкіл әлемге танытты. Менің атыма құттықтау жолдаған мемлекет басшыларына және халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне ризашылығымды білдіремін. Биліктің бейбіт жолмен берілуі Қазақстанды тың серпінмен дамытуға мүмкіндік тудырды. Біз Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған дамудың стратегиялық бағдарынан айнымай, Сабақтастық, Әділеттілік, Өрлеу құндылықтарына берік боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елшілерге қарата сөйлеген сөзінде жаһандық және өңірлік процестердің тез құбылуына байланысты біздің еліміз де өзгеріп жатқан жағдайларды қаперде ұстап, одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың тиімді жолдарын іздестіруі керек екенін атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында және Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген бағыттарға тоқталды.
– Қазақстанның демократиялық дамуы үздіксіз жүріп жатқан үрдіске айналды. Біз еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жан-жақты теңгерімді саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асырамыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше жетекші елдердің стандарттарына басымдық береміз. Сондықтан Үкімет осы мақсаттарға қол жеткізу бағытында батыл да нық қадамдар жасауда. Қазақстан үшін мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына сүйенеді. Сонымен қатар мемлекеттің тұрақтылығы азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы сындарлы қатынастарға тікелей байланысты. Дәл осы себепті қоғамдық диалогты одан әрі дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы жазда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын білесіздер. Бұл кеңес – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру процесін жеделдететін құралдардың бірі. Басқаша айтқанда, біз азаматтардың өмірлік маңызды сауалдарына мемлекеттің тиімді жауап қайтаруын қамтамасыз етеміз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде қоғамдағы пікірлердің әр алуандығын қолдайтынын, саяси партияларды дамытуды құптайтынын, азаматтарымыз өз пікірін ашық білдіруге және сөз бостандығын толығымен қолдануға құқылы екенін айтты. Ол бұл сөзіне дәлел ретінде бүгінде бейбіт митингілер өткізуді реттейтін заңнамалық нормалардың қайта қаралып жатқанын, барлық мемлекеттік органның есептілігін арттыру мақсатында азаматтық институттардың рөлін қолдау бойынша белсенді жұмыс қолға алынғанын, қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттардың жұмысына жаңа серпін беріліп жатқанын айтты. Бұған қоса барлық деңгейдегі – Президент Әкімшілігінен бастап ауыл әкімдеріне дейін қоғаммен кері байланыс тетіктерінің жолға қойылғаны, әкімдердің жұмысын жергілікті тұрғындар бағалайтыны мәлімделді.
– Атқарушы билік органдары кезең-кезеңмен жаңартылып, өзгеріп жатыр. Бүгінде жас мамандардың Президенттік жастар кадрлық резерві құрылып, жақын арада іске қосылмақ. Мемлекеттік органдардың қызметінде бюрократиялық рәсімдерді жою бойынша бірқатар нақты іс-шара әзірленді. Мысалы, біз цифрлы мемлекеттік қызметтерді енгізу саласында бірқатар оң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл қадамдар қазақстандық азаматтарға ғана емес, сондай-ақ біздің шетелдік қонақтар мен туристерге да пайдалы болмақ. Жақында менің Үкіметке шетелдіктерді көші-қон басқармасында тіркеуден бас тарту туралы тапсырма бергенімді білесіздер. Жыл соңына дейін біз бұл мәселені шешеміз және шетелдік қонақтардың елімізге келуі үшін қазіргі бюрократиялық кедергілерді алып тастаймыз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент құқық қорғау және сот жүйесін реформалау туралы айта келіп, мемлекеттің әл-ауқатын арттыру ісі аталған институттарға деген халықтың сеніміне байланысты екеніне тоқталды.
– Мемлекеттік аппараттың саяси тұрақтылығы мен тиімділігін экономикалық өсімнен бөліп қарауға болмайды. Бұл бағытта бірқатар жетістік бар. 2019 жылдың 10 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4 пайызға өсті. Doing Business-2020 рейтингінде Қазақстан 25-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде еліміз 55-орында тұр. Алдағы бес жыл ішінде халықаралық рейтингтегі позициямызды айтарлықтай жақсартуды жоспарлап отырмыз. Алда экономикамызды одан әрі әртараптандыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Оны табысты іске асырмай, біз қазіргі заманғы, өзін өзі қамтамасыз ететін және орнықты экономиканы құра алмаймыз. Қазір Үкімет өнеркәсіптің жоғары технологиялық және шикізаттық емес салаларын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беруде. Қазақстанның гүлденуінің тағы бір кілті тұрақты және дамыған қаржы секторын құру болып отыр. Бұл мәселеде «Астана» халықаралық қаржы орталығына үлкен үміт артамыз. Соңғы екі жылда орталық платформасына 285 компания тіркелді. 2020 жылдың соңына қарай біз бұл көрсеткішті 500-ге жеткізуді көздейміз, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет цифрлы инфрақұрылымды дамытуда белсенді жұмыс атқарып жатқанын, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі іске қосылғанын мәлімдеді.
– Еліміз алдына шетел инвестициялары үшін барынша қолайлы жағдай жасау міндетін қойып отыр. Осы бағытта қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және барлық әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс жалғасады. Отандық бизнес-қоғамдастықты, ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөнінде белсенді шаралар қабылдануда. Келесі жылдан бастап микро және шағын кәсіпкерлер кез келген салықтардан босатылады. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін бұрын-соңды болмаған қаражат бөліп жатырмыз. Биыл несиелік рақымшылық жарияланып, 500 мыңнан аса қазақстандықтың несиелік қарызы мемлекет тарапынан жабылды. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет және біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Еліміздегі экономикалық өсудің тиімділігін Қазақстанның әрбір азаматы сезінуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы зор мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы жағдайлар да қолайлы болуы керек екенін айта келіп, 2019 жыл біздің еліміз үшін халықаралық деңгейдегі көптеген табысты кездесуге толы болғанын атап өтті.
– Мен сындарлы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға ресми сапармен бардым. Келіссөздер өте нәтижелі өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық одақтың, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммиттеріне қатыстым. Жыл соңына дейін Қырғызстан Республикасы мен Германияға сапарларым жоспарланып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, сөз сөйлеп, соның аясында бірқатар елдің басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Биыл Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасы, Грузия, Армения, Моңғолия, Беларусь және Швейцарияның мемлекет және үкімет басшылары келді. Осы сапарлар мен кездесулер өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындауға жақсы мүмкіндік тудырды. Осы жылы біз Болгария, Латвия, Эстония, Сербия, Словакия, Португалия, Швейцария астаналарына тұрақты резиденциясы бар елшілерді жіберіп, шетелдегі дипломатиялық инфрақұрылымды едәуір кеңейттік. Бұл процесс өзара түсіністік ұстанымын ескере отырып жалғасын таба береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық үшін бұрынғыдай ашық екенін, стратегиялық серіктестермен және барлық мүдделі елдермен конструктивті әрі теңгерімді ықпалдастық орнату саясатын жалғастыра беретінін атап өтті.
– Сыртқы саясатымызда жаһандық конфессияаралық келісімге, төзбеушілік және радикализм идеологиясын таратуға қарсы күреске баса мән береміз. Біз өңірлік және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған конструктивті бастамаларды ілгерілетеміз және қолдаймыз. Бұл, ең алдымен, азиялық және еуроазиялық қауіпсіздікті нығайту, ядролық және террористік қауіп-қатерлердің алдын алу, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей Федерациясымен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақ және Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынас орнату Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыты болып қала береді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары аясында көпжақты ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі кеңесі, экономикалық ынтымақтастық ұйымы сияқты салмақты бірлестіктер шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылды дамыту маңызын жоғалтпайды.
Кездесу соңында қалыптасқан дәстүр бойынша дипломатиялық корпустың дуайені – Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасов сөз сөйледі.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»