• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қараша, 2019

Дариға Назарбаева ерекше актерлер театрының жас әртістерімен кездесті

192 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева мен сенаторлар ерекше актерлер театрының «Біздің қанымыз бір» спектаклінде болды. Бұл туралы Парламент палатасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Ұлттық Дельфий комитетінде туындаған ерекше театрды құру идеясы Жастар жылы жүзеге асқан болатын. Дамуында ерекшеліктері бар 12-22 жас аралығындағы 50 жас актер осы жобаның арқасында театр әлеміне – өнер өлкесіне қадам басып, қойылымға қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл қаласынан келген ерекше актерлер театры «Дегдар» қайырымдылық қорының қолдауымен Нұр-Сұлтанда өнер көрсетті.

Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» повесі қойылымның негізі болған еді. Актерлердің қимыл қозғалысқа толы ойыны құлағы естімейтін әрі мылқау бала бейнесінің қоршаған ортамен қақтығысы арқылы елдегі осы заманғы көріністерді шынайы көрсетеді. Қоғамымыздағы дамуында ерекшеліктер бар адамдар сияқты кейіпкерге де джунглидегі қиындықтарды жеңуге тура келеді.

Сенат Төрағасы спектакльден кейін актерлермен және театр басшыларымен кездесіп, әлеуметтік жобаға қатысушыларға алғыс айтты. Дариға Назарбаева спектакльден алған әсерлерімен бөлісіп, балалардың шеберлікпен сомдаған ойынын ерекше атап өтті.

«Осы театрдың ғұмырлы әрі тұрақты болғанын, бүкіл елімізде осындай театрлардың ашылғанын қалаймыз. Бұл қолдауды әрі дамытуды қажет ететін тамаша жоба. Сіздердің әрқайсыларыңыз айрықша дарын мен зор әлеуетке ие ерекше баласыздар», - деді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева кездесу соңында Сенат депутаттарымен, мемлекеттік органдардың және жоба басшыларымен бірлесе отырып, қоғам мен мемлекеттің жастар мен балалардың әлеуметтік және еріктілер жобаларын қолдау мен дамытуға арналған жүйелі қадамдарын талқылады.